Саясат • 03 Ақпан, 2022

Джонсонға тықыр таянды

187 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсонның басы тағы да дауға қалды. Коронавирус пандемиясы кезінде жарияланған локдаунға қарамастан «Даунинг стритте» салтанатты кештер өткізгені үшін оны Тұманды Альбионның тұрғындары ғана емес, партияластары да сынға алды. Тіпті оған сенімсіздік білдіріп, қызметінен кетуді талап еткендер де бар.

Джонсонға тықыр таянды

Мәселе былай басталған еді. Былтыр, яғни 2021 жылғы 30 қарашада Daily Mirror басылымы «Даунинг стриттің» кейбір қызметкерлерінің карантиндік талаптарды бұзғаны туралы ақпарат таратты. Олар 2020 жылғы қараша және желтоқсан айларында бірнеше кешке қатысқан көрінеді. Сондай жиындардың біріне премьер-министр Борис Джонсонның да келгені айтылды.

Ал ол кезде Ұлыбританияда қатаң локдаун енгізілген-тұғын. Соған сәйкес қатысушылар саны 6 адамнан асатын кез келген басқосуға тыйым салынды. Daily Mirror-де әлгі мақала жарияланғаннан кейін Б.Джонсон әрдайым карантин талаптарын сақтап жүретінін алға тартқан-ды. Премьер-министрдің баспасөз қызметі мұндай іс-шараның болғанын жоққа шығарды.

Сенсациялық жаңалық таралған соң басқа да медиа өкілдері оған ерекше назар аударған. Сөйтіп, Тұманды Аль­бион­дағы бұқаралық ақпарат құрал­дары «Даунинг стриттің» мәселесін май­шаммен қарауға кірісті. Мәселен, BBC агенттігі желтоқсандағы басқосуда ішімдік ішіліп, ойын ойналғанын хабарлады. Financial Times газеті де жиынның болғанын растады.

Мұндай жаңалық ағылшын қоғамын бей-жай қалдырған жоқ. Өйткені жиындар елде қатаң локдаун жарияланған кезде өткен. Халықты сақтануға шақырып, өздері мамыражай тойлатып жүрген шенеуніктердің әрекеті сынға алынды. Премьер-министрдің баспасөз хатшысы басқосуда әлеуметтік қашықтық сақ­талып, карантиндік талаптар орын­дал­ғанын алға тартты. «Даунинг стрит­тің» айналасында жүрген басқа да қыз­мет­керлер заңсыздыққа жол берілмегенін дәлелдеуге талпынған.

Желтоқсанда дәлелді видео жария­лан­­бағанда, ағылшын шенеуніктері осы­­лайша жауапкершіліктен құты­лып кетер ме еді, кім білсін? 7 желтоқ­­санда ITV арнасы «Даунинг стрит­тің» бас­па­сөз хатшысы Аллегра Страт­тон­ның әріп­тес­­терімен Рождество кешін тойла­ға­ны туралы әзілдескені көрсетілген видео жария­лады. Сондай-ақ The Guar­dian, Times басы­лымдары да оқи­ғадан шет қал­ған жоқ. Аталған га­зет­тер өз­дерінің дерек­көздеріне сү­йе­ніп, кеш­тің қалай өткенін егжей-тегжейлі жариялады.

Осы видео жарияланғаннан кейін Аллегра Страттон өз еркімен қызметі­нен кетті. Сонымен қатар кешке қа­тыс­қан Шон Бэйли де Лондон ассамб­лея­сының полиция және қылмыс комитетінің төрағасы қызметінен босады. Биылғы қаңтарда карантиндік талаптар сақталмаған жиындарға 30-40 шенеуніктің қатысқаны белгілі болды.

Борис Джонсон содан соң ғана бас­қосуға қатысқанын растап, кешірім сұра­ды. Сонымен қатар ол ханзада Филип­тің жаназасы шығардан бір күн бұрын «Даунинг стритте» көңілді жиын өткізгені үшін де патшайым Елизавета II-ден ғафу өтінді. Ол кезде де Англияда қатаң локдаун жарияланған еді.

Бұл аз десеңіз, бүкіл ел карантин талаптарына мойынсұнып жүргенде «Даунинг стрит» Борис Джонсонның туған күнін дүркіретіп тойлапты. Анг­лиядағы бұқаралық ақпарат құрал­дары салтанатты кештің қалай өткенін тәптіштеп баяндап берді.

Мәселен, туған күнге арналған бас­қосуға 30-ға жуық адам қатысқан екен. Мей­мандардың арасында премьер-министр­дің пәтеріне жөндеу жұмыс­тарын жүргізген атақты дизайнер Лулу Лайтл бар. Дизайнерге ерекше тоқта­луының себебі мынада. Оның Б.Джон­сонның пәтеріне жасаған жөндеу жұмы­сы қоғамда қызу талқыланған еді. Әйт­се де «Даунинг стрит» премьер-ми­нистр­дің пәтерінде өткен кешті жоққа шығарып отыр.

