«Табиғатты тоздырған ел байымайды» – дейді биология ғылымдарының докторы, профессор Татьяна Брагина
Науырзым қорығын қазір бүкіл дүниежүзі біледі десе болады. Ол ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік табиғат мұралары тізіміне енгізілді. «Алтын дала» резерваты ашылып, қазақ даласының ботагөзі – ақбөкендерді сақтап қалу ісі қолға алынды. Осының барлығы көз майын тауысқан ғылыми жұмыстармен бірге бюрократтық кедергілерді жеңу, халықаралық байланыстарға шығу, түрлі деңгейдегі ұйымдармен келісу, ұйымдастыру, қаржылық орайын табу секілді адамның ерік-жігерін сынайтын жұмыстарды қажет етеді. Бүгінгі тірлікті емес, еліміздің ертеңі, кейінгі ұрпақтың несібесіне айналар нар көтерер жүкті нәзік те, парасатты, білімді әрі патриот орыс әйелінің арқалап жүргені кімді сүйсіндірмесін. Біріккен Ұлттар Ұйымы Конвенциясының шөлге айналған жерлер бойынша тәуелсіз сарапшысы, Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) биоалуандылық бойынша сарапшысы, Табиғи және азық-түлік ресурстарына қол жеткізу мәселелері бойынша халықаралық тәуелсіз комитеттің (IPC) мүшесі, биология ғылымдарының докторы, профессор Татьяна БРАГИНАМЕН тілдескен едік. – Татьяна Михайловна, Науырзым қорығы аталғанда алдымен сіздің есіміңіз ауызға алынады. Осы қорықта табаны күректей 24 жыл қызмет істедіңіз. Оны бүгінгі дәрежесіне көтеру үшін, ең бастысы, қандай жұмыстарды қолға алдыңыздар? – Қорықтың 1931 жылы құрылғанынан жұртшылық хабардар шығар. 1976 жылға дейін де, кейін де Науырзым қорығы бірнеше рет отқа оранды. Айналасының барлығы айқыш-ұйқыш жыртылған егін. Ауылдар малын да жайып, жұрт қорық ішінен қысқы шөбін орып алатын болған. Демалатындар, тұзды көлге түскісі келетіндер де осы жерден табылатын еді. Міне, жағдай осылай болып тұрғанда қорық бірегей экологиялық жүйелердің, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің биологиялық алуан түрлілігі мен генетикалық қорын табиғи жағдайда сақтап қалуға дәрменсіздік танытты. Қорықтағы ғылыми жұмыстарды жүйеге салмай табиғаттың тозуы тоқтамас еді. Осында бұрын өртенген қарағайлардың, өзге ағаштардың орнына жерді жыртып, көшеттер егіледі екен. Мен мұның түбірінен дұрыс емес екенін айттым және осы жұмысты тоқтаттық. Өртенген ағаш табиғи қалпында, табиғаттың өзінің жолымен қайта көктейді, қайта шығады. Жабайы табиғаттың жолына адам көлденең тұрмауы тиіс. – Сіздің Науырзым қорығының аумағын кеңейту үшін 90-жылдары нәтижелі жұмыс жүргізгеніңізден хабардармыз. – Ол кезде Науырзым қорығындағы төрт учаске жердің барлық аумағы 80 мың гектар ғана болатын. Ғылыми тұрғыдан алғанда қорықта кемінде 160 мың гектар жер болуы керек. Сонда ғана ондағы аңдардың үйіріне, құстарға табиғи өріс жеткілікті болады. Сол үшін біз министрліктерге, жоғары жаққа қанша рет жазып, сөзімізді құлаққа ілдіре алмағанбыз. Кеңес Одағы кезінде «шаруашылыққа қажетті жерлер қорыққа берілмейді» деген шығарыпсалма жауаптар келетін. Республика тәуелсіздігін алғаннан кейін көп мәселеге