Ол жайлы әріптестерінің де жылы пікірін еститінмін. Оның ұстазы – академик Қаныш Сәтпаевтың ұрпағы, ғалым Шәмшия Қанышқызының да шәкірті жайындағы жақсы сөздеріне қанықпын. Қарағандының Нұра өзенінің бойындағы елдің тумасы, әкесі белгілі ұстаз болған, үлкен, тәрбиелі отбасынан шыққан. Оның зеректігі, зейіндігі, азамат ретінде жаратылысының, амплуасының кеңдігі кейін оның жас болса да дәрежелі, жауапты қызметтерге көтерілуіне сеп болғаны шәк келтірмейді. Қазақтың ғалымдарының ішіндегі бекзаттық болмысы көрініп тұратын, болмысынан тектілік, зиялылық байқалатын, білімі мен білігінің арқасында ғылымда қайраткерлікке дейін көтерілген тұлға деп танимын.
Ұстаздық, ғалымдық, қайраткерлік қырларымен қарағанда ең алдымен Бейбіт бүгінде республикаға белгілі беделді тұлға, ғалым, оның басқа жұмыстарын былай қойғанда, ғалым ретінде атқарған еңбегі ұшан-теңіз, екі жүзге тарта ғылыми еңбектің авторы. Ол өзінің терең ғалым екенін Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясында жүргенде көрсетті, әдеби мұраларды, соның ішінде, қолжазба қорын жинақтауға көп күш салды. М.Әуезов атындағы Әдебиет институтының мол қолжазба қоры менің де талай зерттеу мақалаларыма көмектесіп, пайдасын тигізген, көптеген қызықты материал тауып, еңбектеріме арқау еткенмін. Еліміздің мәдени-рухани құндылығы «Бабалар сөзі» жүз томдық жарыққа шығарылған қазақ антологиясының арғы-бергі тарихындағы ұлы істің басы-қасында болды. Қолжазбаларды тұншығып жатқан жерінен жарыққа алып шығып, дайындаудың қандай қиямет-қайым жұмыс екенін онымен айналысқан адам ғана біледі. Сондай-ақ ол өткен ғасырдың 90-шы жылдары Түркияда жарық көрген көптомдық қазақ әдебиеті тарихының авторларының бірі. Ол компаративист, әдеби байланыстарды зерттеуші ғалым ретінде отандық әдебиетіміз, мәдениетіміз бен тарихымыздың шетелдерде насихатталуына айрықша үлес қосып келеді. Ғылыми жетекшілігімен көптеген кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғалды. Шәкірттері қатарында Ресей және Қытай елдерінің де ғалымдары бар.
2004 жылы дипломатиялық қызметке жіберіліп, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігінде Кеңесші-Уәкіл болды. Осы кезде елімізді таныта түсетін маңызды гуманитарлық-мәдени жобаларды жүзеге асыруға атсалысты. Москва қаласында қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы мен Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұловаға, Волоколамскіде Кеңес Одағының батырлары Бауыржан Момышұлы мен И.В.Панфиловқа ескерткіш орнатылды. Москвадағы Қазақстан Елшілігінде Абай институты ашылды.
Енді Бейбіттің ғалымдығынан бөлек, ағартушы ретіндегі еңбегі өз алдына бір төбе. Шығыс Қазақстан облысында, Атырау облысында университеттер басқарды, еліміздің шығысы мен батысындағы жоғары оқу орындарының халықаралық байланысының кеңеюіне септігін тигізді. Франция, Ұлыбритания, Польша, Ресей, Корея, Моңғолия, Қытай университеттерімен ғылыми байланыс орнатты. Осы елдердің ғалымдары университетке келіп, дәрістер оқып, ғылыми байланыстар орнықты. Ректорлық қызметінде өзінің дипломатиялық, президент әкімшілігіндегі ұйымдастырушылық, аналитикалық, басқарушылық тәжірибесін елімізге мамандар дайындау ісіне, Қазақстанның халықаралық имиджіне шебер пайдалана білді.
