Аймақтар • 08 Ақпан, 2022

Сырда күріш алқабы тағы азаяды

669 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сырда күріш алқабы тағы азаяды. Өйтпеске амал жоқ болып тұр. Жер таңдайын жібітіп, жағалауын қоныс еткен байырғы жұрттың тіршілігіне өзек болған Сырдария деңгейі биыл да діттегеніміздей болмай тұр. Өткен жылды өңір диқандары әупірімдеп өткізген. Биыл сол былтырғы көлемге де жете алмайтын түріміз бар. Об­лыс­қа сапармен келген Экология, геология және табиғи ресурс­тар вице-министрі Серік Қожаниязов тапшылықтың зардабын азай­тудың барлық мүмкіндігін қарастыру керектігін айтып отыр.

Сырда күріш алқабы тағы азаяды

Қазір өңірде көктемгі егіске да­йын­дық басталып кетті. Осы­ған бай­ланысты кеңейтілген жиын өт­кізі­ліп, оған облыс әкімі Гүлшара Әб­ді­­қалықова, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-ми­­нистрі Серік Қожаниязов, «Қазсу­шар» РМК бас директоры Ал­тай Елжасов, қала, аудан әкім­де­рі, тиіс­ті құрылым жетекшілері мен ша­­руа­шылықтар басшылары қатысты.

Аймақ басшысы жедел түрде қажетті шараларды қабылдау керектігін атап өтті.

– Бүгінде Нарын-Сырдария су қой­маларындағы су көлемі 17 млрд 771 млн текше метрді құ­рап отыр. Бұл өткен жылғыдан 1 млрд 954 млн текше метрге кем. Бұл осы жылы судың жағдайы былтырғыдан да күрделі болатынын көрсетеді, – деді облыс әкімі.

Жиында «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысы Сейілбек Нұрымбетов қазіргі жағдай мен биылғы болжамдар тура­лы баяндады. Шардара су қой­масы мен Көксарай су реттегі­шіндегі көлем өткен жылмен са­лыс­­тырғанда 1,1 млрд текше метр­ге аз. Осыған байланысты су ли­­мит­тері қайта белгіленуі керек. Ауыл шаруашылығы бас­қар­масы­ның басшысы Талғат Дүй­се­баев­тың айтуынша, жағдай был­тыр­ғыдан ауырласа облыстағы негізгі дақыл – күріш егістік алқабын қысқартуға мәжбүр боламыз.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды рет­теу басқармасының басшы­сы Бауыржан Шәменов салалық ми­нистрлікпен бірге су тапшылығын болдырмау мақсатында жол картасы әзірленгенін жеткізді.

Экология, геология және та­би­ғи ресурстар вице-министрі мәселе Үкімет басшысының назарында екенін және көрші мемлекеттермен келіссөз жүргізілетінін мәлімдеді.

– Бұл проблема жақында Қырғызстан Премьер-министрі орынбасарының Алматыға жасайтын сапарында талқыланбақ. Сондай-ақ біздің Үкімет басшысы Ташкент қаласына барып, келіссөздер жүргізеді. Биыл Көксарайға жылдағыдай су жинай алмаймыз. Сондықтан бар суды барынша үнемдеп, жол картасында көзделген жоспарларды орындауға тиіспіз, – деді С.Қожаниязов.

Жиында жауапты мекемелер су шаруашылығы нысандарын жөндеуді 1 сәуірге дейін толық аяқ­тау қажеттігі сөз болды. Облыс аума­ғына су жеткізу кестесіне сәй­кес әр канал бойынша 10 күн­дік кесте әзірлеп, қысқарған күріш алқабының орнына суды аз қа­жет ететін дақылдар еккен жөн. Аймақ басшысы қала, аудан әкім­деріне су пайдаланушылар коо­пе­ративін құру мүмкіндігін қарас­тыру жөнінде тапсырма берді.

– Шаруалар суды үнемдеп пайдаланудың технологияларына көшуі керек. Мысалы, қазір күрішке қарағанда жоңышқаның бағасы жоғары болып тұр. Бұл өңірдегі басты өнімнен бас тарту емес. Тығырықтан шығу үшін қ­азір­ше суды аз ішетін, пайдасы мол дақылдарға бет бұрғанымыз дұрыс болар еді. Кейін күріш егістіктерін қайта орналастыру мүмкіндігін қарастыруға болады. Алдағы уақыта арнайы штаб құрып, әр 10 күн сайын ахуалға сәйкес қарекет жасауға көшеміз, – деді аймақ басшысы.

Сапар барысында Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі С.Қожаниязов БАҚ өкілдеріне арнап брифинг өткізді. Брифингте белгілі болғандай, қазір Тоқтағұл су қоймасында 8,9 млрд текше метр су жиналып тұр.

– Бұл өткен жылмен салыстыр­ғанда 1,5 млрд текше метрге кем. Шардара су қоймасына былтырғы 1 қазан мен осы жылдың 1 сәуіріне дейін 10,3 млрд текше метр су келеді деп болжағанбыз. Ол да орындалмайтын түрі бар. Жағдай осылай жалғаса берсе, Шардараға бар-жоғы 7,3 млрд қана су жиналуы мүмкін,– деді вице-министр.

Облыстағы Қазалы, Қармақ­шы, Шиелі, Жаңақорған аудан­дары­ның диқандары көктем-күз­ден қиналып шығады. Су тап­шы­лығының зардабын онша сезі­не бермейтін Сырдария мен Жал­ағаш аудандарында да биыл күріш көлемін шектеу керек.

Сырдария трансшекаралық өзен болғанмен «Кісідегінің кілті аспанда» деп отыруға тағы болмайды. Бұл бағытта жоспарланған жұмыстар бар. Бірақ көп мәселе шаруаның өзіне де байланысты.

 

Қызылорда облысы