көзқарас өзгерді. Екіншіден, нарықтың келуіне байланысты ауыл шаруашылығы бастан кешкен дағдарыстың сәтін біз «ұтымды» пайдаланып қалдық. Көп жерлерге егін егілмей бос қалды. Мен 1996 жылы сол кездегі Науырзым ауданының әкімі Сәруар Ерденовке кірдім. Ол адамгершілігі мол, өте сауатты, елдің-жердің жағдайын жүрегімен ойлайтын азамат кісі еді, марқұм. «Сәруар Әлжанұлы, екеуміз тарихи міндетті орындауымыз керек. Қорыққа жер керек», дедім. «Қанша, екі мың гектар ма?» «Жоқ» деймін. «Үш мың гектар ма?» дейді Сәруар Әлжанұлы. «Жоқ» деймін. «Бес мың гектар ма?». «Жоқ». «Сонда қанша сұрайсыз?». «103 мың гектар». Сәруар Әлжанұлы орнынан тұрып кетті. «Татьяна Михайловна, не айтып тұрсыз? Мүмкін емес қой, кім береді оны?» деді. «Сәруар Әлжанұлы, жерді иеленіп отырған азаматтарды кеңірек ойлауға шақырып көрейік. Өзіңіз шаруашылық басқардыңыз, кеңшарды дамыттыңыз, адамдар тұрмысын көтердіңіз. Ал қазір не болды? Шаруашылық тарады, адамдар көшіп жатыр. Ал қорық сол адамдар ұрпағының мәңгі байлығы, осыны түсіндірейік. Осы жолы жерді алып қалмасақ, кейін өте қиынға түседі», дедім. Сонымен қатар, Науырзым қорығының жері қазіргідей бөлек-салақ емес, тұтас әрі аңдар мен құстардың үйірімен жүруіне, көбеюіне айналым болатындай кең болуы керектігін, мұның өзі ғылыми ұстаным екенін түсіндірдім. Екеуміз Науырзым ауданы жерінің картасын қарап отырып, қорықтың тұтастығын қамтамасыз етуге болатынына әкімнің көзін жеткіздім. Сәруар Әлжанұлы мені қолдады, шаруашылық басшыларын шақырып алып, олар иемденіп алған жерлерді қорыққа қайтаруына үгіт жүргізді. Мәселе, екі жақты тиімді шешілуі үшін, қорыққа жерін берген кәсіпкерлерге ауданның өзге өңірінен жер телімдері бөлінді. Жердің кеңейтілуі бірден шешіле қалған жоқ, оған Ө. Шөкеев, А.Есімов секілді сол жылдары облыс әкімі, Премьер-Министрдің орынбасары болып тұрған белгілі тұлғалардың көмек-қолдауымен бірнеше жылға созылып барып, мүмкін болды. Қазір қорықтың ауқымы 191 мың гектар жерді алып жатыр. – Қазір бұл қорықтың жұмысы қандай деңгейде? Көңіліңіз тола ма? – Әрине, көңілім толады. Науырзым қорығы арқылы біз Қазақстандағы экожүйені тұңғыш рет жаһандық деңгейге алып шықтық. Науырзым тек Қазақстанның ғана байлығы емес, бұл әлемдегі табиғат інжулерінің бірінен саналады. Мұндағы селеулі, бетегелі даланың әлемде тек осы жерде ғана кездесетінін айтсақ та жеткілікті емес пе? Біз мақсатымызға жеттік. 2009 жылы 7 мамырда Науырзымның көлдер жүйесі халықаралық негізі бар сулы-батпақты аймақтар тізіміне (Рамсар участкелер тізімі), ал 2008 жылғы 7 шілдеде Науырзым қорығы Квебек (Канада) қаласында ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұралар тізіміне енгізілді. – Торғайда «Алтын дала» резерватының ашылғанына екі жылдан асты. Ол туралы бастаманы көтерген де, оның ғылыми негізін салған да өзіңіз ғой. Осы игілікті істі қолға алуға не себеп болды? – Әрине, дала табиғатын қорғау керек екенін түсінерсіз. Торғай даласы дегенде алдымен ауызға киік ілінеді. Дүниежүзінде