Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев спорт саңлақтарымен кездесіп, мемлекет тарапынан денешынықтыру мен спортты белсенді түрде дамытуға жан-жақты қолдау көрсетіліп жатқандығын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әр уақытта спортты, күресті қолдаймыз. Спорт саласы қолдау тапса, саңлақтар шыңдалып, ел абыройын көтереді. Бүгінде жамбылдықтар өзінің спорттық жетістіктерімен ауыз толтырып мақтана алады. Әулиеата өңірінен осы күнге дейін атағы алысқа тараған чемпиондар мен рекордтарды жаңартқан шоқтығы биік талай спортшы шыққан. Жерлестеріміз түрлі деңгейдегі жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізуде», деді ол. Сонымен қатар спортшылар мемлекет тарапынан көрсетіліп келе жатқан қолдауға алғыс білдіріп, еліміз бен облысымыздың спортын жаңа белеске шығаруға аянбай еңбек ететіндіктерін жеткізді. «Пәтер сыйлап, қолдау білдіріп жатқандарыңызға мың алғыс. Алдағы уақытта да жеңіс тұғырынан көріну үшін барымды салатын боламын. Енді Алматы қаласына барып, арнайы тексерістен өтемін. Содан соң Қырғызстанның Шолпан ата қаласында оқу- жаттығу жиынын өткізіп, биыл өтетін Азия ойындарында, алдағы Әлем біріншілігінде үздік атануға күш саламын», деді Нұрдәулет Жұмағали.
Қос спортшыға пәтер Тараз қаласындағы 15-шағын аудандағы тұрғын үйлерден беріліп отыр.
Жамбыл облысы