Аймақтар • 07 Ақпан, 2022

Шекаралық ауданға - айрықша назар

747 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Шекаралық аудандарды дамытуға былтыр 43 млрд теңге қаржы жұмсалғанымен, шарапатын көрген жоқпыз деседі тұрғындар. Халықтың пікірінше, Катонқарағай, Тарбағатай, Марқакөл, Мақаншы жеке аудан болып бөлінбейінше, тұрғындардың әлеуметтік әл-ауқаты түзелмейді. 

Шекаралық ауданға - айрықша назар

Суреттерді түсірген автор

Жуырда марқакөлдік тұрғын­дар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа шекара шебін шегендеу үшін Марқакөл аудан бо­лып қайта құрылуы керек деп үндеу жасады. Талап-тілектері Ақор­даға жетіп, Президент назар аударса деседі. Айта кетсек, Прези­дент Үкіметке шекаралық аймақ­тарды дамытудың кешенді бағдар­ла­масын жасау туралы тапсырма берген-тұғын.

Сонымен қатар Қазақ­стан Жазушылар одағы Шы­ғыс Қазақстан облыстық филиа­лы­ның директоры Әлібек Қаңтарбаев Катон­қа­рағай өзін­ше жеке аудан болуы ке­ректігін алға тартып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазды. Тарбаға­тай­лық­тар да Ақжар мен Ақсуат екі аудан болуы керек деп есеп­тейді.

 Марқакөлдіктер өгей баланың күйін кешіп отыр

Марқакөл – Қытаймен ше­ка­раласып жатқан өңір. Күр­шім ауданына 1997 жылы қосылған. Содан бері көл ма­ңын­­дағы ауылдардың хал­қы сиреп барады. Қаңырап, бос қалған үйлер көп. Мар­қа­­көлдіктер үшін облыс ор­та­­лығын қойып, аудан ор­талығы – Күршімге же­ту мұң. Рас, проблемалары шаш етектен. Айтылмай жат­­қан жоқ. Бұл жолы амалы қалмаған тұр­ғын­дар Прези­дент­ке бей­не­­­үндеу жолдады. Тү­сі­ріл­ген видеоны әлеу­мет­тік желіге жа­риялады.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз­дің «Халық үніне құлақ аса­тын мемлекет» тұжы­рым­да­ма­сын іске асырамыз деген бастамаңызға үміт арта отырып, Марқакөл өңірін қайта қалпына келтіруді ұсынамыз. 1997 жылы аудан тарағаннан кейін шаруашылықтар тоқ­та­ды, кәсіпкерлік әлсіреді. Аудандық ауруханамыз да жа­б­ылып тынды. Үкіметтен үміт үзген ел орталыққа үдере көшті. Бүгін Марқакөл өңі­рін­де аудан халқының үштен бір бөлігі ғана қалды», дейді тұр­ғын­дар.

49589

Шекара шебіндегі ауыл­дар­дан табан аудармай тұрып жатқан елдің айтуынша, өңір­де игерілмеген жер, бос қалған үйлер, қаңырап қалған мектеп пен балабақша көп. Қылаяғы іргесіндегі Зайсаннан шыға­тын газға қолдары жет­пей отыр­­ғандарына қынжылады. Бай­­лықтың үстінде отырып, қыстай бағасы удай көмір жа­ға­­ды. Ал Марқакөлдің қысы алты-жеті айға созылады.

«Марқакөлдіктер өз елін­де өз қазынасына қолы жетпей, өгей баланың күйін ке­шіп отыр. Көп мәселенің жал­ғыз шешімі – Марқакөл ауданын қайта қалпына келтіру деп білеміз. Қазір көршілес жатқан Қытай елінің түнгі шамдары жарқырап, шека­ра­ның арғы жағында елді мекендер саңырауқұлақтай өсіп жат­са, біз жақтағы үй­лер­дің ша­мы жылдан-жыл­­ға кеміп барады. «Бос жатқан жер жау шақырады» демекші, шекаралық аудандарды бос қалдыру қандай саясат екеніне халықтың миы әлі жетпей жүр. Ендігі біз­­дің мақсат – азаматтарды көшірмей, жаққан оттарын өшірмей, ауданды қал­пы­на келтіру», дейді Мар­қа­көлдің тұрғындары бей­не­үндеулерінде.

Облыстан шекаралық аудан­­­­­дарға мүлдем көңіл бө­­лін­­­беді деуге болмайды, әри­не. Шекаралық аудандарды да­мытудың 2024 жылға дейін арнайы бағдарламасы бар. Өткен жылдың өзінде ғана жобаларды жүзеге асы­ру­ға 43,6 млрд теңге жұм­сал­ды. Облыстық Ақпарат орта­лығының мәліметіне сүйен­сек, шекарадағы бес аудан­ды дамыту үшін бес жыл ішінде 231,5 миллиард теңге көлемінде инвестиция жұмыл­ды­ру жоспарланған екен. Алай­­да тұрғындар бө­лініп жат­­қан қаржының ша­­ра­патын кө­ріп отырған жоқ­пыз деседі.

– Қаржы бөлінбей жатқан жоқ. Бірақ тұрғындардың қажеттілігіне жұмсалмайды. Мәсе­лен, Боран ауылына 670 млн теңге қаржы бөлініп су тартылды. Өкініштісі сол, істің басы бар, аяғы жоқ. Қазір ауылда бірде-бір үй су алып отырған жоқ орталықтан. Шынын айтқанда, ауыл­дық­­тар ауыз суға зәру де емес еді. Менің ойымша, сол қар­­жыны медицинаға бөлу керек болған. Олай дейтінім, тіркеудегі мүгедектердің бірі де тегін дәрі алмайды. Мы­са­лы, Игілік ауылындағы мед­пункттің аты ғана бар, – дей­ді Боран ауылының тумасы Алмат Хасенов.