киіктің бес түрлі таралымы бар, соның үшеуі Қазақстанда. Жалпы, дүниежүзіндегі киіктің 90 пайызы Қазақстан даласын мекендейді. Қазақстандағы үстірттік, оралдық және бетпақдалалық деп аталатын үш таралымның ең үлкені де соңғысы, яғни бетпақдалалығы болып табылады. Ол Торғай даласында жайылады, көбейеді. Киік өткен ғасырда өте көп қырылды. Оған даланы шаруашылық қажеттілікке пайдалану мен браконьерлердің техника қуатын пайдаланып, аяусыз атуы басты себеп болды. Оны қорғау ғылыми дәрежеде қолға алынған емес. Ал дүниежүзінде табиғат қорғау ісі мұндай мәселелерге кіді қарайды. Мысалы, әлем бойынша ірі табиғат қорғау жобаларын жүзеге асыратын Франкфурт зоологиялық қоғамы ақбөкеннің қалпына келтіруді қолға алғанда Танзанияда осы аңның саны 2 миллионнан 200 мыңға дейін кеміген екен. Ал мен «Алтын дала» резерватын құру туралы бастама көтергенімде біздің даламызда ақбөкеннің саны 10 мыңға жетпейтін. Резерваттың қандай маңызды екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Бұл істі кейінге соза беруге болмайтынын білдім. 2005 жылы Қазақстанға Дүниежүзілік жабайы табиғат қорынан (WWF), Ұлыбритания құстарды қорғау корольдік қоғамынан (RSPB), Франкфурт зоологиялық қоғамынан (FZS) өкілдер, мамандар келді. Мен оларды Торғай даласын көруге шақырдым. Облыстың және Амангелді ауданы басшыларының, сондай-ақ Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) көмек-қолдауымен маусым айында киіктер жайылатын Торғай даласына төрт күндік экспедицияға шығып кеттік. 2005 жылы облыс экономикасы енді еңсе көтеріп келе жатқан тұс қой, қалта жұқа, қаражат аз. Халықаралық ұйымдардан келген ғалымдарға көңілдегідей қонақжайлылық көрсете алған жоқпыз. Атынан ат үркетін ғалымдар Торғай даласында төрт күн бойы шатыр тігіп, шөптің үстінде аунап жатты. Мен Торғай даласында өсетін жиде және хош иісті өзге шөптерді жұлып алдым да, экспедиция құрамына Франкфурт зоологиялық қоғамынан келген французға ұсынып: «Қазақ даласының байлығы міне, иіс суды француз өзі жасап алсын» дедім. Менің әзіліме қонақтар мәз болып күлген еді. Олар даланың кеңдігіне, тұнған табиғатқа қайран қалды. Төрт күн жүріп, біздің жергілікті мамандардың біліктілігінің арқасында 2 шақырымнан бір топ киікті көріп, көңіліміз тыншып қайтқан едік. Осыдан кейін табиғат қорғаудағы осы халықаралық ұйымдар мен министрліктер арасында жұмыстар жалғасын тапты. «Алтын дала» резерватына қазір Сарықопа, Тосын құмы және Ұлы Жыланшық маңайы аумақтары қарайды, оның барлығы 4 89 766 гектарды алып жатыр. Осы бекітілген аумақтар Амангелді және Жангелдин аудандарында орналасқан. Киіктердің Бетпақдала таралымында қазір 160 мыңға жуық киік бар. Олар мамыр айында жаппай лақтайды. 