Қоғам • 06 Ақпан, 2022

Ескірген лифтілер қашан жаңарады?

497 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Еліміздегі көпқабатты тұрғын үйлерде шамамен 25 мыңнан астам лифт болса, соның 4 мыңнан астамы ауыстыруды қажет етеді. Әсіресе, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарындағы тұрғын үйлердің жеделсатылары әбден тозған.

Ескірген лифтілер қашан жаңарады?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Көпқабатты үйде тұратын қала­лық­тардың басты мәселесінің бірі – лифт. Жергілікті атқару органда­ры тұрғын үй шаруашылығына қа­тысты проблемадан қашқақтап, оны шешуді тұрғындардың өздеріне жүк­теп қойғаны белгілі. Лифт те тұр­ғындардың ортақ пайдаланатын мүлкіне жатады. Демек оны жөндеу, ауыстыру – тұрғындардың мойнында. Оған кететін шығынды да өздері төлейді. Қазақстан лифтішілері ұлт­­тық қауымдастығының пре­зи­денті Ержан Игібаевтың айтуынша, бір лифтіні ауыстыру монтаждау жұмысымен қосқанда, шамамен 11 млн теңгені құрайды. Бұл қаражатты әр тұр­ғынға шаққанда едәуір ақша. Көп лифтілердің уақ­тылы жөнделмей, ауыстырылмай қалуының бір себебі осында көрі­неді.

Айтса айтқандай. Жақында бас ша­­­һардағы «Эверест» тұрғын үй ке­­­­шенінің лифтісі істен шық­ты. Ондағы тұрғындардың бірі Әсем Садыр­баеваның айтуынша, 4-подьездегі лифтінің істе­мей тұр­ғанына біраз болған. «Басында лифтіміз дірілдеп-қал­­тырап әрең көтерілетін. Оны­­мен бірге өзіміз де дірілдеп, жо­ға­ры қабатқа жеткенше зәре-құты­мыз қалмайтын. Со­ңында мүлде істен шықты. Лифтіге жа­уап­ты компания жедел­са­тының редукторы мен тросы ескіргенін, оны ауыстыру үшін 900 мыңнан астам теңге қажет екенін айтты. Ақыры, компания сұраған ақшаны алты ай­ға бөліп жүріп, әрең төледік. Енді басқа бөлшектері бұзылса, қал­та­мызға салмақ болады. Өйт­кені үйдің ор­тақ қажет­тілігіне қаржы жинау­ға тұр­­ғын­дардың бә­рі бірдей құлықты емес», дейді Әсем.

Қазақстан лифтішілері ұлт­тық қауымдастығының мәлі­ме­тінше, бір лифтінің пайдалану мерзімі – 25 жыл. Жеделсаты мінсіз жұмыс істеуі үшін тех­ни­­калық мамандар оны ай сайын жоспарлы тексеруден өткі­зіп, кем-кетігін уақтылы түзеп отыруы тиіс. «Лифтілерді жауап­кер­шілігіне алған компания жеделсатыларды жылына бір рет техникалық сараптаудан өткізуі қажет. Әлбетте, қондырғының бөл­шектерін жаңалап, қолда­ны­лу мерзімін ұзартуға болады. Бірақ оның мерзімі екі жыл­дан аспауы тиіс. Осы уақыт өткен­нен кейін лифтілерді адам өмі­рі­не қауіп төндіретін механизм ретінде қолданудан алып, орнына жаңасын қою керек. Бұл ереженің орындалуын ПИК немесе тұрғындардың өздері қада­ғалағаны жөн. Өйткені жедел­са­ты – тұрғындардың ортақ мен­ші­гі», дейді мамандар.

