Білім • 04 Ақпан, 2022

Алматылық студенттер еуропалық білім беру жүйесімен танысып қайтты

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында Рига техникалық университетінің Ақпараттық жүйелер менеджменті жоғары мектебінде білімдерін жетілдіріп қайтты, деп хабарлайды Egemen.kz оқу орнының Коммуникация және медиа департаментіне сілтеме жасап.

Алматылық студенттер еуропалық білім беру жүйесімен танысып қайтты

Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының білім алушылары бір семестр көлемінде еуропалық білім беру стандартына негізделген оқу жүйесімен танысуға мүмкіндік алды.

Сонымен биылғы оқу жылында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 17 білім алушысы академиялық ұтқырлық және қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша шетелдің іргелі жоғары оқу орындарында білім алуға мүмкіндік алды.

Атап айтқанда, «Информатика» мамандығы бойынша білім алатын студенттер Латвияның Менеджмент және ақпараттық жүйелер Жоғары мектебінде, «Шетел тілі: екі шет тілі», «Аударма ісі» мамандықтары бойынша білім алатын студенттер мен магистранттар Польшаның Силез Университетінде, «Химия», «Биология», «География» мамандықтары бойынша білім алатын студенттер Түркияның Нийде Өмер Халисдемир Университетінде академиялық ұтқырлық және қос дипломды білім беру бағдарламалары бойынша біліктілігін жетілдірмек.  

Айта кетейік, қазіргі күнде Университетте шетелдік жоғары оқу орындарымен 70-тен астам халықаралық шарт бар.  

Академиялық ұтқырлық бағдарламасын іске асыру мақсатында әлемнің 9 жоғары оқу орнымен келісім орнатылған. Олардың қатарында АҚШ, Түркия, Франция, Ұлыбритания, Польша, Оңтүстік Корея, Ресей сынды мемлекеттердегі жетекші университеттер бар.  

Университет интернационаландыруды дамыту мақсатында АҚШ-тың Миссисипи алқабының мемлекеттік университетімен, Польшаның Силез университетімен және Ресейдің Томск политехникалық университетімен қос дипломды білім беру бағдарламаларын іске асырып отыр.