Бизнес • 07 Ақпан, 2022

Кәсіпкерлерге кедергі көп болып тұр

320 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент пәрменімен сұйытылған газ бен жанар-жағармай бағасы реттеліп, осы салада жылдар бойы қордаланып қалған мәселелерді шешуге тапсырма берілді. Десе де, алпауыттар мүддесінің тасасында қалып, кәсібі қожырай бастаған бизнес өкілдері әлі де кедергілер көп екенін айтады. Осыған байланысты Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасында жиын өтіп, оған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, кәсіпкерлік және туризм, білім басқармалары, аумақтық бәсекелестікті қорғау және дамыту, табиғи монополияларды реттеу, өнеркәсіптік қауіпсіздік, экономикалық тергеу департаменттерінің басшылығы, осы саладағы кәсіп иелері қатысты.

Кәсіпкерлерге кедергі көп болып тұр

Жиында облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы Ерсін Орынбаев бензин, дизель, сұйытылған газ бағаларын реттеу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.

– Осы уақытқа дейінгі ереже та­ла­бының ауырлығынан өнім тек газ желілік ұйымдар арқылы сатылып келді. Сұйытылған газ сатумен айналысып жүрген кәсіпкерлердің көпшілігі стансаларын амалсыздан жалға беруге мәжбүр болған. Қазір бұрынғыдай емес, талап жеңілдеді. Енді газ құю стансасы бар кез келген кәсіпкер газды «Қазгермұнай» компаниясынан тікелей ала алады, – дейді Е.Орынбаев.

Осыған дейін сұйытылған газды сату үшін аккредитациядан өтетін ком­паниялардың 300 тонналық қой­масы болуы керек деген талап қойылып келген. Кем дегенде 200-300 млн теңге жұмсалатын мұндай қойманы салуға кез келген кәсіпкердің шамасы келе бермейтіні де анық еді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Энергетика министрлігіне қойма сыйымдылығын 60 тоннаға түсіру жөнінде ұсыныс беріп, ол қолдау тапты.

Агенттік пен прокуратура бірлесіп, облыстағы сұйытылған газ саудасына байланысты «Қазгермұнай» компаниясы мен 12 субъектіге қатысты тергеу, тексеру жұмыстарын бастады. 10-15 күнде оның нәтижесі де белгілі болып қалады. Қазіргі белгілісі, біраз заң бұзушылық бар. Мысалы, Қызылорда облысына бөлінген газ­дың Түркістан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы аумағында сатылғаны анықталып отыр. «Осының кесірінен тапшылық қолдан жасалып келген», деседі мамандар.

Облысқа ақпан айында 6 652 тонна сұйытылған газ бөлінді. Бірақ сұ­раныс көлемі бұдан әлдеқайда көп. Кәсіпкерлер палатасына жинал­ғандар жергілікті оператор­лар берген өтінімдердің толық қанағат­тан­ды­рылмауы бұрыннан бар екендігін айтады. Олар осыған де­йінгі бағамен сатып алынып қойған мұнай өнімдерін қайта есептеу, артық төленген қаражатты өндіріп беру, мемлекеттік білім беру мекемелеріне дизель отынын жеткізудегі жүйесіздік те ақылдаса отырып шешілуі тиіс мәселе деп санайды. «Коммерциялық құпия» деген желеумен бар тірлікті жеті қап құлыпқа салудың жеткізген жері осы болды, енді барлық есептемелер ашық болуы тиіс», дейді іскерлер.

Кәсіп иелерінің айтуынша, сұйы­тылған газ нарығындағы жағдай реттелмесе, облыстағы автогаз бекеттері көп ұзамай жабылады. Мықтылардың мүддесін көздеген ережеден шағын және орта бизнестің тауы шағылып, бәсекелестік орта жойылды. Жиында 27 жылдан бері осы салада келе жатқан кәсіпкер Талғат Жұматов бұрын облыс аумағында бірнеше бекеті болса, қазір қаладағысын ғана әупірімдеп алып қалғанын айтты.

– Мұнай өнімдерінің бірнеше қолдан өтуі оның бағасының аспандап кетуіне әкеліп соқтырып отыр. 2017 жылға дейін бізге қажетті кө­лем облыстан бөлініп, әркім сұра­нысына сай алатын. Алда сол жү­йеге қайтып оралуымыз керек. Қазір біз сұрағанымыздың 30 пайызы қолымызға тигеніне қуанатын болдық. Шыны керек, табыс таппақ түгілі, биз­несті сақтап қалғанымызға шүкірлік айтатын жағдайға жеттік. Былтыр біраз кәсіпкер жұмысын тоқтатты. Осы салада 30 жылға жуық тәжірибесі бар менің жағдайым осындай болғанда, кәсіпті жаңа бастап жатқандардың ахуалын айтып жатудың өзі артық шығар?, – дейді кәсіпкер.

Жиында облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Гүлмира Өтегенова бензин, дизель, сұйытылған газ өнімдерін бөлшек сауда арқылы өткізуге бел­гі­ленген шекті бағаларды бұз­ғандарға қарастырылған жауап­кершілік, об­лыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов кәсіпкерлік субъектілері үшін сұйытылған мұнай газын алу бойынша соңғы өзгерістер жайлы баян етті. Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараев бағаны тұрақтандыру бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы түсіндірме жасады.

Кәсіп иелерінің мәселесі қаралған оты­рысқа бейнебайланыс арқылы аудан­дардан қатысып отырғандар да жағдайларын айтты. Мысалы, облыста мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің 6 айға арналған шекті бағасына сәйкес дизель 230 теңгеден белгіленді. Ал 2020 жылғы бекітілген бюджеттік өтінімге орай өңірдегі білім беру мекемелері үшін дизель бағасы 205 теңгеден аспауы тиіс. Сонда оларға өнім жеткізіп отырған кәсіпкер не істеуі керек? Кәсіпкер келісімшартты біржақты бұзса, жосықсыз өнім беруші ретінде келесі тендерлерге қатыса алмай қалады.

Билік өкілдері мен бизнесмендер кездесуінде көп мәселе ашық айтылды. Жүздесуге келген тиісті департамент, басқарма өкілдері бизнесмендердің барлық ұсыныс-тілектері ескерілетінін жеткізді.

 

Қызылорда облысы