Иә, айтқандай облыс әкім­ді­гі бюджеттен қаржы бөл­­мес бұрын ауыл, аудан тұр­ғын­дарымен кеңесіп, қа­жет­ті­ліктерін ескерсе, бө­лін­ген қар­жы мақсатты жұм­салып, ел игілігіне жарар ма еді?!

 Аудандарда атқарылған жұмыс аз емес. Алайда...

Шекара шебінде жат­қан бес ауданды дамыту үшін бюджеттен қаржы қарас­ты­рылған, жоспар бекі­тіл­ген. Шығыс Қазақстан облыс­тық Ақпарат­тық орта­лық жол­да­ған мә­лі­мет­­терге сүйе­нер болсақ, был­­тыр Күр­шім ауда­нында агро­өнер­кәсіп кеше­нінің 35 жобасы бойынша не­сие беріліп, оған 374 ірі қара мен 221 жылқы сатылып алынды. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер 57 тех­­ни­каға қол жеткізген. Атап айт­­сақ, Марқакөл ауы­лын­­­д­ағы «Нұралы» шаруа қо­жа­­лығында сүт өңдеу цехы ашы­лып, «Саят» ша­руа қо­жа­­лығында тауарлы сүт фер­­­масының құрылысы аяқ­та­­лыпты.

Ал Тарбағатай ауданы, Ақжар ауылында дүкен мен ба­зар салынған. Көпбалалы от­басылар мен халықтың әлеу­меттік осал топтары үшін 25 екі пәтерлі үй пайдалануға берілді. Ақсуат ауылында сумен жабдықтау желілері тар­тыл­ды. Бірқатар ауылда көше жарықтандырылған. Қы­зыл­кесік, Маңырақ, Көк­жы­ра, Ойшілік ауыл­да­ры­ның көше­лері абаттандырылып, тро­туар төселді.

Зайсан ауданында «Биз­нес­тің жол картасы-2025» бағдарламасы шең­бе­рін­де ірі қара мал өсіру, нан-тоқаш өнімдерін өндіретін бизнес-жобалар іске асты. Үш сауда нысаны пайдалануға бе­ріл­ді. Аудан орталығында 60 пәтерлі үй салынды. Бес ау­ылда суды тазарту үшін блок­­ты-модульді стансалар орнатыл­ды. Айнабұлақ, Дайыр және Қарабұлақ ауыл­да­рында көшелерге жарық тар­ты­лыпты.

Катонқарағай ауданында туризм саласы бойынша айтарлықтай жұмыстар атқа­рылды. Өрел ауылында де­малыс базалары, Берел ауылында дәмхана, Үлкен Нарын ауылында жанармай құю стансасы салынды.

Туризмі дөңгелеп тұрған Үржар ауданында да бірқатар істің басы қайырылды. Ала­көл­дің жағалауында медицина және полиция пункттері са­лынды. Үржар ауылында балалар ойын орталығын ұйым­дастыру үшін, Ақжар ауы­лын­да жартылай фабрикаттар өндіру үшін 12,5 млн тең­ге­ге төрт грант берілді.

Алайда бұл жұмыстар аудан­ ­халқын тұрақтандыруға сеп бола ала ма? Уақыттың сұрағы. Мейлі, көшеге жарық тарт, су құбырын жүргіз, би билеп, ән салатын субұрқақ орнат, екі қолға бір күрек табылмаса, халық тұрақтай ма?! Емхананы қойып, дәріхана жоқ болса, халық тұрақтай ма?! Айта берсек, мәселе көп. Жазушы Әлібек Қаңтарбаев айтпақшы, ауызды құр шөп­пен сүртіп келе жатқан жоқ­пыз ба?!

«Катонқарағай өңірі – Жа­рат­­қанның жер бетіне ал­­қа­­лай салған үлкен сыйы. Егер де осы өңір басқа бір өр­ке­ниет­ті елдің меншігі болса, олар оны әлемге әйгілі турис­­тік орталыққа айналдырып, миллиондаған доллар сауып отырар еді. Біздердікі құр тамсаныс: «Катон – жер жәннаты, ғажап табиғат, керемет көркемдік!» дегеннен аса алмай аузымызды құр шөп­пен сүртумен келеміз. Егер Катоқарағайға өз стату­сы қайтарылып, ертеңгі кү­ні шын мәнінде туризм орта­лы­ғына айналса, бүгінде одан көшіп кеткен Алтай жұр­ты­ның көпшілігі өздерінің кіші отандарына оралар еді. Ал мәселе дәл осы кері кеткен түрінде қалар болса, өзі­міз мақтан тұтып жүрген Ка­тонқарағай енді бір 5-10 жылдың көлемінде медиен жайлауға айналып, ертеректен көздерінің құрты тү­сіп отырған Ресей мен Қы­тай­дың меншігіне айналып кетуі ғажап емес. Бұл проб­ле­маны ертеңге қалдырудың ең қауіпті тұсы да осында!», дейді Әлібек Қаңтарбаев Пре­зи­дентке жазған хатында.

Білеміз, бұл мәселе БАҚ бет­терінде аз көтеріліп жүрген жоқ. Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров та елдің жағдайын Президентке жеткізген. Бұған қуанған шекара тұрғындары малақайларын аспанға атты. «Жаңа Қазақстанда» жаңа аудан­дар құрылып жатса, ел се­ні­мінің ақталғаны, «мем­ле­кеттің халық үніне құлақ асқандығы» дер едік.

 Шығыс Қазақстан облысы