Алайда тәжірибе жүзінде бұл регламент сақтала бермейді. Елімізде тозығы жетіп, салдыр­лап қалған, тіпті Кеңес зама­нынан қалған лифтілер бар. Мұндай қондырғымен көте­рілу­дің соңы қайғылы жағдайларға да әкеп соғып жатады. Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метро­ло­гия комитетінің баспасөз қыз­ме­ті берген мәлімет бойынша ескірген лифтілерде апатты жағ­дайлар жыл сайын болып тұ­рады. Мысалы, былтыр мамыр айында 42 жастағы елорда тұрғыны лифт кабинасының кенет төменге құлауынан зардап шекті. Лифт шамадан тыс жүктеме туралы дабыл бермеген. Жоғары қарай көтеріліп, артық салмақты көтере алмай тө­мен­ге қарай құлдилаған.

2021 жылдың шілдесінде 31 жас­тағы азамат 16 жасар жие­ні­мен бірге лифтімен көте­рі­­ліп келе жатқан кезде жедел­саты кілт тоқ­тап, едені жа­рық­шақтанып кеткен. Осы факті бойынша қазір іс жүр­гізу шешім­де­рі қабылданыпты. «Өкінішке қарай, мұндай мысалдар аз емес. Сондықтан лифтілердің қауіп­сіздігіне қойылатын талаптарды белгілеу үшін арнайы стандарттар әзірленіп жа­тыр. Қазақстанда лифт жөнін­де­гі ұлттық стандарттарды әзір­леумен Техникалық реттеу және метрология комитетінің ведом­ст­во­лық бағынысты ұйымы – «Қазстандарт» айналысады. 2018 жылдың 28 қарашадағы комитет төрағасының бұйры­ғымен Қазақстан аумағында «Мүм­кіндіктері шектеулі адам­дарға арналған лифтілер, эска­­ла­торлар, траволаторлар және кө­тергіштер» туралы ұлт­­тық стандарт бекітілді және қолданысқа енгізілді. Бұл құжатта лифтілерді жет­кі­зу­ге, монтаждауға және пайда­ла­­нуға қо­­йылатын талаптар қам­­тылған», дейді комитеттің бас­­пасөз хатшысы Розалия Әубәкірова.

Кезінде лифт саласындағы ли­цен­зиялау алынып тасталып, қауіп­сіздік мәселесі біраз тасада қалған еді. Сала­н­ың нарығында небір жауап­кер­ші­лігі жоқ компаниялар пайда болып, соның салдарынан көтергіш қондырғыларда апаттық жағдайлар көбейген. Ақыры, 2019 жылы Ин­дустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі лифт саласын да­мы­­тудың арнайы жол картасын әзірлеп шықты. Онда ай­тылған талап­тардың жартысы орындалған. Мысалы, лифт саласымен айналысатын компанияларға субсидия бөлу секілді жеңілдіктер қарас­ты­рыл­ды. Әрі лифт қауіпті механизм болғандықтан онымен жұмыс істейтін мамандарға ерекше талаптар қойылды. Бұл қызметпен қазір тек заңды тұл­ғалар ғана айналысады, ал жеке кәсіпкерлерге мұн­дай жауап­кер­шілікті іспен айна­лы­су­ға тыйым салынды, дейді комитет ма­ман­дары.

Жалпы мемлекеттік сатып алуды өткізу кезінде лифтілерге қойы­латын біліктілік талаптарынан бас­қа, конкурстық құжаттамада ұлт­­тық стандарттарды көрсететін тех­ни­ка­лық ерекшелік болуы тиіс. Бірақ тапсырыс берушілер бұл талаптарды елей бермейді және ұлттық стандарттың болуын көрсетпейді екен. «Осыдан келіп мемлекеттік сатып алу кезінде лифтілерді жеткізу және қызмет көрсету бойынша тендерлерді кәсіби деңгейі күмәнді компаниялар жеңіп алады. Бұл да үлкен мәселе болып тұр», дейді Р.Әубәкірова.