2012 жылы ашылған резерватта алдағы уақытта ғылыми жұмыстар жолға қойылатын болады, ол тек ғана киікті емес, даланың бүкіл табиғатын, тірі тіршілігін зерттейді. – Сіздің кабинетіңізде Ахмет Ясауи кесенесінің, сосын бұхар бұғысының суреті ілулі тұрады. Осының сыры неде? – Табиғатқа, қоршаған ортаға бүгін қамқорлықпен қарамасақ, кейінгі ұрпаққа таза ауа жұту, таза су ішудің өзі мұң болып қалады. Экологиялық тепе-теңдік бұзылмауы тиіс. Дүниежүзілік конгрестер 1962 жылдан бері мемлекеттерді ерекше қорғалатын табиғат аумақтардың көлемін көбейтуге үндеп келеді. Ал 1992 жылы осы мәселе бойынша Каракаста өткен Дүниежүзілік конгресс 2000 жылға дейін ерекше қорғалатын табиғат аумақтары әрбір ландшафтық-географиялық аймақтың 10 пайызын қамтуы тиістігін айтты. Көптеген мемлекеттер мұны орындады. Бірақ адамзаттың іс-әрекеті бүгін планетадағы барлық құрлықтың 27 пайызын адамнан оқшаулау керектігіне мәжбүр етіп отыр. Ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру арқылы жүзеге асады. Қазір Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) көптеген игі істерге мұрындық болып келеді. Осыдан 6-7 жыл бұрын осы халықаралық ұйым «Глобал-200» (Global 200 EcoregionsoftheWorld) деп аталатын әлемдік экоөңірлер құрамына кірген Сырдария өзенінің алқабы мен Қаратау тауларында модельдік экологиялық желі құру жөнінде ұсыныс айтты. Жобаны Норвегияның сыртқы істер министрлігі қаржыландырды. Осы іске араласқан соң мен жобаға Түркістан өңірін таңдап алып, 2008 жылы Түркістан мемлекеттік ұлттық табиғат паркін құруды ұсындым. Ол үшін ғылыми экспедиция жасалды, соның нәтижесінде Түркістан табиғат паркі мен Қызылқұм кіші қорығы 2010-2014 жылдарға арналған «Жасыл даму» бағдарламасы аясында құрылды. Бұл үлкен жұмыс. 2009 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) тұқымы жойылып бара жатқандықтан торда өсірген бұхар бұғысын еркіндікке жіберуге берді. Бұл үшін 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметовтің ұсынысымен Сырдария – Түркістан аймақтық табиғат паркі құрылды. Табиғаттың еркесі – бұхар бұғысы әлі-ақ оңтүстік өңірдің тоғайлы даласының сәніне айналады. Жалпы, игілікті жобалар арқасында қазақ даласында құлан, пржевальский жылқысы, бұхар бұғысы, киіктер қалпына келеді. Табиғаттың тепе-теңдік айналымы үшін осыларды жейтін жыртқыш керек. Иә, ол жыртқыш бұрын оңтүстік өңірде болды ғой. Ол – тұран жолбарысы еді. Оның ең соңғысы 1976 жылы Әзербайжан жерінде оққа ұшты. Сырдарияның бойындағы қамыс қопаларда жолбарыс мекендегені туралы аталарыңыз айтқан әңгімелерді құлағыңыз шалған да шығар. Оны қалпына келтіру үшін Амур жолбарысы алынатын болады. Тегі жағынан екі аң бір- біріне өте жақын, ол оңтүстікті жерсініп кетеді. Тіпті, далаға дуадақ құсын да қайта оралтуға жұмыс жасау ойымда бар. Ол тың жерлерді игергеннен кейін жоғалып кетті. Бұл болашақтың ісі, әрине. Бірақ жүзеге асуы тиіс. Оңтүстік өңірдің табиғаты да, тарихи-археологиялық ескерткіштері, мәдениет байлығы да ғажап қой. Соларды қалпына келтіруге жергілікті атқарушы биліктегілер жүрекпен, патриоттық сезіммен атсалысып отыр. Олардың осы ісіне сүйсінемін. Менің кабинетімдегі екі суреттен тарайтын әңгіме осы. – Татьяна Михайловна, жақында өзіңіз қызмет істейтін Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференция