Қазақстан • 07 Ақпан, 2022

Дарынды тұлға

603 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Еліміздің көрнекті ғалымы, жоғары мектеп пен ғылымның белгілі ұйымдас­тырушысы, қоғам және мемлекет қайраткері Кенжеғали Сағадиев тірі болғанда бұл күндері оның 84 жасын тойлар едік.

Дарынды тұлға

Кенжеғали Әбенұлы жастайынан білім мен ғылымға ұмтылып, сол са­ла­лардың шыңына жетті. Мектепті үз­дік бітіріп, алдына экономика сала­сының маманы болуды мақсат етіп, жо­ға­ры білім алып, өзінің оқы­ған С.М.Киров атындағы Қазақ мем­ле­кет­тік университетінде еңбек жолын ас­сис­тенттіктен бастап ширек ғасыр­дың ішінде республикамыздағы төрт уни­верситеттің ректоры дәрежесіне көтерілді.

Кенжекеңнің басқарған универси­теттері оқу процесіне озық әдістемелерді енгізуде және материалдық базаларын жақсартуда мемлекетіміздегі оқу орын­дарының алдыңғы қатарына шық­қан. Бірнеше мыңдаған маман даярланған.

Кенжеғали Әбенұлы ғылыммен айналысып, Г.В. Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы институ­тының аспирантурасында 28 жасында кандидаттық, 39 жасында докторлық диссертация қорғап, экономика ғылым­дарының білгірі атанды.

 К.Ә.Сағадиевтің зерттеушілік қа­білеті Мәскеу ғылыми орталықта­рын­да сыналып, шынықты. Оның алғаш­қы ғылыми жұмыстары материал­дық-техникалық жабдықтауды ұйым­дастырудың келелі мәселелеріне бай­ланысты болды. Ол осы бағытта өнім­ді ізденістер жасап, өндіріс құрал­дарының айналу заңдылықтарын аша­тын, өндірістік инфрақұрылым сала­ларының экономиканың даму қарқы­ны мен өзара байланысына әсерін анық­тайтын іргелі еңбектер жазып шы­ғарды. Мысалы, «Материалдық-тех­никалық жабдықтаудың экономи­калық тиімділігін арттыру мәселелері», «Қазақстанда материал­дық-техникалық жабдықтауды басқа­ру» «Материалдық-тех­­ни­калық жабдықтау және өнді­ріс тиім­ділігі», «Қазақстанның материал­дық-техникалық жабдықтау және сату қоры» және осы секілді өзі жеке немесе басқа ғалым­дармен бірігіп жаз­ған мақалалар мен монографияларында К.Ә.Сағадиев республикада мате­риалдық-техникалық жабдықтауды аумақ­тық ұйымдастыруды және өндіріс құралдарын көтерме сауда арқылы таратуды жетілдірудің ғылыми негізін қалап, практикалық ұсыныстар жасады.

Еліміз тәуелсіздікке ие болғаннан кейін К.Ә.Сағадиев мерзімді баспасөзде экономикалық кадрлар даярлау жағдайы, республика ғылымын ұйымдастыру, нарыққа көшу барысын жақсарта түсу жолдары жөнінде жиі мақалалар жазып тұрды. Мысалы: «Нарықтық кадрлар көп нәрсені шешеді», «Нарық халыққа бет бұрсын», «Реформа баспалдақтары», «Қазақстан экономикасының нарықтық өзгерістерін жасау стратегиясы туралы» және басқалары.

Сонымен қатар ол реформа проблемалары туралы бірнеше рет республика басшылығына да хат жолдады. Мәселен: «Шетелдік инвестициялар жөніндегі ұлт­тық агенттік құру», «Ұлттық валюта енгізудің кезек күттірмес шаралары», «Қазақстандағы экономикалық рефор­малардың түбегейлі стратегиялық және тактикалық мәселелері», «Қазақ­станның қаржы-қаражат саясаты туралы».

1994 жылы 2 ақпанда К.Ә.Сағадиев Ұлттық ғылым академиясының жалпы жиналысында оның толық мүшелерінің (академиктерінің) көпшілік даусымен ҰҒА президенті болып сайланды. Көп кешікпей оны ҰҒА-ның жалпы жиналысы толық мүше (академик) етіп сайлады.