Ал Қазақстан лифтішілері қауым­дастығы лифт мәселесіне жер­гілікті атқарушы органдар нем­құрайды қа­райды деген пі­кірде. Ержан Игібаев­тың ай­туынша, Қазақстанда қазір 4 мыңнан астам лифтінің нор­ма­тив­ті пайдалану мерзімі біткен. Оның бәрін жаңғырту күн тәртібінде тұр. Әсіресе, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қа­зақ­стан, Павлодар облыстарында лифтілердің жағ­дайы сын көтермейді. «Сү­йегі» қаусап тұр. «Бұл мә­се­лені ұдайы көтеріп келеміз. Бірақ тыңдайтын құлақ жоқ. Жергілікті әкімдіктер оған ма­ңызды мәселе деп қарамайды. Егер ескірген қондырғыларды ауыс­тырмасақ, әлі талай адам­ның өміріне қауіп төнуі мүм­кін», дейді Е.Игібаев.

Әкімдіктер «Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы жергілікті мем­­ле­кет­тік басқару және өзін өзі басқару туралы» заңы­ның 27-бабына сәйкес ұлт­тық стандарттардың сақ­тал­уын қамтамасыз етуі тиіс. Бі­рақ жер­гілікті атқарушы ор­­ган­­дардың ішінде 3305-2018-баптың ұлттық стан­дар­­­­­тын қалай қолдануды біл­мей­­­­тіндер де бар, дейді сарапшы.

Қауымдастық сондай-ақ, елі­мізге күмәнді лифтілерді әкелуді шектеу тетігін әзірлеу қа­жет­тігін айтады. Маман­дар­дың пікірінше, лифт нарығында ұлттық стандарт нормаларын сақтамағандарды әкімшілік жа­уапкершілікке тарту қажет, өйт­­ке­ні ел халқының қауіпсіздігі осы құжаттың талаптарын сақ­тау­ға ті­ке­лей байланысты. «Жа­уап­­кер­шілікке тарту шара­лары болмаса, онда ұлттық стандарт талаптары қа­ғаз жүзін­де­гі тиімсіз эталонға айна­лып шыға келеді. Сондықтан бұл – қажетті талап», дейді Қазақ­стан лиф­тілері ұлттық қауым­дастығының президенті.

Қазіргі уақытта қауымдастық Тех­­­­никалық реттеу және метрология ко­митетімен бірлесіп, лифт жаб­дық­тарының сапасын жақсарту және қа­уіпсіздік талаптарын жетіл­діру мақ­сатында ұлттық стандарттарды әзір­леу­ді қолға алған.

Е.Игібаев лифт саласында отан­дық өнімдерді қолдау мәсе­лесі де өткір тұрғанын жет­кізді. Жыл сайын Қазақс­тан­ға 5 мыңнан астам лифт әкелінеді. Ал отандық өндірушілер лиф­ті­ге деген сұраныстың 21,4 па­йызын ғана қанағаттандыра алады. Сондықтан бұл саладағы өзіміздің өндірісті дамытуға күш салу қажет. Е.Игібаевтың айтуынша, елімізде өндірілетін лиф­тілердің сапасы Корея, Бела­­рустардың өнімінен еш кеп түс­пейді. Лифтіге деген сұраныс жыл сайын шамамен 10 пайызға өсіп оты­ратынын ескерсек, бұл отан­дық өндірушілерге де өз ісін да­мы­ту­ға үлкен көмек болар еді, дейді Е.Игібаев.

Қазір елімізде лифт шыға­ра­тын үш зауыт бар. Оның бірі – Алматы қала­сын­да. Екіншісі – Ақмола облысында болса, үшін­ші­сі Талғар қаласында орна­лас­қан. «Қазақстандық кәсіп­орын­дар­дың қарқыны баяу. Оларға жергілікті әкімдік тарапынан қолдау аз. Сондықтан Мемлекет басшысы атап өткендей, алдымен өзіміздің өн­дірісті дамытуға бет бұрсақ, лиф­ті­лерді орнату, олардың қызметі, мон­таждау жұмыстары да арзандары сөзсіз», дейді сарапшы.