мерейтойыңызға орайластырылды. Осы қуанышыңызға біз де ортақпыз. – Рахмет. Өзім ұстаздық етіп келе жатқан Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының басшылығына, студенттеріме, ұстаздар қауымына алғысымды айтамын. Қазақстанның, Ресейдің әр қаласынан келген ғалымдардың, білімдар адамдардың басын қосқан мұндай жиындардың жастарға берері көп. Олар ғалымдарды тыңдап үйренгені ләзім. Кейінгіге ғибраты болса ғана мерейтойдың межеге жеткені деп біліңіз. Халықаралық ғылыми-практикалық конференция нақ біз әңгімелеп отырған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар проблемасына арналды. Онда Қазақстан далаларындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жөнінде айттық. Ең қуанарлығы, мұндай аумақтар біз әңгімелегендей, құрылып, қалыптасып, жұмыс істеп жатыр. Оңай емес, әрине, бірақ талпыныс күшті. Осы табиғи аумақтарды қорғау проблемаларын шешу мәселелері жөнінен Қазақстан әлемдік деңгейде көш бастаушылардың бірінен саналатыны мен үшін үлкен мақтаныш. Мысалы, 1926 жылы ерекше қорғалатын табиғи аумақтар елімізде бар болғаны 80 мың гектар екен. 2011 жылы адам қолынан оқшауланған жердің көлемі 5,8 миллион гектарға жетті. Алдағы он бес жылдың ішінде Қазақстанда далалық 4 қорық, 5 ұлттық табиғи парк, 3 өңірлік табиғат паркін, 7 табиғи резерват, 20 рес публикалық дәрежедегі кіші қорық, 12 облыстық дәрежедегі кіші қорық және «Алтын дала» резерватының барлық учаскелерін қамтитын экологиялық дәліз жасауымыз қажет. Көрдіңіз бе, қандай ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Адамның белсенді әрекеті болмаса тұнған табиғат сілтіге салған шүберектей осынша тозбас еді, ну жерлер шөлге айналып барады. Байшыкештер өзен-көлдердің дәл жағасын су жығылып кетердей етіп жыртады, қоныстанады. Мал шаруашылығына қарағанда еккен егіннен ақша қалтаға тез түседі. Өзеннің қорғаныш жағасын жыртқаннан тек су ғана емес, сол аумақтың бүкіл жанды тіршілігі зардап шегеді. Қазір ормандар көлемі қусырылып барады. Қарағайлар, аршалар мен шыршалар, қайыңдар жиі отқа оранатын болды, ақша үшін осындай ағаш түрлеріне шімірікпей балта сілтейтіндер қаншама? Мен алдағы уақытта ағашты қорғайтын резерват жасау мәселесімен де айналысқым бар. «Жеріміздің табиғаты бай болмай, ел байымайды» деген ойды адамдарға түсіндірумен келемін. – Татьяна Михайловна, сіз табиғатты қорғау тақырыбына таңды таңға ұрып, ұйытып әңгіме айтуға барсыз. Осы салаға 250-ден аса ғылыми мақала, оның ішінде монографиялар мен оқулықтар жаздыңыз. Дүниенің төрт бұрышында өткен елуден аса халықаралық конференцияларға қатысып, табиғат қорғау мәселелерін Қазақстанның мысалында айтып, «Азия далаларының биологиялық әралуандығы» тақырыбына халықаралық ғылыми конференцияны тұрақты өткізіп тұру бастамасын көтердіңіз. Енді әңгімені басқа арнаға бұрсақ. Әйел адамға сіз атқарып жүрген жұмыстар жеңіл жүк емес. Енді, осының сыртында әйел отбасының тірегі емес пе? – Жолдасым, елімізге және одан да тыс жерлерге белгілі