Экономика • 06 Ақпан, 2022

Несие «қамытын» кигендер көбейді

1698 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстанда несиеге «байланған» адам көп. Негізінде халықтың несиелену деңгейі экономикалық өсіммен қатар жүруі керек еді. Ал қазақстандықтардың банк алдындағы қарызы экономикалық өсімнен асып түскен. Ұлттық банк жүргізген сауалдама нәтижесі экономикалық белсенді немесе кішігірім қызметте жүрген азаматтардың 90 пайызы айлық пен айлықтың арасында күн көретінін көрсеткен. Демек қазір жұртшылықтың қарызсыз өмір сүруі барынша шектелген.

Несие «қамытын» кигендер көбейді

Несие рәсімдеген кезде қарыз алушы­ның төлем қабілеті, табысы ескерілетіні белгілі. Соған қарамастан бір адамның бір мез­гілде бірнеше несиені қатар алуы ты­йылмай отыр. Бірінші несие бюросының атқарушы директоры Әсем Нұрғалиева ұзақмерзімді немесе ортамерзімді несиесі бар азаматтар көп екенін айтады. Кепілсіз несие алғандардың 80 пайызы қаржы ұйымдарына 316 мың теңгеден қарыз. Несиегерлердің аздаған бөлігінде 5-10 млн теңгеден асатын кепілсіз несиесі бар. Оның жалпы көлемі – 5,45 трлн теңге. Экономикалық белсенді 9 млн халықтың 6 млн-ы банкке қарыз. 2,5-3 млн адамның ғана несиесі жоқ. Сарапшылардың дере­гінше, Қазақстандағы жұмыс істейтін халықтың 70 пайызы қарызбен өмір сүреді.

Ә.Нұрғалиева айтқандай, несиені шектеу мәселесімен нарықтың жағдайын жақсарта алмаймыз. Қазақстанның банк секторы тәжірибесінде халықты несиеге байлап қоюдың түрлі әдісі бар. Банктер қарыз алушының қарыз жүктемесі нормативке сәйкес болса өзге банктегі несиесін қайта қаржыландыру арқылы несиесін жаңарта беруге, сол арқылы қарыз қамытын қалыңдата беруге жол ашып қойған. Себебі 1990-2000 жылдардың басында қаржы секторында кепілді несие трендте болды. Қазір несие қоржынында оның үлес салмағы азайып келеді. Ұлттық банк тарапынан шектеудің салмағы ауырласа, екінші деңгейлі банктер қайтадан кепілді несие нарығына басымдық беруі мүмкін. «Несиеге сұраныс бар жерде несиелендірудің де формасы өзгере береді. Егер құзырлы орындар жағдайды реттеп отырмаса, мәселеге қаржы, мұнай трейдерлері тәрізді «несие трейдерлері» араласып кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда қарызға батқан халықтың әлеуметтік жағдайы ушығып кетеді. Халық қарызсыз болуы үшін олардың табысы өсуі керек», дейді Ә.Нұрғалиева.

Қайтарылмаған қарыз көп

Қазақстандықтардың банк алдындағы несиесінің көптігі уақыт өткен сайын күрделеніп келеді. Үкімет төлем қабілетін дәлелдей алмаған отандастарымыздың несие алу мүмкіндігін шектеу арқылы несиелеу нарығын сауықтырғысы келеді. Бірақ жағдай оған бағына бермейтінін Бірінші несие бюросының 2021 жылды қортындылаған есебінен байқадық. Бизнес пен халықтың мойнындағы несие қамыты банктердің несие портфелінің сапасын төмендетіп, проблемалы несиені көбейткен. Төлем уақыты 90 күннен асып кеткен қайтарылмаған қарыз көлемі өсіп, жалпы берілген несиенің 9,7%-ын құрады. Бұл орта есеппен алғанда әрбір тоғызыншы несиенің қайтарылмай қалуы мүмкін дегенді білдіреді. Тәуелсіз сарапшылар қайтпай қалуы мүмкін несие 10 пайыздан асса, банк секторы дағдарысқа ұшырайтынын айтады. Ал бізде осы қауіпті межеге 2,3 пайыз ғана жетпей тұр. Қысқасы, жағдай мәз емес. Қарыз шектелмесе, жыл аяғында банктер алдындағы азаматтардың қарызы 13 трлн теңгеге жуықтап қалуы әбден мүмкін. Салыстыру үшін айтсақ, былтыр Ұлттық банктің экс-төрағасы Ерболат Досаев банк алдындағы қарыздың 7 трлн 360 млрд теңгеге жеткенін айтқан. Бір жылда қарыз 4,5 трлн теңгеге ұлғайған.

Сарапшылардың айтқанына ден қойсақ, несиелік құқықты шектеу арқылы қарыздан тазара алмаймыз. Әр үш жылда несиені кешіріп, нарықты сауықтырып алуға мемлекеттің қалтасы жұқа. Жалпы, несиені кешіру әлемдік тәжірибеде бар. Бірақ көптеген елдер бұл тәсілді құп көре бермейді. Біраз елде осы мәселе жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң шеңберінде шешіледі. Мысалы, Грузия 609 мың азаматының несиесіне кешірім берді. Бұл шамамен 4,2 млрд лари (орташа есеппен 1,5 млрд доллар).

Мұндай шешімді 2019 жылы біздің ел де қабылдады. 500 мыңнан аса отандасымыздың 120 млрд теңге қарызы кешірілді. Бұл шамамен – 275 млн доллар.

