Аймақтар • 07 Ақпан, 2022

Цифрлы кеніш өндірісті басқару жүйесін ZIIoT платформасына көшірді

272 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Алтыналмас АК» АҚ ақпаннан бастап өндірісті басқару жүйесін «Цифра» ұсынған ZIIoT платформасына көшірді. Бұл компанияның 2017 жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан «Цифрлы кеніш» бағдарламасының жалғасы десек те болады.

Цифрлы кеніш өндірісті басқару жүйесін ZIIoT платформасына көшірді

Бұл жүйенің артықшылығы – «Ал­тыналмас» басшылығы диспетчерлеу қызметінің көмегімен әлемнің кез келген интернеті бар жерінен өндірістегі нақты жағдайды барлық өндірістік жүйелерден жинақталған деректер арқылы көре алады. Ал сапаны бақылау қызметтері кәсіпорын технологтарына кенді қайта өңдеу кезіндегі технологиялық үдерістердегі ақау мен ауытқуларды жедел анықтап, жоюға мүмкіндік береді.

Осылайша, алтын өндіруде алғы шептегі компаниялардың бірі ZIIoT заттар интернеті платформасында өн­ді­рісті басқару жүйесін өрістетіп отыр. Платформа мен өндірісті басқару сервистерінің бір бөлігі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданындағы «Пустынное» кен орнында енгізілді. Ендігі кезекте өндірістік кестемен қатар энергетикалық теңгерімді оңтайландыру қызметін дамыту қарастырылып жатыр. Бұл жүйе «Долинное» кен орнындағы басқа жобаларға да енгізілмек.

Жобаның бірінші кезеңінде «Пус­тын­ное» кенішінде ZIIoT платформасын ERP, SCADA, персоналды басқару, наряд-тапсырмаларды бақы­лау жүйелерімен, зертханалық, тау-кен-геологиялық, сол сияқты алтын шы­ғару фабрикасы мен бағалы металдар өндіру зауытының басқа да ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жүргізіледі. Осылайша, бірыңғай цифрлы қабат құрылады да, қайта өңдеу жөніндегі өндірістік деректер жаңа платформаға жинақталып біріктіріледі. Бұл деректер негізгі пайдаланушыларға жедел режімде қолжетімді болады. Бұдан басқа, платформа негізінде қосымшалар жасау үшін инфрақұрылым жасалып, диагностикалық жүйе енгізілмек.

Кен орнында өндірісті басқару мақсатында диспетчерлеуді автоматтандырып, сапаны бақылау үшін бірқатар қолданбалар енгізілді, зертханалық үдерістер цифрландырылды және металл теңгерімі бойынша блок жасақталды.

Зертхананы автоматтандыру арқы­лы сынамаларды іріктеу және есептеу кезінде адам факторының әсері қыс­қартылды. Бұл жалпы алғанда, зерт­ха­налық сынақтардың сапасы мен тиім­­ділігін арттырды, сапа туралы де­­рек­­тердің бірыңғай көзі құрылды, де­ректерді өндірушілерге дереу беру жолға қойылды, ішкі құжат айналымы цифрландырылды және әдістемелер деңгейінде сыртқы зертханамен жік­сіз интеграциялау іске асырылды. «Металл теңгерімі» блогы шеңберінде материалдық ағындардың сызбасы мен металды өңдеу үрдістерінің моделі жасалды, материалдық және тауарлық баланстар жинақталды, сапалық-цифрлы ағындарды жинау және мерзімді баланс­тық көрсеткіштерді есептеу автоматтандырылды, сондай-ақ есептік нысандар цифрландырылды. Бұл есепке алу кезінде шығындар мен қателіктердің пайда болу орнын тез анықтауға, жос­пардан тыс шығындардың алдын алуға және материалдық-тауарлық теңгерім арасындағы үйлеспеушілікті азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаның келесі кезеңдерінде өндіріс кестесін жасақтау мен оңтайландыру және электр энергиясын толассыз есепке алу қызметін іске асыру, сондай-ақ бірыңғай цифрлы платформаны да­мыту­ды жалғастыру жоспарланған. Бұ­дан әрі өндірісті басқару үшін енгі­зіл­ген платформа мен қолданбалы ше­шімдер «Долинное» нысанында жалғас­тырылады.

«Алтыналмас АК» АҚ АТ және кор­поративтік даму жөніндегі вице-президенті Жанар Аманжолова «Цифрлы кеніш» бағдарламасы туралы: «Бұл жоба біздің кәсіпорынның деңгейінде ғана емес, бүкіл тау-кен металлургия саласы үшін де маңызды. Біз осы бағ­дарлама арқылы 20 шақты жобаны іске асырып отырмыз. «Цифрлы кеніш» бағдарламасы негізінде жасалып жатқан платформа мен қолданбалы сервистерді енгізу – маңызды жобалардың бірі. Ол барлық негізгі өндірістік үдерістерді қамтиды және кейінгі барлық цифрлы бастамаларды іске асыруға «отын» болатын өндірістік деректерді жинайды», дейді.

«Цифра» басқарушы директоры Павел Растопши қолданбалы цифрлы шешімдерді құру мен қолданыстағы жүйелермен интеграциялау мүмкіндігі бар екенін айтады. Өз кезегінде мұндай цифрлы платформа өндірісті басқаруды айтарлықтай жеңілдетеді, компанияларға бизнес алдында тұрған міндеттерді тез әрі аз еңбек шығынымен шешуге мүмкіндік береді.

ZIIoT платформасына көшу 2019 жылы басталған «Алтыналмас» пен «Цифра» ынтымақтастығының жалғасы екенін айта кеткен абзал. Бұған дейін «Цифра» «Алтыналмас» үшін электронды цифрлы қолтаңбаны пайдалана отырып, ауысымдық тапсырмаларды басқарудың автоматтандырылған жүйесін өрістетуді іске асырған болатын. Осы жүйенің көмегімен кәсіптеріне сәйкес қызметкерлер арасында тапсырма үлестіру мен ауысым алдындағы тексеру негізінде қызметкерлердің жұмысқа кірісуін бақылауға болады.

 

АЛМАТЫ