Әскери қызметтерде аға буын жандардың ұстаздық тәрбиесі мен шуақты шарапаттарының жас мамандарға тиетіндігі табиғи құбылыс. Жеке басының қамқорлығы, ағалық қасиеттері дараланған сондай жандардың бірі – Құнанбай Ханафияұлы Бекжанов. Ол 1944 жылы Ресей Федерациясындағы Омбы облысының Шарбақкөл ауданында өмірге келген.
Тағдырдың жазуымен Құнанбай Ханапияұлымен 1988 жылдан бері таныспын. Ол кезде полковник Құнекең Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Жезқазған облыстық басқармасы бастығының орынбасары қызметінде еді. Бұл өңір Арқаның ең бір аумағы кең, экономикасы дамыған аймағы болғандықтан, қызметтің де жауапкершілігі мол болатын. Ертеректе әскери жоғары училищені аяқтап, КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің әскери қарсы барлау арнайы мектебінен өтіп, Германия, Ауғанстанда қиыншылығы мол қызметтерді басынан өткерді.
Жаратылысынан қабілетті азамат жаңа қызметі, яғни, Жезқазғандағы жергілікті атқару жүйесімен, облыстық партия аппаратының басшылығымен қоян-қолтық араласып, өзіне жүктелген қызметтік міндеттерін өте жоғары деңгейге жеткізді. Аз уақыт ішінде бірге істеп жүрген әріптестерімен, қарамағындағы жұмысқа жаңадан келген жас қызметкерлермен дұрыс қарым-қатынас орнатып, күрделі де жауапкершілігі зор жоғары лауазымдық қызметінде үлкен абырой иесі бола білді. Тумысынан инабатты, мейірімді жаратылған, сонымен бірге, бойында өзіне тән жарасымды қаталдығы да бар полковник ағамыздың әрбір істеген істері, аузынан шыққан сөздері көз алдымызда айнадай жарқырап, бәрімізге үлгі-өнеге болды. Жоғары лауазымдағы қызметінде Құнанбай Ханафияұлы көрінетінінен көрінбейтіні көп құпиясы терең жедел-іздестіру қызметінде үздіксіз ізденістер бағытын ұстанды. Күнделікті іс-әрекеттерінде кейбір кемшіліктердің көздерін тауып, ертеңгі күні сол саланың оңалып, алға басуына қайратқа толы қажырлы іс-әрекеттерін бағыштады. Аз уақыт ішінде ауқымды аумақтың айтулы азаматы мәртебесіне жетіп, тіпті осы күнге дейін айтылып жүрген игілікті істері арқылы артына өнегелі із қалдырды.
Еліміз егемендік алған кезеңде Құнанбай аға алғашқы азаматтардың бірі болып жаңа құрылған республикалық Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери қарсы барлау жүйесінің бастығына тағайындалды. Одақ кезінде бұл сала тікелей Мәскеуге бағынатын, тіпті қатардағы қызметкерлер де сол жақтан келуші еді. Осыған қарап-ақ, Құнанбай Ханафияұлына жүктелген жауапкершіліктің қаншалықты зілбатпан болғандығын біле беріңіз. Десек те, ардақты ағамыз бұл қызметте де ары мен абыройына дақ түсірмеді. Алғысқа бөленіп, қошеметпен басқа лауазымдардағы жоғары қызметтерге ауыстырылды.
Еліміздің жаңадан құрылған Шекара әскерлерінің буынының бекуіне өлшеусіз үлес қосты. Қиын-қыстау кезеңде Шекара әскерлерінің кадрлар басқармасын басқарып, жауапты саланың білікті мамандармен жасақталуын қамтамасыз етті. Ұзақ жылдар бойы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара әскерлері қолбасшысының жедел-іздестіру жұмыстары жөніндегі орынбасары болды. Бұл – жаңадан құрылып жатқан күрделі саладағы жауапкершілігі қара нардың белін опырарлықтай ерекше лауазымдағы ауыр қызметтердің бірі еді. Сүйегі асыл жаратылған ардақты аға мұнда да мықтылығын танытып, «алмастың оңайлықпен мұқалмайтындығын» дәлелдеп берді. Ерліктерге пара-пар батыл істері ескеріліп, 1998 жылы еліміздің Тұңғыш Президентінен генерал-майор әскери шенін алды. Сөйтіп, елі үшін туған ерен ұл екендігін танытты.
Қазіргі кезде терең оймен саралап көрсек, генерал-майор Құнанбай Бекжанов ағамыз бүкіл саналы ғұмырын Отанына қызмет етуге, оның қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуге арнапты. Табиғи болмысымен әріптестеріне үлгі болып, өзінен кейінгі ізбасарлар дайындау ісінде ұлағатты ұстаздығымен танылды. Тәй-тәй басқан тәуелсіз мемлекетіміздің тік тұрып кетуіндегі ұлан-ғайыр істерде жасампаздығымен көрінді. Сүйікті ата-ананың перзенті дәрежесінен әлдеқайда асқақтап, Отанының ұлағатты ұланы, ұлтының мақтанышы деңгейіне жетті. Бұл – нағыз кәсіби маман қол жеткізе алатын биіктік. Ендеше, осы есім мен осы биіктік әрқашан да алыстан жарқырап, Отан дегенде жүрегінің оты лаулаған кейінгі ұрпақ өкілдерін өзіне қарай баурай бермек. Туған халқының есінде сақталмақ!
Егер тірі болғанда, осы күндері генерал-майор Құнанбай Ханафияұлы Бекжанов ағамыздың 70 жылдық мерейтойын дүркірете өткізіп жатқан болар едік. Өкінішке қарай, ажал ағамызды арамыздан ерте алып кетті. Асыл азаматты інілері ұмытпайды.
Әділ ШАЯХМЕТОВ,
генерал-лейтенант,
Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрметті қызметкері.
АЛМАТЫ.