Қазақстан Президентінің 1994 жыл­дың ақпанындағы «ҚР Ұлттық Ғылым академиясының мәртебесі және ғылымы мемлекеттік қолдау ша­ра­лары туралы» жарлығына және ғылымды реформалау жөніндегі бас­қа да құжаттарға сәйкес академия құ­рылымдары мен оның мүшелерінің қызметін реттейтін ҰҒА-ның жаңа нор­мативті материалдары дайында­лып, қабылданды, іргелі және ірге­лі-қолданбалы зерттеулердің басым бағыттары белгіленді. Ғылыми құры­лымдардың қызметі, мамандар әлеуеті және материалдық-техникалық база тексеріліп, аттестацияланды. Іргелі зерттеулердің технологиялық бағдары және Ғылыми зерттеу институттарының зерттемелерін іс жүзінде қолдану бағыт­тары күшейтілді.

Күрделі ғылыми-техникалық мәсе­лелерді мүдделі министрліктер мен ведомстволардың қатысуымен ҰҒА Президиумының бірлескен және кеңей­тілген мәжілістерінде қарастыру тәжі­рибесі енгізілді.

Еліміздегі өткір экономикалық мә­селелердің шешімін табуға ғылыми қызметкерлерді жұмылдыру мақсатында республикалық ашық конкурс жарияланып, жеңімпаздарды марапаттауға ақшалай сыйлық тағайындалды. Ғалым­дарды өз еңбегінің нәтижесін шыға­руға қызықтыру үшін келісімшарт жағ­дайында жұмыс істеу кең түрде қолға алынды.

Сондай-ақ К.Ә.Сағадиев ғылымды дамытудың үздік бағыттары бойынша жаңа төрт ғылыми зерттеу институтын ұйымдастырды.

Олардың бірі (Қарағандыдағы Фито­химия институты) бүгінде шетелдерде сұранысқа ие нәтижелі дәрілік препараттар жасап халықаралық аренаға шығып отыр.

ҰҒА-ның директорлық құрамы айтар­лықтай жасарып, жаңарды. Президент ҒЗИ-дың бюджетке иек артушылық қалпын өзгертіп, олардың басшыларын шетелдермен қарым-қатынас жасауға, әр түрлі ғылыми қорлардың конкурстарына қатысуға, коммерциялық істерге белсене араласуға бағыттады.

Атырау және еліміздің батыс өңірін­де орналасқан облыстардың дамуы, әсіресе отын-энергетика кешендері та­биғи байлықты ғылыми тұрғыда терең зертт­еуді, озық ғылыми технологияны енгізуді талап ететіні белгілі.

Сол кезде Атырау облысында халық­­аралық және республикалық ғылы­ми академияның 40-тай академигі, жүз­деген доктор мен кандидат тұратын. Жо­ға­рыда айтылған себеппен, әлемнің дамы­ған мемлекеттерінің тәжірибесіне сай ғалымдардың әлеуетін бі­рік­тіріп, Атырау облыстық қоғам акаде­миясы (АБК «Академия») бірлестігін құрдық.

Бұл ғылыми орталық мұнай-газ са­ласымен бірге экология, Азғыр-Тай­сойған ядролық полигонындағы жары­лыстың зардабынан құтылу, ауыл ша­­руа­шылығын реформалау, құнды балықтардың қорын сақтап қалу және білім беру, денсаулық сақтау салаларын жетілдіруді, бас­қа да маңызды мәсе­лелер кеңінен қамтыды.

АҚБ «Академия» мүшелері мені осы ұсынысты бастаушы және ұйым­дастырушы облыс әкімі ретінде Бірлес­тіктің төрағасы етіп сайлады.

Ғылыми Бірлестік жұмысының нәти­ж­елілігін байқаған соң, біз Ғылым және озық технологиялар Министрлігіне ұсы­ныс бердік.

Менің идеямды және министрліктің алқасында жасаған баяндамамды, яғни Атырау қаласында батыс облыстарының (Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау) ғалымдарын біріктіретін «ҰҒА батыс бөлімшесін» Құруды министр В.С.Школьник, ҰҒА Президенті К.Ә.Сағадиев бастаған алқа мүшелері қолдады.

