Қоғам • 07 Ақпан, 2022

Уақтылы скрининг – денсаулыққа қамқорлық

709 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қандай да ауруды асқындырмай емдеуде, әсіресе адам өміріне қауіп төндіретін қатерлі дерттердің алдын алуда ерте диагностикалаудың маңызы зор. Сондықтан кез келген азамат уақтылы скринингтен өтуді құнттап, өз денсаулығына қамқорлықпен қарауы қажет. Айталық, былтыр онкологиялық скринингтерді жүргізу нәтижесінде 2,5 млн-ға тарта адам тексеріліп, нәтижесінде 1 932 қатерлі ісік анықталды. Ал соның 50%-ға жуығы, дәлірек айтсақ, 946 адамның дерті бірінші сатыда екен. Яғни ауруы ерте анықталған осынша адамның дертінен толық айығып кету мүмкіндігі жоғары.

Уақтылы скрининг – денсаулыққа қамқорлық

Қалыпты тіршілігімізден айнып, біраз шаруа тұралап қалған пандемия кезінде жоспарлы скринингтерден өтуді назардан тыс қалдырып қойған азаматтарымыз аз емес. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр қыркүйектегі Жолдауында тоқталып: «Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек. Пандемия кезінде жоспарлы скринингтер мен ота жасау кейінге қалып жатыр. Бұрыннан бар стандартты екпелер көптеген балаға салынбай қалуда. Әрине, бұған жол беруге болмайды», деп атап өтті.

Расында, пандемия түгілі былайғы күнде де скринингтен өтуді құнттай бермейміз. Дегенмен денсаулығын күтетін, уақтылы тексеріліп тұратын азаматтар баршылық. Мысалы, Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы ұсынған ақпарат бойынша осы күнге дейін барлығы 13 790 028 скринингтік тексеру жүргізілген екен. Әрине, мұның ішінде бір адам бірнеше рет тексерілген жағдайлар бар. Яғни нақты 12 231 381 адам (88,7%) скринингтен өткен. Бұдан 430 997 ауру (3,5%) анықталды, 212 260 адам (49,2%) диспансерлік есепке алынды.

Ал 2021 жылғы дерекке тоқталсақ, онколо­гия­лық скринингтерді жүргізу нәтижесінде 2 465 713 адам тексерілді. Тексеру нәтижесінде 1 932 онко­ло­гиялық ауру диагнозы қойылды. Оның ішін­де жатыр мойны обыры – 319, сүт безі обыры – 1 402, колоректальді обыр 211 адамнан анықталды. Анықталған науқастардың жартысына жуығының – 946 адамның дерті бірінші сатыда екен.

Осы скринингке жататын адамдардан 1 439 612 адам – артериялық гипертонияны, жүректің ише­миялық ауруын, 1 535 610 адам – қант диабетін ерте анықтауға, 1 576 076 адам – глаукоманы, 757 454 адам – жатыр мойны обырын, 787 619 адам – сүт безі обырын, 920 640 адам колоректальді обырды ерте анықтауға тексеруден өтті.

Ал балаларға келсек, 2021 жылы 5 600 759 бала тексеруден өтті. Оның ішінде 335 961 баладан (7,4%) дерт анықталды және диспансерлік есепке 131 998 (39,3%) адам алынды.

Жалпы, былтыр 281 477 жаңа туған нәресте неона­талдық скринингпен, 282 225 нәресте аудио­логиялық скринингпен, 5 042 шала туған балалар офтальмологиялық скринингпен, 1 жасқа дейінгі 316 637 бала психофизикалық даму скринин­гімен, 1 жастан 3 жасқа дейінгі 741 913 бала психо­фи­зи­ка­лық даму скринингімен қамтылған.

Медицина ғылымының докторы, жоғары санатты хирург-онколог Абай Мақышев қатерлі ісікті емдеудің ең маңыздысы ерте диагностикалау екенін айтты.

