21 Наурыз, 2014

Бітімгер

498 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Арманы асқақ ару қыз кейіпті керім шаһардың кербез бір тұрғынымен өздеріңізді таныстырғым келеді, оқырман. Ол – сонау Домалақ ене, Алтын, Қызай, Ұлпан, Дәулетбике сынды аналардың жолын қуып, ел мен елді, халық пен халықты табыстыратын, әлемдік дипломатия аясына бітімгер ретінде қазақ қыздарының арасынан алғаш шыққан Ризвангүл Елтайқызы Садықова. Rizvana Sadykova Ризвангүлдің атын алғаш естігенде оны өзбектің немесе ұйғырдың қызы ма деп ойлағанмын. Сөйтсек, кейіпкеріміздің әкесі Елтай ақсақал заманының көзі ашық, жоғары білімді, әдебиетті көп оқитын, оқыған-тоқығаны мол зерделі азаматы болған екен. Ризвангүл өмірге келерден бұрын осы есімді иеленген әдеби кейіпкерді керемет ұнатып, қыз туса атын Ризвангүл қоямын деп шешеді. Осылайша, Қарағанды облысының Шет ауданында туып, Қарағандыда медицина институтын үздік тәмамдаған қыз алғашқы еңбек жолын Целиноград қаласында дәрігер-эпидемиолог болып бастайды. – Алты жасыма дейін әжемнің бауырында өскендіктен, таза қазақ тілінде сөйлейтінмін. Алғашқы білген орысша сөзім «капремонт» еді. Себебі, Шет ауданының орталығы – Ақсу-Аюлы кентіндегі орыс мектебінің директоры, анамның жаз бойғы айналысатын басты шаруасының бірі осы жөндеу жұмыстары болатын, – дейді Р.Садықова. Оның БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына келуі де қызық. 1989 жылы дәрігер-эпидемиолог Ризвангүл Мәскеуге докторантураға түседі. Бірақ докторантура аяқталмай жатып Одақ тарап кетеді де ол бұрынғы Кеңес Одағынан және социалистік елдер мен Африкадан, Кубадан келген студенттер секілді орта жолда қалады. Не істеу керек, елге барайын десе диплом жоқ, оқу орта жолдан үзілді, ол енді Мәскеуде жүріп, «Дүниежүзілік университеттік қызмет» атты гуманитарлық ұйымға жұмысқа кіреді. Ал ол Мәскеудегі өзі тәрізді білімін жалғастыра алмаған дамушы елдерден келген жастарды елдеріне қайта алмаған жағдайда жұмысқа орналастырып, мүмкіндігі болса оқуларын жалғастыруы мен елдеріне қайтуы сынды жұмыстармен айналысатын. Еті тірі, орыс тілімен қатар, бірнеше шет тілін еркін меңгерген қыз халықаралық қатынастар бойынша тәжірибе жинақтай жүріп, 1997 жылы Мәскеудегі Дипломатиялық академияны да үздік тәмамдайды. Алдында ғана академия бітірген соң қайда барамын, не жұмыспен айналысамын деген бір оймен орыс, француз, ағылшын тілдерін еркін меңгерген қыз құжаттарын халықаралық ұйымға жіберген болатын. Арада біршама уақыт өткенде БҰҰ-ның бітімгерлік операциялар жөніндегі департаментінен хабарласып тұр, Ризвангүл жіберген құжат осында келіп, департаменттегілер оның түйіндемесімен танысқандықтарын, егер қаласа өздерімен бірге жұмыс істеуге шақырған. Осылайша 1999 жылы Ризвангүл Елтайқызы Косовода әскерилерді демобилизациялаумен айналысатын БҰҰ-ның бітімгерлік миссиясына келіп қосылады. – Менің бұл елмен алғашқы таныстығым әуеден, одан ұшақтан жерге табаным тигенде басталды. Бұрын тұтас бір федерация болып, енді бірнеше бөлікке бөлінген елдердің бірі –Македонияның астанасы Скопье әуежайына түскенде енді ғана аяқталған соғыс лаңын сезген жоқпын. Ал автобусқа отырып, қалай шекарадан өттік, солай соғыстан қираған үйлер, быт-шыт көшелер мен маңайыңа көз салсаң үрейіңді алатын картинаға жолықтық. Соғыс аяқталды дегенмен, Косово бостандығы үшін күрескен әскердің жауынгерлері қаруларын тастағылары келмейтін. Әсіресе, жастар жағы қолдарына автоматтан басқа құрал ұстамаған. Лаң кірген елдің аптығы басылып, бірден қалыпқа