Қазақстан • 04 Ақпан, 2022

Адал сөйлеу – ардың ісі

263 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Хабар» арнасына берген сұхбатында көп мәселе көтерілді. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы қаңтардағы қаралы оқиғаға қатысты ойларымен бөлісті.

Адал сөйлеу – ардың ісі

Содырлардың әрекеті берекені бірліктен, табысты еңбектен іздейтін халқымыз үшін күтпеген жай, ауыр соққы болғанын, оның зардабы бүгін де, ертең де сезілетінін, жарасы тез жазыла қоймайтынын айтты. Бірақ Мемлекет басшысы бұл қиындықты еңсеру үшін жұдырықтай жұмылу­дың қажеттігіне ерекше тоқталды. Еліміздің іші даудан, сырты жаудан аман болуы, қалыпты бейбіт өмірге тезірек оралу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіс екенімізді айтты. Халықтың қалауы да осы. Бәрі­міз де еліміз тыныш болса екен, сан ғасырлық тарихында мың өліп, мың тірілген, ел басына күн ту­ған сын сағаттарда ерлігімен, өрлі­гімен тұтастығын сақтап, талай қатер­лерден аман өтіп келе жатқан қазақ­тың басына үйірілген қара бұлт тезірек сейілсе екен дейміз. Солай боларына сенеміз.

Мемлекет басшысы жауапкер­ші­ліктен жалтарған жоқ, ашығын айтты, өзін бейбіт шерушілерді атуға бұй­рық берді деп сынап жат­қан­дарға жауап қайтарды. Шынын­да, ел іші аяқастынан осылай ала тайдай бүлінеді деп кім ойла­ған?! Қазір белгілі болып отырға­нын­дай, арам ниетті адам­дар қа­лып­тасқан жағдайды өз мақсат­тарына пайдаланбақ болды. Ақыл-ой­дан озбырлық озып, жалдамалы жанал­ғыштар халық игілігіне қол көтерді – адам өлтіріп, мекемелерді қиратты, өрте­ді, дүкендерді тонады. Бейбіт өмір­ге қарсы соғыс ашты. Өкінішке қарай, қанқұйлы «қаңтар оқиғасында» талай боздақ қаза тапты. Ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекеттігімізге қауіп төнді. Тәуелсіздік былай тұрсын, елден, жерден айырылып қала жаздадық. Міне, осындай аса күрделі жағдайда Пре­зи­дент қалыптасқан ахуалды дұрыс бағалап, тығырыққа тірел­ген елді, ха­лық­­ты қорғаудың пәр­менді шара­ларын қабылдап, жедел жүзеге асыр­ма­ғанда алдын ала жан-жақты ойлас­ты­рылған, мұз­дай қаруланған содыр­лар­дың сой­қаны неге әкеліп соқтыра­тынын бол­жау­дың өзі қиын еді. Осы ретте Мемл­екет басшысының елде төтен­ше жағ­дай жариялауы бірден-бір ұт­қыр шешім болғанын айтуға тиіс­піз. Пре­­зи­денттің табандылығының, ерік-жі­гері­нің, батыл қадамының ар­қа­­сында ар­найы дайындықтан өткен, іс-қимыл­да­ры шебер үйлес­тіріл­ген, араларында түр­лі қарулы қақтығыстарға қатысу тәжі­ри­бесі бар лаңкестердің шабуылына тойтарыс беріліп, қалыпты өмірімізге оралдық.

Президенттің «Мәжілісте бір­неше мықты партия болуға тиіс» деген сөздері көңілімнен шықты. Сөз жоқ, осындай өз­герістер саяси мәде­ниет деңгейін көтеріп, саяси тұлғаларды тәрбиелеуге жол ашады. Мен өзім де сол ортада бол­дым, жағдайға қанықпын. Алдағы уа­қыт­та Парламентті түбегейлі реформалау керек. Менің ойымша, Мәжілісті тек партиялардың өкілдерінен ғана жасақтау дұрыс емес. Жеке азаматтардың округтерден дауысқа түсуіне мүмкіндік берілгені жөн. Сонда ғана бәсекелестік болады. Әйтпесе, біздегі «қуыршақ партия­лардың» балалығы тым ұзақ­қа созылып кетті.

«Қалай дегенмен де, мен Қазақстан Президенті ретінде қаншалықты ұзақ бола­тынымды білмеймін. Бірақ Консти­туция бойынша екі мерзім­нен артық отыр­майтынымды нақ­ты білемін. Яғни ешқандай заң­ды, әсіресе Конституцияны қолдан өз­гер­ту болмайды», деді Мем­лекет басшысы. Президент айтты, сөзін­де тұруы керек. Тек ертең уақыты кел­генде «жоқ, сіз кетпеңіз, сізсіз біз ел бола ал­маймыз» деп шығатындардың табы­луы ғажап емес. Осы ретте Қасым-Жомарт Кемелұлы сөздің бір ұшын қо­ғам­­дағы ахуалды сауықтыруға әркез оң әсер ете бермейтін қазақ зия­лыларына тигі­зіп өтті. Өте орынды айтылған сөз. Бұл өзі қазақтың бойына сіңген жаман қа­сиет. Президент былай тұрсын, кәдім­гі ауыл-аймақта өтіп жататын кішігірім той­­­лар­дың өзінде бір-бірімізді асыра ма­қ­­тап, жарысқа түсіп кететініміз өтірік емес.

Тарихта уақыт көмескілей алмайтын оқиғалар болады. «Қасіретті қаңтар­да» Қазақстан тарихына да осындай дақ түсті. Осылай отыз жыл бойы «Қазақстан – бірлік пен тыныштықтың бесігі!» деп кел­ген мақтанышымыздың күлі көкке ұшты. Күндердің күнінде осы сой­қан­нан келген залал мен зардаптың есебі шығарылар, кінәлілер табы­лып, жазаланар. Бірақ онымен мәсе­ле шешілмейді. Осы қанды оқиғадан сабақ алуымыз, болашақта оның қай­та­ланбауына кепілдік беретіндей қоры­тынды, қадамдар жасауымыз керек. Мұның елдің әрбір азаматына – жасына да, кәрісіне де қатысы бар.

 

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

қоғам қайраткері, журналист

 

ПЕТРОПАВЛ