Ал қазір «Қазақстандықтардың несие­сін кешіру керек» делінетін қоғам­дық бас­тама үйреншікті құбылысқа айналды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков тұтынушыларды несиелеуге байланысты тәуекелдерді рет­теу керегін айтты. 2021 жылы қарыз алу­шы­ның жүктемесіне қатысты көп шешім қабылданды. Бір реттік акциялар­ды қолданғаннан гөрі несиелеудің тәуекел­дерін реттеген дұрыс. Бұрын мұндай ұсыныстар бейресми түрде айтылса, былтыр Парламент қабырғасында көтерілді.

2021 жылдың соңында Мәжіліс депутаты Азамат Әбілдаев қазақстандықтардың төлеу мерзімі өткен қарызы 199 млрд теңге екенін, бұл мемлекет үшін аса ірі сома еместігін көтерген. Депутат айтқан­дай, халықтың 27 пайызы банктерге қарыз. Несиені кешіру туралы пікірлер жиі­леп кеткен соң Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі кредиттік рақым­шылықты жүргізу заңнамада көздел­мегенін, сондықтан халықтың кредиттер бойынша берешегін есептен шығару жөнінде шешім қабылдай алмайтынын алға тартса, Ұлттық банк азаматтар мен БАҚ өкілдеріне тек ресми ақпарат көздеріне сенуге шақырды.

Бірінші несие бюросының атқарушы директоры атап өткендей, несиеге кешірім беру мәселесі қолданыстағы заңдарда қарастырылмаған. Мұндай дақпырттың өзі нарықтағы үйлесімділікті бұзады. Дақпырт шыға бастаған күннен бастап адамдар саналы түрде несие алады. Мұндай әңгіменің шындыққа жанаспайтынын білсе де қарыз алып, кейін несиені кешіріңдер деп шығуы мүмкін. Алайда банктен несие алуға саналы түрде барған азаматтардың «несиемді кешіріңдер» деген талабы дұрыс емес. Бұл тіпті қаржы ұйымының алдында да әділетсіздік. «Үкімет 2018 жылы халықтың әлеуметтік осал санатына жататын азаматтардың 300 мың теңгеге дейінгі қарызын өтеу шараларын қабылдады. Бұл несиелік амнистия емес, банк алдындағы қарызды үшінші тарап – мемлекет төлеп берді. Адамдардың мұны есіне алып, тағы да кешірім беріңдер деп талап қоюы орынсыз. Несие алушы банкке барып, несиесін төлей алмай жатқанын дәлелдесе, несиені төлеу мерзімі түзетіледі немесе кейінге шегеріледі», деді Ә.Нұрғалиева.

Тұтынушылық несие

көлемі де артты

Халықтың банктегі қарызын кешіру оның әлеуметтік жағдайына ықпал ете қой­­майтыны өткен жылдардың тәжіри­бесі­­нен белгілі. Осы үрдісті бастан кешкен елдерде, соның ішінде Қазақстанда қай­­­та­рылуы күмәнді несиелердің деңгейі өсіп келеді. Демек ойланбай алынған не­сие ке­дей­­лікке апарып соғуы мүмкін екені уа­қыт өткен са­­йын мойындалып ке­ле жа­тыр. Экономикалық сарапшы Де­нис Кри­во­шеев несиеге кешірім беру «не­­­сие­ні тө­ле­мей қоюға болады» деген түсі­­нікті те­рең­­детіп жіберуі мүмкін еке­нін ай­т­ады. Дәл қа­зір­гідей дағдарыс жағ­­­дайын­да ха­лық­­ты текке үміттендіру қауіп­­ті. Д.Кри­во­­шеев­­тің пікіріне қараған­да, ха­лық­тың банк ал­дын­дағы қарызы кө­бейіп кетуі­не жа­санды себептер бар­­шылық. Бас­ты себеп Ұлттық банк база­лық ставканы тө­мен­детпей, жоғары па­йызды қолдан ұйым­дас­тырып отыр.

Бірінші несие бюросының директоры Руслан Омаров атап өткендей, ипоте­ка­лық несиенің өзі бірнеше бағытқа тар­мақ­талған: салымшылар 2020 жылға дейін тұтынушылық бағыттағы несиеге басымдық берсе, қазір құрылыс, үйді жөндеу, әрлеу, жиһаздар сатып алуға несие рәсімдей бастаған. 2021 жылы ипотекалық несиемен бірге, тұтынушылық несие де көбейді. 2022 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша бөлшек несие портфелі 10,76 трлн теңгені құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 42,9%-ға артық. 333 мың адам алғаш рет несие алушылар қатарына қосылды. Олар бұрын несие тарихында болмаған қарыз алушылар.

Бөлшек портфелдің басым бөлігін кепілсіз тұтынушылық несиелер – 5,28 трлн теңге (48,3 пайыз), ипотекалық несиелеу – 3,39 трлн теңге (31,4 пайыз), автонесие 1,09 трлн теңгені (10,6 пайыз) құраған. Салыстырсақ, 2021 жылы жеке тұлғаларға берілген несиелердің көлемі 2020 жылмен салыстырғанда 83,6 %-ға немесе 4,1 трлн теңгеге өсіп, 8,9 трлн теңгені құрады. Бұл 2020 жылмен жылмен са­лыстырғанда 68,3 пайызға артық. Елі­мізде қарыз алушылардың жалпы саны 6,16 млн адамды (+28,4 пайыз) құрады.

Ипотекалық несиеде де өсім бар. 2021 жылы ипотекалық несиелер 1,92 трлн теңгені құрап, бір жыл ішінде 77,7 па­йызға өскен. Ал еш кепілсіз берілген тұтыну­шы­лық несие – 5,45 трлн теңге, алдыңғы жылмен салыстырғанда бұл 86,1 пайызға көп.

 

АЛМАТЫ