1995 жылы маусым айында АҚБ «Академия» Атырау қаласында ғылы­ми-практикалық конференция ұйым­дастырып, оған Алматыдан және елі­міз­­дің батыстағы төрт облысынан ға­лым­дар қатысты. Сол конференция­да сөйлеген сөзінде К.Ә.Сағадиев елі­міздің батыс өңірін дамыту жөнінде өз пікірін баяндап, әсіресе мұнай-газ саласына мол көңіл аударды және ҰҒА Президиумының Батыс бөлімшесін құрып, орталығын Атырау қаласы ету жөніндегі шешімін хабарлады.

Конференцияға қатысушыларға Кенжеғали Әбенұлы жаңадан құрылған Батыс бөлімшесінің төрағасы болып, техника ғылымның докторы Шмидт Мұсаұлы Айталиев тағайындалғанын хабарлап, таныстырды.

Конференция барысында сөйлеген ғалымдар еліміздегі Батыс өңірінің дамуы жөнінде бірталай ұсыныстарын берді.

Форумға қатысқан ғалымдар елімізде алғаш рет академик Қ.И.Сәтпаев атын­дағы көшеде оның ескерткішін ашу рә­сіміне қатысты. Осыдан кейін ҰҒА Шы­ғыс және Оңтүстік бөлімшелерін ашты.

1994-1996 жылдары ҰҒА және оның Президиумы жалпы республикалық шараларды ұйымдастыру орталығы болды. Осы жылдары ҰҒА-ның ұлы ға­лым-энциклопедист және мемлекет қайрат­кері Мұхамед Тарағай Ұлықбектің 600 жылдығына, қазақтың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына орай өткізген сессиялары мен конференциялары сол уақыттың ірі оқиғалары болып саналды.

К.Ә.Сағадиев делегацияның мүшесі немесе жетекшісі ретінде, кейде ғылыми ұйымдардың шақыруымен шетелдерге жиі шығып, ғылыми баяндамалар жасады. Сондай-ақ ғылым-білім беру бай­­ла­­ныстарын құру және дәріс оқу үшін АҚШ, Франция, Ұлыбритания, Гер­мания, Оңтүстік Корея, Пәкістан, Иран, Израиль, Қытай және басқа шетелдерге шықты.

1996 жылы К.Ә.Сағадиев Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры болып тағайындалды.

2001 жылы К.Ә. Сағадиев Халық­ара­лық бизнес университетінің прези­денті болды. Мұнда өзінің сүйікті ісі бизнеске мамандар даярлау мен эконо­микалық реформалардағы зерттеу жұ­мыс­тарына белсене қатысу мүмкіндігі туды.

Халықаралық бизнес университеті – еліміздегі дамып келе жатқан бизнеске мамандар даярлау үшін құрыл­ған жекеменшік жоғары оқу орны. Оның классикалық университеттер­ден ерекшелігі – экономикалық тәжі­ри­бемен тығыз байланыс, нарық сұраны­сына жедел көңіл бөлу, экономика ре­формаларының құбылысына сай оқу жос­парларының икемділігі.

Университет қабырғасынан шетел тәжірибесімен жақсы таныс, өз ісін, өз кәсібін жүргізуге қабілетті, компания, фирма және басқа жеке жобаларды басқара алатын менеджер мамандар шыға бастады.

К.Ә. Сағадиев «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының мүшесі ретінде 2004 жылы және 2007 жылы партиялық тізім бойынша 3-ші және 4-ші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты болып екі рет сайланды. Парламент Мәжілісінің үшінші шақы­ры­лымында Қаржы және бюджет коми­тетінің төрағасы қызметін атқарды.

Осы кезең ішінде К.Ә.Сағадиев еліміздің бюджет жүйесін өркендету және оның тұрақтылығын дамыту мақсатында көп еңбек етті. Оның ұсынысы бойынша экономика салаларының бюджет жобалары бөлек қаралатын болды, бұл бюджет бағдарламалары әкімдіктерге бөлінетін қаржы-бюджет ресурстарын дәл зерттеуге мүмкіндік береді. Осындай тәжірибе 4-ші шақырылған Парламент Мәжілісінің жұмыс әдісіне де енді.