түсіп кетуі оңай ма? Адамдардың психологиясы өзгерген, оқу оқымаған, мамандықтары жоқ жастарды бейбіт тіршілікке бейімдеу оңайға соққан жоқ. Біз оларды бейбіт өмірге бейімдеп, мамандықтар алуына көмектесуге, жалпы бітімгерлікке шақыруға тиіс едік. Ол бір өте лапылдап тұрған сәт еді. Біз келген соң 3 күннен кейін дәмханаға барған болгарлық бітімгер даяшыға серб-хорват тіліне ұқсас болгарша тіл қатқаны үшін көз жұмды. Ал қашаннан сан тілдегі, сан ғұрыптағы адамдардың бір-біріне құрметпен қарайтын ортасында өскен, дүниеге деген көзқарасы интернационалистік бағытта қалыптасқан маған бұл қатты әсер етті. Ушығып тұрған ахуал ішінде жұмыс жасау да қиын еді еді, – деген Р.Садықова әңгімесін әрі жалғады. – Албандар Ризвангүл деген есімімді естігенде өздеріне тартатын, сербтер де орыс тілінде сөйлейтінімді көргенде мені шет көрмейтін. Өйткені, серб тілі славян тілі тобына жататын болғандықтан, тез арада олардың тілін үйреніп алдым, – дейді Ризвангүл Елтайқызы. Осылайша екі жақты да бітістіруге ұмтылған бітімгерлер арасында тұңғыш бітімгер қазақ қызы Косоводағы қиын жұмысын бастайды. Ричард Холбрук, Мадлен Олбрайт, Кофи Аннан, Сергей Лавров сынды әлемдік дәрежедегі танымал тұлғалармен таныс, Францияның бұрынғы денсаулық министрі, «Дәрігерлерде жоқ шекара» атты беделді халықаралық ұйымның негізін қалаушы Бернард Кушнермен бірге қызмет атқарған қазақ қызы бұдан соң да бітімгерлік жұмысын әрі қарай жалғастырады. – Косово менің өмірге деген көзқарасыма қатты әсерін тигізді. Мен өз Отанымдағы мем­лекеттік деңгейде қойылған этностар мен дінаралық ұғыныстықты құрметтеп және қадірлей білген саясаттың аса құнды адамзаттық игілік екендігін бар жан-тәніммен сезіндім. Оны жүрген жерімде айтып, біздегі елішілік ахуалмен таныстыра кетуді міндет санайтынмын. Мен арқылы олар көпшілігінде бұрын естімеген қазақ халқын танитын. Ол кездері тіптен қиын болатын. Сонда жүріп, біздегі мектеп жасындағы оқушылар білетін мәліметтерді ересектердің білмейтініне таңдандым. Ал қазір Нұрсұлтан Назарбаев бейбіт бастамаларымен, игі ойларымен әлемдік саясаттың сахнасына шыққан соң, қазіргі уақытта шетелдерде жүргендерге оңай. Біздің Елбасымызды, ол кісінің ұстанған салиқалы саясаты жөнінен көзіқарақты жанның бәрі хабардар ғой, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында біздің елмен жұртшылық онша таныс емес-тін, – дейді ол. Бітімгердің енді бір халықтан алғыс алған жері – қара құрлықтағы Судан елі. Дарфурдағы азаматтық кикілжіңнен зардап шеккен бос­қындарға төтенше гуманитарлық көмек көрсету­де үйлестірушілік қызмет атқаруды тағдыр қазақ қызының пешенесіне жазыпты. Адам баласын нәсіліне, дініне, ұлтына қарап бөлуді, немесе әлдебір ұлттың артықшылығы дейтін ұғымдарды түбегейлі қабылдамайтын Р.Садықова: «Жер бетінде жаман халық, жаман ұлт жоқ. Бес саусақтың бірдей болмай­тыны тәрізді, қай ортадан да жақсы мен жаман араласа туады. Ал оны жақсылыққа бастау, қоғамның игілігіне қызмет еткізу, халық­тың басты құндылықтарының біріне айналдыру көрегендіктің, кеңдіктің белгісі. Мен халқымыздың осы қасиеттерін ұштай білген біздің мемлекеттік саясаттың жетістігін әлем біле түссе екен деймін», дейді. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» деген халқымыз. Ол бүгінде өзінің көргендері мен түйгендерін, алған білімі мен тәжірибесін тәлімгерлерімен бөлісіп, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында, Қазақ гуманитарлық заң университетінде дәріс оқып жүр. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».