14 Мамыр, 2010

ЕЛІМІЗГЕ ТАРТУЫМЫЗ – ЕЛБАСЫНА ТАРТУЫМЫЗ

527 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Бүгінде бүкіл әлемді дағдарыс буып тұр. Әуелде АҚШ-тағы ипотека нарығынан бастау алған бұл құбылыс жер-жаһанды жайлағалы да екі-үш жылдың жүзі болды. Дүние дидарында өнім өндіру көлемі жаппай кеміді. Қаншама жылдан бері даму деңгейімен адамзатты таңдандырып келе жатқан Қытайдай ұлы елдің өзі де бұрынғы жыл сайын 9-10 пайыздан өсіп отыратын қарқынынан айырылып қалды. Өйткені, қай елдің экономикасы да қазіргі таңда барша планетамен байланысып жатыр. Шикізат секторы өте маңызды болып табылатын Қазақстанды біздің мұнай мен газ, түсті металл сияқты өнімдерімізге сыртқы сұраныстың азайғаны бір қинаса, олардың бағасы күрт түсіп кеткендігі тағы қинады. Осындай жағдайда халқы, Отаны ел үшін туған ерім деп ерекше сеніп, соңынан еріп, екі тізгін, бір шылбырды қолға беріп отырған Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы деп ардақталып жатқан Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділіктен құтылу, бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру жөніндегі алыстан ойластырған саясатының қандайлық сара саясат екендігіне куә болудамыз. “Егемен Қазақстандағы” өткен жылғы бір мақаламыз “Шынығып, ширап шығамыз” деп аталған еді. Әлемдік қаржы дағдарысының қыспағынан құтылуға қол жеткізген елдердің қатарында аты атала бастаған Қазақстанның қазіргі хал-ахуалы “Тәубе, тәубе. Тіл-аузымыз тасқа” дегізгендей. Біз дағдарыстан шынында да шынығып, ширап шығуға айналдық. Кеше кешке қарай Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановамен хабарласып, мынандай сандық деректерді алдыртып едік.  Қараңыз. Қаңтар мен наурыздың арасында Қазақ­станның ішкі жалпы өнімінің өсуі 7,1  пайызды құраған. Осы кезеңде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2681,6 млрд. теңге болды, бұл өткен жылдың осы айларындағыдан 11,5 пайыз артық. Мұнай өндіру көлемі, газ конденсатымен қосқанда, 19 744,0 мың тонна болды, бұл өткен жылдың осы айларындағыдан 8,8 пайыз артық. Көмір өндіру 12,4 пайызға артты (27 404,7 мың тонна), табиғи газ өндіру 11,5 пайыз (9 653,7 млн. текше метр) өсті. Өңдеу өнеркәсібінде 18,7 пайыз өсімге қол жетті. Бөлшек сауда айналымының көлемі 10,5 пайызға, көтерме сауда айналымының көлемі 11,9 пайызға артқан. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2009 жылғы алғашқы үш аймен салыстырғанда 7,3 пайыз өсіп, 621,8 млрд. теңгеге жеткен. Әр саладан-ақ осылай жалғастыра беруге болады. Үкіметтің 11 мамыр күні Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен селекторлық кеңес режімінде өткен отырысында биылғы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша елімізде ішкі жалпы өнімнің өсуі 7,6 пайызды құрады деген мәлімет айтылған. Бұл дерек күні кеше “Нұр Отан” партиясы Саяси кеңесі бюросының отырысында қуатталды. Айтулы белестерге тарту-таралғымен бару, ардақты азаматтарға лайықты сый-сыяпат көрсету   – халқымыздың бағзыдан келе жатқан жақсы дәстүрі. Жақында жоталы биікке көтерілетін Елбасымызға да осындай ілтипат танытуға тиістілігіміз талас тудырмайды. Нұрсұлтан Назарбаевтың адамзат тарихынан ойып тұрып орын алатын тұлғалар тобынан табылатыны бүгінде айдай әлемге айқын  – жиырма жылға да жетпейтін уақыт ішінде қирандыдан, құландыдан  мемлекет құру, қоғамды бір  формациядан екінші формацияға ауыстыру, өтпелі кезеңдегі қиыншылықтардан  есеңгірей жаздаған халықты тар жол, тайғақ кешуден аман-есен алып өту, елдің еңсесін көтеру, аяғынан тік тұрғызу,  алыс та, жақын да,  Батыс та, Шығыс та мойындайтын, санасатын, құрметтейтін елге айналдыру, сан түрлі себептерге байланысты бірнеше ғасыр бойында дүниежүзілік өркениеттен шеттетіліп қалған елді жер-жаһанға таныту, тіпті ЕҚЫҰ тарихында тұңғыш рет азиялық мемлекет, тұңғыш рет ТМД мемлекеті, тұңғыш рет халқының негізгі бөлігі мұсылман дінін ұстанатын мемлекет, тұңғыш рет түркі тілдес ұлт ұйыстырып отырған мемлекет Еуропаға төбе би болатындай жағдайға жеткізу тек  шынайы реформатордың, ұлттың ұлы перзентінің ғана қолынан келеді. Мұны дәлелдеудің өзі артық. Кеше Парламент қабылдаған шешім, юриспруденция тілімен айтсақ, де-факто жағдайды де-юре жағдайына ауыстыру ғана, айдан анық нәрсені заң жү­зінде айғақтау ғана.  Ол мәртебе Нұрсұлтан Назар­баевтың жеке өзіне керек емес, ол мәр­тебе бізге керек, біздің елдігімізге, біздің бола­ша­ғымызға керек. “Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол” деген Абай атамыз. Асыл­ды тану да, азаматты ардақтау да қай заманда болсын елдің өзіне қойылатын сын. Сонда ол бүкілхалықтық ілтипатымыз қандай болуы керек? Мұның да жауабын Пре­зиденттің өзі берді. Еліміздің индустрия­лық даму мәселесін талқылаған Ақордадағы алқалы жиында Нұрсұлтан Әбішұлы мерейтойға қатыстырып: “Негізгі міндет – ойға алып отырған асқаралы жұмыстарды жүзеге асыру”  деп басалқалы пікір айтты. Міне, алғашқы тоқсанның түпкілікті анықталған қорытындылары, алғашқы төрт айдың ел бойынша шығарылып отырған  көрсеткіштері біздің осы сөзге нақты іспен жауап беруге бет алғанымызды тамаша танытады. Елбасына ілтипат көрсеткіміз келсе – елімізге еңбек етейік. Елбасына сый-сыяпат жасағымыз келсе – әрқайсымыз өз орнымызда, өз шама-шарқымызша жақсы жұмыс істейік. Елімізге тартуымыз – Елбасына тартуымыз. Елім деген, жерім деген, халқының қамын жеген ерге сол елінің өскенін, өркендегенін көргеннен, жұртының жүрекжарды ниетін сезінгеннен артық бақ та, бақыт та болмақ емес. Сауытбек АБДРАХМАНОВ.