Әлем • 06 Ақпан, 2022

АҚШ: ДАИШ басшысы өлтірілді

454 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұған дейін, яғни 3 ақпанға қараған түні АҚШ арнайы күштерінің Сирияның солтүстік-батысындағы Атма қаласында миссиясын сәтті орындағаны хабарланды. Алайда Пентагон сол күні миссияның сәтті аяқталғанынан басқа мәлімдеме жасамады. Кеше АҚШ президенті Джо Байден «Ислам мемлекетінің» (ДАИШ/ИШИМ) жетекшісі, халифі Әбу Ибрахим әл-Хашими әл-Құрайштың өлтірілгенін мәлімдеді.

АҚШ: ДАИШ басшысы өлтірілді

АҚШ басшысы: «Ақпанның 3-іне қараған түні менің бұйрығы­ммен Сирияның солтүстік-батысын­дағы АҚШ Қарулы күштері америка­лық­тар мен одақтастарды қорғау және әлем­де қауіп­сіздікті қамтамасыз ету үшін тер­ро­ризмге қарсы операцияны сәт­ті өт­кізд­і. Біздің Қарулы күш­­тері­міз­дің ше­бер­лігі мен батыл­дығы­ның нәти­же­сінде «Ислам мем­лекетінің» жетек­шісі Әбу Ибра­хим әл-Хашими әл-Құрайш ұрыс алаңында өлтірілді», деп мәлімдеді.

Сонымен қатар АҚШ президенті жауынгерлер операциядан аман-есен оралғанын айтты. Әл-Құрайш нақты қай жерде өлтірілгені туралы дерек әлі хабар­ланбады. ДАИШ-тің ақпараттық ре­сурс­тары көш­басшының қайтыс бол­ғаны тура­лы хабарды әлі растамады, жа­ңа басшы сайлайтыны туралы да қан­дай да бір жаңалық жарияланған жоқ.

Джо Байден бұл хабарды отан­дық телеарналар арқылы халыққа жеткізді. Twitter-дегі парақшасында ол вице-президент Камала Харрис­пен бірге операция барысын бақы­лап отырғаны бейнеленген сурет жариялады.

Ливанның Al Mayadeen теле­ар­­на­сы­ның хабарлауынша, Идлиб про­­в­ин­­циясындағы Атма қа­ла­сы­ның аума­ғында операция кезін­де 13 бейбіт тұр­ғын қаза тап­қан. Опе­рация басталмас бұрын АҚШ ар­найы күштері дауыс күшейт­кіш ар­қылы террористік топ жетек­шісі­не өз еркімен берілуді ұсын­­ған. Көшбасшы келісімнен бас тарт­­қ­аннан кейін ұрыс басталған. Екі тік­ұшақ тарапынан берілген соқ­қы­­дан екі тұрғын үй қирады. Бұл аза­­ма­т­­тардың өліміне алып келді. Reuters агенттігі «Сирия Азаматтық қор­ғанысы» деп аталатын топтың ақпа­ра­тына сілтеме жасай отырып, оқиғада 6 баланың қайтыс болғанын хабарлады. Шабуыл шамамен үш сағатқа созылған.

Бұған дейін қаңтар айының соңында америкалық арнайы күштер Сирия күрдтері құрамаларына Аш–Шаддади ауданындағы Хасаке про­вин­ция­сын­дағы түрмеден қашып кеткен 70-ке жуық ДАИШ со­ды­рының қарулы көтері­лі­сін басу­ға көмектескен-ді. Көтері­ліс күрд­тердің Демократия­лық күштер ода­ғы жауынгерлері мен АҚШ әс­кери күштерінің бірігуімен тоқтатылды.

Әбу Ибрахим әл–Хашими әл-Құрайш 2019 жылғы 26 қазанда топтың бірінші жетекшісі Әбу Бәкір әл-Бағдади америкалықтардың ар­найы операциясы кезінде қаза бол­ған­нан кейін сол жылы 31 қа­зан­­­да «халиф» болып тағайын­дал­ды. Бастапқыда ДАИШ тарапы әл-Бағ­дадидің өлімі туралы ақ­паратты жоққа шығарды. Жаңа бас­шы есіміндегі «әл-Құрайш» оның Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) шыққан араб тайпасынан екенін білдіреді. Жалпы, ол туралы нақты ақ­парат жоқ, ДАИШ-тің бейнехабарландыруларында жүзін көрсетіп түспейді. Оның есімі – әл-Хашими де бүркеншік ат деген сыбыс бар. 2019 жылдың қараша айында сол кездегі АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон әл-Құрайшидің шын есімін анықтағанын хабарлады, дегенмен жетекшінің аты сол күйі аталмады. Әл-Құрайши ДАИШ партизандық соғысқа көшкен кезде топ жетекшісі болып сайланды.

Counter Extremism Project мәлі­мет­тері бойынша, әл-Хашими 1976 жылы Иракта дүниеге келген. Діни білім алған. 2003 жылы «әл-Каида» террористік ұйымына қосылған.

2004 жылы әл-Хашими тұтқын­да­лып, Иракта АҚШ Әкімшілігі бас­қа­ратын Кэмп-Букк лагеріне қа­мал­ған. Онда әл-Бағдадимен таны­сып, оның көзқарастарын бойын­а сіңір­ген деген ақпарат бар. Терро­рис­тік топтағы содырлардың көбі сол ла­герьден қосылғандықтан Кэмп-Букк «ДАИШ-тің отаны» деп аталып жүр.

Әл-Хашимидің түрмеден қалай шыққаны белгісіз. АҚШ оны табуға көмектесетін ақпарат үшін 5 миллион АҚШ долларын ұсынды, содан кейін оны 10 миллион долларға дейін арттырды. 2020 жылы мамырда ДАИШ көшбасшысының қолға түскені туралы ақпарат тарады, алайда Бағдат бұл жаңалықты жоққа шығарды.

Соңғы жаңалықтар

«Спартак» тағы да жеңілді

Спорт • Бүгін, 11:55

Бүгін ауа райы қандай болады?

Ауа райы • Бүгін, 10:42

Арандатудан сақ болған жөн

Пікір • Бүгін, 09:40

Жаңа жоба – қоғам талқысында

Реформа • Бүгін, 09:20