Университет басшысы ретінде ғылыми ортадағы беделін, жастарды тәрбиелеп, жетелеуге қалай күш салғанын көріп-біліп жүрдік. Ол 2012-2016 жылдары Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетіне ректор болып жүргенде елмен, жермен етене араласып, алыс аудан-ауылдарға барып, жағдайларымен танысқанына, үлкенге де, жасқа да бірдей ықылас, ілтипатын білдіргеніне куәміз. Жастарды шетелге жіберіп оқытқаны, ғалымдармен жеке шығармашылық байланысты болып, қамқорлағаны, басқа да игі істері көз алдымызда өтті. Осы кезде алғаш рет Атырау университетінің бір топ жастарын халықаралық «Болашақ» бағдарламасына қатысуына ықпал етті. Университеттің оқытушылары Швейцария, Ұлыбритания елдерінде білім берудегі менеджмент, жаратылыстану ғылыми бағытынан 1 жылдық тағылымдамадан өтті. Бұл өз кезегінде университетте көптілді білім бағдарламасын іске асыруға жол ашты.
Қандай істі бастаса да жүйелі жұмыс болуына мән беріп, оның нақты нәтиже беруіне назар аударатын Бейбіт Баймағамбетұлы Атырау университетінде бірнеше бағытты қолға алды. Алдымен, білім мен тәрбиенің қатар жүруіне, өңірдегі жастардың рухани дүниесі, мәдениеті, білім сапасы, оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне мән берді. Жыл сайын 12 сәуір – ғылым күнінде Атырау қаласының орталық көшесіндегі академик Қаныш Сәтпаев ескерткішіне гүл шоғын қойып, ғылымға арнайы апталық арналып, жетістікке жеткен ғалымдар еңбегі бағаланып, жастардың ғылымға деген құрметі артты. Бұл жақсы дәстүр әлі жалғасып келеді.
Атыраулық академиктер Зейнолла Қабдолов, Салық Зиманов сынды ғалымдардың ғылыми мұрасын насихаттауға аса мән берді. Зейнолла Қабдолов 2000-шы жылдардың басында Досмұхамедов университетінде жұмыс жасап, дәріс бергені мәлім. Қос академиктің ғылыми зерттеу орталығын жандандырып, арнайы аудиторияларын ашты, шәкіртақы тағайындалды. Университет ғылыми кітапханасына жеке кітаптарын сыйға беріп, ректор қоры кітапханасы ашылды. Ғылыми ортада беделі бар «Досмұхамедов оқулары», «Қабдолов оқулары» ғылыми конференциялары халықаралық деңгейге көтерілді.
Салауатты өмір мен бұқаралық спортты насихаттауға мән берген басшы алғаш рет Атырау қаласында Мұғалімдер күніне арналған жеңіл атлетикалық кросс ұйымдастырды. ХХ ғасырдың 60-шы жылдары әлемдегі ең мықты желаяқтардың бірі болған, Европа кубогінің иесі, Кеңес одағының бірнеше дүркін чемпионы әрі рекордшысы, айтулы халықаралық жарыстардың женімпазы, Гурьев пединституттың түлегі Әмин Тұяқовты құрметтеп, университетте жыл сайын өтетін жеңілатлетикалық жарыс дәстүрін бастады.
Білім беру саласында өңірдегі проблемаларды, оның ішінде математика пәнін оқытудағы олқылықтарды анықтап, арнайы зерттеулер жүргізілді. Физика-математика мәселелері бойынша методистердің форумы, ғылыми конференция, танымал математиктерді Алматы, Москвадан шақырып дәрістер өткізу жолға қойылған еді. Математиканы мектепте дұрыс оқытпай, жақсы инженер дайындау мүмкін емес деген профессор Б.Мамраевтың пікірін бүгінгі күн дәлелдеп отыр.
Білім берудегі сабақтастықты жандандыру бойынша облыста алғаш рет колледж басшыларының кездесуін өткізіп, колледждер мен университет арасында меморандум жасалды. Оның негізгі мақсаты – өңірге маман даярлау мәселесі болатын. «Қазақстанның инновациялық экономикасы үшін мамандар даярлау стратегиясы» тақырыбындағы Қазақстан батыс өңіріндегі жоғары оқу орындары кафедра меңгерушілерінің кеңесі алғаш рет ұйымдастырылып, Досмұхамедов университеті базасында өтті.
Жаны жайсаң, сөйлесе турасын айтатын, мәрт мінезді Атырау елі – зипа бойына кісілік қасиет дарыған жандарды танып, көңілі құлап, тілеуін тілеп отыратын халық. Бейбіт мәжіліс депутаттығына кандидатурасын ұсынған кезде Атырау жұрты оған қолдау көрсетті, ол бас қалада отырған кезде де бұл жақтан қол үзіп кеткен жоқ, жиі келіп, жүздесіп, мұң-мұқтаждарын сұрап тұрды. Парламент Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитеттің төрағасы бола, сайлаушылардың ұсыныстарын заңдар даярлау жұмысына тиімді пайдалана білді. Бүгінде мұғалімдердің қоғамдағы орны мен әлеуметтік қорғалуына орасан зор ықпал еткен «Педагог мәртебесі туралы» Заңның да талқылануы мен қабылдануында үлесі зор болғаны атап өту керек.
