Қазақ елі егемендік алғаннан кейін батырларымыз бен асылдарымызды ардақтауға мән бере бастадық. Осы орайда республика бойынша алғашқылардың қатарында Исатай Тайманұлының 200 жылдығы 1991 жылы біздің ауданда өткізілген еді. Ел Үкіметінің қаулысымен мерейтойды өткізу жөнінде мемлекеттік комиссия (төрағасы сол тұста Премьер–министрдің орынбасары М.Жолдасбеков) құрылды. Сол кезде Қобда жеріндегі Шейітсай қорымында: «Исатайдың сүйегі осы жерде», деп батырға құйма темір шарбақпен қоршалып, ескерткіш – белгі қойылды.
Біздің аудан бұрын Новобогат ауданы деп аталса, 1990 жылы қайта құрылған кезде Исатай ауданы болып өзгертілген еді. Өйткені, Исатай старшын болғандағы қарауындағы жері мен елі біздің ауданның аумағында, әкесі Тайман Бегәліұлының бейіті де осында. Исатай басшы, Махамбет қосшы болып, алғаш қол жинап, көтерілісті бастаған жері де мұндағы Манаш аталатын аймақ. Сол себептен, батырдың 200 жылдығына арналған республикалық негізгі іс-шаралар да осы Манашта өткізілген болатын.
Исатай батыр ұрпақтарының көпшілігі біздің ауданда тұрады. Батыр атындағы аудан Ақтөбе облысының Қобда ауданымен тығыз байланыс орнатты. И.Таймановтың жорық жолдарын білу, ескерткіш-белгісі басына құрмет жасау үшін біздің ауданнан делегациялар барып қайтты. Исатайдың ескерткіш белгісінен 4-5 шақырым жерде тереңдігі түйелі адам көрінбейтін терең сай жатыр. Осы сайдың басқа жерлері ондай жарқабақты терең емес. Сарбаздардың бой тасалап, ұрысқа дайындалған жері осы деуге толық негіз бар.
Антрополог Н.Шаяхметов 60-жылдардың аяғында Ақбұлақтың бойынан батырдың сүйегін іздеп, қазба жұмыстарына жергілікті адамдар тартылған. Сол кезде Н.Шаяхметовтің қасында болып, қазу жұмыстарына араласқан куәлердің бірі әлі де арамызда жүр. Жасы 80-ге таяған Жауғашты Жұмағалиев 1968 жылы Н.Шаяхметов жасы 80-нен асқан Құбашев Мұқаш ақсақалдың айтуымен Шейітсай деген жерде қазба жұмыстарын жүргізген. Жағалай төмпешіктерді қазғанда белден асқан тереңдіктен екі-үш адамның, кейбіреуінен төрт-бес адамның сүйегі шыққанын көрген.
«...Ең соңында кеудеге дейін қазылған бір қабірден үлкен екі дене сүйегі шығып, оны Ноэль Шаяхметов өзі алды. Осы қабірдің басына «Исатай мен оның баласы Оспан» деп тақтайға сырмен жазып, белгі қойып кеттік. Ал Мұқаш Құбашев ақсақал: «Мен, бала кезімде ауқатты Оңғарбай Сеңгіртасов деген үлкен кісінің малдарын қайыруға жәрдемдесіп тұратынмын. Сол кісі: «Ана төмпешіктің үстімен мал айдамаңдар, себебі, ол жерде Исатай деген батыр мен оның көтеріліс кезінде шейіт болған сарбаздарының мәйіті жатыр, обал болады деп отыратын», – деп жазады Жауғашты Жұмағалиев «Қобда» газетіндегі (28.ХІ.2013 ж.) «Исатайдың қабірі қалай табылды?» атты мақаласында.
Қобда елі арасындағы мына әңгіме де шамаға келетіндей. Исатайдың сүйегін жерлерде: «Басына темірден не ағаштан белгі қойсақ, уақыт өте келе шіріп жоқ болып кетеді. Сондықтан жерді қазып ақ бор құяйық. Бор жаңбыр жауған сайын, қатайып, орнын жоғалтпайды. Күндердің күнінде батырды іздеушілер осы белгі арқылы тауып алсын», – деген тоқтам жасалған екен. Сол бор әлі күнге дейін сақталған.
Атырау облысының Тайсойған жерінде туған, Жәңгір ханның беделді старшындарының бірі болған, ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлы жайлы Атырау ғалымдары зерттеу жүргізіп келеді. Талай зерттеу еңбектері жазылды. Былтырғы қазанда Білім және ғылым министрлігі мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен өткен «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетанудың рөлі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференцияда Исатай батырдың сүйегі Шейітсайда жерленгені жөнінде қаулы қабылданды.
Келесі жылы батырдың туғанына 225 жыл толмақ. Сол қарсаңда сәулеттік өнердің талаптарына да, ұлттық ерекшелігімізге де сәйкес келмейтін қазіргі ескерткіш-белгінің орнына кесене тұрғызылғанын қалар едік. Бұл – кейінгі ұрпақ өнеге тұтар елдігіміз бен батыр аруағына көрсетілген құрметіміз деп білеміз.
Жанай БЕРҚАЛИЕВ,
Исатай ауданының құрметті азаматы,
биология ғылымдарының кандидаты.
Атырау облысы.