Сонымен қатар салық құры­лымын жақсарту, оны жылжымайтын мүлік пен басқа мүлікке көбейту, ал керісінше, еңбекақы қорына, яғни бір­лескен кі­ріс салығын азайту жөнінде де өз ұсынысын айтқаны есімізде.

Парламент депутаты ретінде К.Ә.Са­ға­диев қор нарығын дамыту тура­лы, рейдерлікке қарсы тұру шаралары мен еліміздегі заңсыз көші-қон жағдайлары, шетелдік инвестицияларды тарту және басқа да келелі мәселелер бойынша Үкіметке бірнеше рет сауал жолдады. Кенжеғали Әбенұлы бұрын шетелдік компанияларға берілген Қазақстанның мұнай және басқа да кен орындарын мемлекет меншігіне қайтарудың белсенді жақтаушысы, «Кен орындарын пайдалану туралы» Заңына түзетулер енгізуді ұсынушылардың бірі, осыған сәйкес ел аумағындағы шетелдік компаниялар акцияларын сатқан жағдайда, республика оларды сатып алуға басым құқыққа ие болады.

Кенжеғали Әбенұлы елімізде алғаш­қылардың бірі болып Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің тиімділігі мен көлеңкелі жақтарына жүр­гізген сараптамасымен баспасөз бетте­рінде сөз алды.

Қазақстан экономикасын жаңа­лау­дағы өткір мәселелерді зерттеудегі К.Ә.Саға­диевтің жүйелі де ұзақ еңбегі оны үздік ғалым-реформаторлар қата­рына шығарды.

«Қазақстандағы реформалар: талда­ма­лық көзқарас» атты оның төрт томдық еңбегі Қазақстандағы реформа үрдісінің жоғары мәнді хроникасы, олардың же­т­іс­тігі мен кемшіліктерінің тура көрі­нісі. Автордың онда жазған келелі ұсы­ныстары мен кеңестері осы күні де, бола­шақта да өз мәнін жоғалтпайды.

Академик К.Ә.Сағадиевтің жетек­ші­лігімен 15 докторлық және 40 канди­даттық диссертация қорғалды. Оның 250-ден астам жұмысы, 30-ға жуық монографиясы, кітабы және кітапшалары жарық көрді.

Ғалым, қоғам және мемлекет қайрат­кері К.Ә.Сағадиевтің көп жылдық жеміс­ті еңбегін кеңестік – партия органдары, ҚазКСР және Үкіметі және барлық ғылыми, республикалық қоғамдық орын­дар жоғары бағалады.

Ол Еңбек Қызыл Ту, Ха­лықтар дос­тығы, «Парасат», II дәрежелі «Ба­рыс», «Отан» ордендерімен және бір­не­ше медальдармен марапатталды. «Қа­зақ­стан Республикасының ғылымы және техникасының еңбек сіңірген қайрат­кері» деген атаққа ие болды.

Кенжеғали Әбенұлы Қостанай облы­сының Әулиекөл, Амангелді, Науырзым, Жангелді аудандарының және Арқалық қаласының Құрметті азаматы.

Алғашқы кездесуіміз ширек ғасыр­дан астам уақыт бұрын болды. Бірінші күннен бастап арамызда жылы қарым-қатынас басталып, достыққа айналды. Экономика саласы және жалпы, өмір жөнінде үнемі ақылдасып, пікірлесіп, сырласып жүретін едік.

Парламент Мәжілісінің үшін­ші шақы­рылымының депутаты болып, Кен­же­­кеңмен бірге «Отан» партиясының ұсы­нысымен сайландық және көрші бо­лып бір ғимаратта тұрдық, өмірінің соңына дейін жанұямызбен араластық.

Кенжекеңнің сүйікті жары Нағытай Әбітайқызы Кішкенова – экономика ғылымдарының кандидаты, доцент ағамыздың, арқа сүйер көмекшісі. Жең­ге­міз, өте ақылды және іскерлігімен ерекше жан. Өсірген тамаша ұрпақтары өздерінің жолын жалғастырды.

Қорытып айтқанда, К.Сағадиев өне­ге­лі өмір сүрді, өзінің бойындағы асыл қа­сиеттері арқасында қоғамның төрі­нен абройлы орын алды және ерен еңбегімен артында өшпестей із қалдырды.

 

Равиль ШЫРДАБАЕВ,

мемлекет және

қоғам қайраткері