Қазақстан • 07 Ақпан, 2022

Қазақстанда мемлекеттік шекарадан өту тәртібі өзгерді

800 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қазақстан Республикасының аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда мемлекеттік шекарадан өту тәртібі өзгерді

ВАК отырысында карантин кезеңінде қазақстандық және шетелдік азаматтардың Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібін жеңілдету мәселелері талқыланды.

Ведомствоаралық комиссия уақытша шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады:

  • Қазақстан Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының халықаралық әуежайлары арқылы шет мемлекеттерге шығуына;
  • визалық талаптар сақталған жағдайда шетелдіктерге визасыз режимі бар елдерден, сондай-ақ тікелей әуе қатынасы бар елдерден (тұрақты, тұрақты емес чартерлік рейстер) Қазақстан Республикасының аумағына/аумағы арқылы кіруге/транзиттік өтуге рұқсат беріледі.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары үшін автоөтпе жолдары арқылы шет мемлекеттерге шығу үшін шектеу мерзімі екі есе азайтылды, енді қазақстандықтар 15 тәулікте 1 рет шыға алады.

Елге кіру кезіндегі жалғыз талап – шетелден келгендердің барлығы вакцина алғанына қарамастан, 72 сағат ішінде жарамды COVID-19-ға теріс ПТР-тесті туралы анықтаманы ұсынуы керек. Бірге алып жүретін адамдарда теріс тест туралы құжат болған жағдайда 5 жасқа дейінгі балалардан анықтама талап етілмейді.

Бұл шаралар экономикалық қызметті жандандыруға, отандық туристік бизнесті дамытуға және елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 21 қаңтарда бизнес өкілдерімен кездесу барысында Үкіметке коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша карантиндік шараларды қолдану тәсілдерін қайта қарауды тапсырған болатын.