Премьер-министрдің айналасындағы шенеуніктердің коронавирус індетіне қарамастан тойлатып жүргені анықтал­ғаннан соң Министрлер кабинеті арнайы тексеру жүргізуге кірісті. Бастапқыда бұл міндет Министрлер кабинетінің хатшысы Симон Кейзге жүктелген-ді. Бірақ ол да 2020 жылғы 17 желтоқсанда өткен кешке қатысқандықтан, тексеруден шеттетілді.

Сондықтан тексеру Министрлер кабинетінің екінші тұрақты хатшысы Сью Грейге жүктелді. Бір айға созылған жұмыс нәтижесінде 31 қаңтарда Грей ханым 11 беттік алдын-ала қорытындыны жариялады. Соған сәйкес жиынның басым бөлігінде карантиндік талаптар сақталмаған. Кей басқосу үкімет­те жұмыс істейтіндерге тән емес, Ұлыбри­тания халқының үмітін ақтамағаны айтыл­ған. Сонымен қатар жұмыс уақы­тын­да көп мөлшерде алкогольді ішімдік ішілгені де сынға алынды.

Қысқасы, Сью Грей «Даунинг стрит» жіберген кемшіліктерді жіпке тізіп шыққан. Ол қорытындының бір көшірмесін Борис Джонсонға жіберсе, екіншісін Парламентте таныстырды.

Баяндама жарияланғаннан кейін депутаттар Б.Джонсонның мәселесін майшаммен қарағанын айта кеткен жөн. Халық қалаулыларының алдында әбден терлеген премьер-министр тағы да кешірім сұрап, кеңсесінде өзгеріс жасайтынын айтып уәде берді.

«Кешірім сұраймын. Бәрін түсіндім, түзетемін енді. Жиынды өткізгеніміз үшін кешірім сұраймын», деді ол.

Негізгі оппозициялық лейбористер партиясының жетекшісі Кейр Стармер оның өзінен басқалардың бәрін кінә­лай­ты­нын сынға алып, Б.Джонсонды отстав­каға кетуге шақырды. «Премьер-министрдің өзі қазір қылмыстық тергеу­ге тартылып жатқанына күмән жоқ», деді Стармер.

Қазіргі таңда полиция тергеп жатқан оқиғалардың қатарында 2020 жылдың маусымында өткен Б.Джонсонның туған күніне арналған кеш және 2021 жылдың сәуір айында ханзада Филипті жерлеу қарсаңында өткен екі жиын бар.

Депутаттар алдында Борис Джонсон өзіне тағылған айыптарды жоққа шыға­рып, қызметінен кетуге ниетсіз екенін мәлімдеді. Дегенмен оның орын­тағы­нан бас тартатын кезі жақын­дап қалған сы­ңайлы. Өйткені осы оқиғалар­дан кейін Джон­сонның халық алдында да, парла­мент алдында да абыройы төмендеп кетті.

Тіпті партияластарының өзі оның әрекетін сынға алды. Мәселен, консер­вативтік партиясының кейбір заңгерлері Сью Грейдің зерттеуі Джонсонның өтірік айтқанын анықтаса, оған сенімсіздік біл­діру мәселесін қарайтынын хабарлаған.

Таяуда аталған партияның депутаттары сенімсіздік білдіру хатын жолдады. Негізі олар премьер-министрді ашық сынауына болмайды. Бірақ Джонсонның әрекеті премьер-министрдің беделіне нұқсан келтіргендіктен, осындай қадам­ға барған.

Депутат Питер Олдос премьер-министрге сенімсіздік хатын тапсырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл елдің де, үкіметтің де, консервативтік партияның да мүддесі үшін қажет. «Жан-жақты ақпарат жинап, жағдайға қаныққаннан кейін премьер-министр отставкаға кетуі керек деген қорытындыға келдім», деп жазды Олдоус туиттерде.

Каршалтон мен Уоллингтон аймағы­нан келген депутат Эллиот Колберн шыдамы таусылғанын айтып, сенімсіздік білдіргендер қатарында болғанын ишаралады. «Егер мен премьер-министр болғанымда, қызметімнен кетер едім», деп жазды ол.

«Борис Джонсонның елді басқаруға моральдық құқығы жоқ. Алда-жалда тағы бір төтенше жағдай бола қалса, қоғамнан әрекет етуді сұрауға оның құқығы жоқ», дейді Эндрью Бриджн.

Егер Консервативтік партияның Бюро мүшелері комитетінің басшысы Грэм Брэдиге 54 депутат сенімсіздік білдір­ген хатын табыстаса, онда партия­ның ішінде дауыс беру өтеді. Соған сәйкес Борис Джонсонның қызметтегі тағдыры шешіледі. Әзірге партияның 17 депутаты ғана мұндай қадамға барған.

Қорыта айтқанда, қарапайым көңілді кештен басталған дау Борис Джонсон үшін қиынға тиетін түрі бар. Премьер-министрдің беделі Консервативтік пар­тия­сы­ның ішінде де «шайқала» бас­тағанын ескерсек, оның қызметімен қоштасуына көп уақыт қалмаған секілді.

 

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024