«Ауруы ерте белгілі болған науқастардың түгел­ге жуық жазылып кету мүмкіндігі бар. Яғни обыр­дың бәрі – өлімге соқтыратын тажал емес. Оған қарсы тұру үшін, күресу үшін сау күніңде әрекет жасау керек. Қатерлі ісік төрт сатыға бөлі­не­ді. Бірінші, екінші сатысы – ерте саты, ал үшінші, төртіншісі – аурудың асқынып кеткен сатысы. Қазір өзім қызмет ететін елордадағы онкологиялық дис­пансерде ауруы алғашқы екі сатысында анық­талған науқастардың үлесі 50%-дан асады. Олар­дың барлығының жазылып кету мүмкіндігі жоғары. Қалғаны – ауруы әбден асқынып кеткендер. Бұлардың ішінде обырды жеңіп шығатындар бар. Сонда бұл бәлекет дерттен жазылғандардың үлесі 50%-дан асады деп шамалауға болады. Республикадағы статистика да осыған ұқсас. Бұрын қатерлі ісіктен өлім-жітімнің көп болатын себебі – науқастардың 80-90%-ының ауруы әбден асқынып кеткен кезде анықталатын. Қазір бұл көркеткіштің де 50%-ға түскенін көріп отырмыз. Бұл ретте мемлекет ұлт денсаулығын сақтауда үлкен жұмыстар жүргізіп отыр. Ерте диагностикалауға барлық жағдай жасалуда. Онкологиялық скринингтердің бағдарламасы қарастырылған. Халық та бұған сергек қарап, дер кезінде тексерілуі керек», дейді дәрігер.

Скринингтен өту қатерлі ісікке күдік бар дегенді білдірмейді. Бұл мүмкін болатын ісіктерді дер кезінде анықтау үшін тұрғындар арасында профилактикалық мақсатта жүргізіледі. Қазақ­станда онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі Ұлттық бағдарлама бар, оның аясында халыққа скринингтік тексерулердің 3 түрі жүзеге асырылады: сүт безі қатерлі ісігі бойынша – 40 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, жатыр мойыны обыры бойынша – 30 жастан 70 жасқа дейінгі әйелдер, колоректальды обыр бойынша 50 жастан 70 жасқа дейінгі ерлер мен әйелдер скринингтен өте алады.

Жалпы, елімізде скринингтік зерттеулерді динамикалық бақылау және сауықтыру арқылы амбулаторлық-емханалық көмек көрсететін ұйымдар (АЕК), оның ішінде медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін ұйымдар (МСАК) жүзеге асырады. Айталық, скринингті тексерулерді қала халқы үшін меншік нысанына қарамастан АЕК ұйымдары, ал ауыл халқы үшін медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, аудандық емханалар, арнайы автокөлік және темір жол көлігі базасындағы жылжымалы медициналық кешендер жүргізеді.

Жыл сайын АЕК медициналық ұйымға тіркелген халықтың ішінен скринингтік зерттеулерге жататын адамдардың тізімін дайындайды және халыққа скринингтік зерттеулерден өту қажеттілігін ес­кертіп, құлағдар етеді. Аурудың түрі бойынша скринингтік зерттеу жүргізілетін динамикалық бақылаудағы адамдарға скринингтік зерттеулер жүргізілмейді. Ересектер мен балалардың нысаналы топтарын скринингтік зерттеулер тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде медициналық қызметтерді бөле отырып, тегін жүргізілетінін атап өткен жөн.

Қазақстанда скринингтен өту ережесі «скри­нингтік зерттеулерге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы зерттеулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қазандағы №174/2020 бұйрығымен бекітілген және мінез-құлықтық қауіп факторларын, артериялық гипертонияны, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабетін, глау­ко­маны, жатыр мойны обырын, сүт безі обырын, ко­ло­ректальді обырды ерте анықтауға скринингтік зерттеулер жүргізу тәртібін қамтиды.

Сонымен қатар көпшіліктің қаперіне мына нәрсені де сала кеткен жөн: скринингтен өту үшін жұмысшылардың әлеуметтік демалыс алу құқығы заңнамалық деңгейде бекітілген, оған жалақы мен жұмыс орнын сақтай отырып, үш жұмыс күні беріледі.