Сондай-ақ, елде Covid-19 індеті өршіп тұрған кезде, депутат Мамраевтың Атырау өңірінде халықтың ортасында жүргенін көрдік.
Тағы бір штрих. Бейбіт Атырау университетіне басшылық етіп тұрған кезде қызық жағдай болды. Бір күні менің бала күнімнен көңілімде жүрген үлкен арманым бар екенін айтқанмын. Ол – суретшілік болатын. Мен ақын болдым, сазгер болдым, бірақ, сурет салуды ешқашан тастаған емеспін. Мектептің жоғары класын оқып жүргенде, одан Алматыда КазГУ-де білім алғанда сондағы көркемсурет галереясына барып сурет салып жүрдім. Кейін менің суреттерімді көшіріп салып жүрген кіші қарындасым Зейнеп (Зейнеп Түсіпова – авт.) суретші болып, еңбек сіңірген қайраткер дәрежесіне дейін көтерілді. Енді бала күнінен шимайлап сурет салып жүретін Әйгерім деген немеремнің Астанадағы жоғары оқу орнына көркемсурет және дизайн факультетіне оқуға тапсырып жатқанын айттым. Бейбіт немеремді Атыраудағы университетке түсуге шақырған кезде, «сіздерге өзім түсіп оқимын» дедім. Расымен де, біздің ұлы суретшіміз Әбілхан Қастеевтің суретшілігі жайлы сөз қозғағанда оның оқымаған суретші екені айтыла беретіні менің көңіліме қонбай, іштей жақтырмай жүретінмін. Сөйтіп, осы оқу орнына құжат тапсырдым. Қызық болғанда, оны естіп қойып, өздеріне оқуға шақырған басқа университеттер де болды. Бірақ, өз қалауымнан айнымадым.
Оқу кезінде Бейбіт менің ғана емес, өзінің де үлкен арманы жүзеге асқандай ілтипатпен қарап жүрді. Мен диплом жұмысымды 78 жасымда үш бөлімнен тұратын триптихпен Шаймардан Сариев атындағы Атырау облыстық көркемөнер музейінде қорғадым. Бұл картиналарда Алтайдан Атырауға дейінгі ұлан-байтақ қазақ жері, басы Алтай, ортасы Сарыарқа, үшіншісі Еділ мен Жайық бойы бейнеленді. Бір көргенімде Бейбіт Сарыарқаның күзгі келбеті жайлы суретіме қадалып қарап тұрғандай көрінді, «елін сағынып жүрген болар» деп ойладым.
Кейін ол маған интернетті шолып шығып, менің жасымда екінші жоғары оқу орнын бітірген адам жайлы мәлімет кездестірмегенін айтты. Мені сурет өнерінің қыр-сырына үйретіп, баулыған ұстазым жайлы да іздестіріп, мәлімет тауып берген Бейбіт еді. Ол - Борис Михайлович Крабковский 1952 жылдары әйелі ақгвардияшылдың қызы болғандықтан саяси мәселелерге байланысты жер аударылып, Жамбыл облысы Қаратау қаласындағы сол кездегі Сталин атындағы мектепте мұғалім болып жүрген екен.
Әрбір басшының басқару стилінде ерекшеліктер болады. Менің байқағаным, горизонталды басқару әдісін жүргізуі, университеттегі ең бірінші тұлға – ол мұғалім мен студент принципін ұстануы. Кез-келген студенттің жағдайын сұрауы, студенттермен ашық пікірлер жүргізуі, жастар ортасымен үздіксіз ашық кездесулер жасауы оның жұмысының нәтижелі болуына ықпал етті. Университеттің рухы, ұжымдық мәдениет пен өзара сыйластық, сенімділікті нығайтты.
Азаматтың өнегелі өмір жолын жазғанда бүгінге жастарға үлгі болса деген оймен, елге жасаған қызметі мен ғылыми жетістіктерін Бейбіттің 65 жасқа келген мерейлі сәтінде жазып өткенді жөн санадым. Ғалым, қайраткер ретінде берері әлі көп Бейбіттің отбасына амандық, жүзі жарқын, ғұмыры ұзақ болуын тілеймін!
Илья ЖАҚАНОВ,
Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер» ордендерінің иегері, көрнекті композитор, жазушы, музыка зерттеушісі