орнитолог ғалым Евгений Александрович Брагин екеуміз екі ұл өсірдік. Ұлдарымыздың екеуі де ғылым жолын қалады. Оған өзіміздің де ықпалымыз болғанға ұқсайды, бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі ғой. Мен балаларыммен кітапты бірге оқыдым, олардың немен айналысатынын, не оқитынын білуім керек емес пе? Уақытымды осыған жеткізуге тырысатын едім. Балаға ата-ана болып ақыл айту бар, оны тәрбиелеу бар. Тәрбиенің нәтижесі ақыл айтқанда емес, әрекет еткенде болады. Сыртта қызметіңді қалай атқарсаң да, үйде әйел ісіне үлгере алмасаң – үлкен мін. Мүмкін ол отбасы үшін қауіп те шығар. Менің жолдасым көйлегін өзі үтіктеген кісі емес. Ер адам дәмді тамақты ұнатады, ал олар менің отбасымда үшеу болды ғой. Содан-ақ менің үйдегі жұмысымның аз еместігін байқауға болар еді. Содан соң мен қазақтар секілді адамның тегіне көп нәрсе байланысты екеніне тақ тұратын адаммын. Мақтанып-ақ айтайын, менің атам Кондрат Федорович Корольский деген кісі дін саласында ірі қызметте болған. 1937 жылы атылып кеткен. Әжем де өте сауатты кісі болыпты, атамды ұстап атқаннан кейін, әжемді арбаға мінгізіп, Санкт-Петербургтің сыртына шығарып жіберген, қалаға кіруге рұқсат бермеген. Бізді отбасында сегіз атамызға дейін білгізіп үйретті. Біздің әулеттің кісілері ұзақ жасаған, жүз жасаған ата-әжелерімнің өзі бірнешеу. Менің әкем атамыз атылғаннан кейін әжеммен бірге көп қиындық көреді, соғысқа барады. Соғыстан кейін әскери қызметте қалып, Дондағы Ростовқа тұрақтайды. Біз осы қалада өскенімізбен, түбіміз питерлік еді. Өте тату әулет болдық. Әжелерім зиялы жандар еді. Немере туыстығы бар әжем маған бес жасымнан «сіз» деп сөйлейтін. Сол кісі Питерге барған сайын музейлерді аралататын. Пушкин орындарының бірін қалмай көрсетті, ол жерлерге гүл шоқтарын қойғызатын. Мен Эрмитаждың қай қабатында қандай экспонаттар тұратынын білетінмін. Осындай тәрбие көрдім. – Сіздер Ростов университетін бітірісімен Науырзым қорығына қызметке келгенде ауылда тұрдыңыздар ғой? – Тамаша сәттерді есіме түсіріп отырсыз. Біз университетті бітірісімен қорықтың дәл қасындағы Ескі Науырзым ауылына келіп, сонда бес жылға жуық тұрдық. Бұл – таза қазақ ауылы. Өйткені, қорықтың ғылыми орталығы алғашқыда сонда болды, кейін аудан орталығына көшірді. Дондағы Ростов көп ұлтты өңір. Бірақ мен өмірімде қазақ деген халықты көрмеппін. Ауылда тұру маған өте қызық болды. Менің жиырмадан енді асқан кезім болатын. Ауылдастар өте жақсы қарсы алды. Сондағы үлкен кісілердің өз қызындай болып кеттім. Қостанайдың қысы ұзақ қой, ауылдағы әйелдер қыста кілем тоқитын. Қазақтар қонаққа көп шақырады, кейін ол бізге де жұғысты болды.Үлкен ұлым Денис ауылда туды. Қазір Америкада кибернетика институтында медицина саласы бойынша ғылыми қызметкер. Қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше біледі. Осында келсе Науырзымға бармай кетпейді. Кіші ұлым Александр Дондағы Ростовта биосфералық қорымда қызмет етеді. Науырзым ауданында жиырма бес жылдай тұрған соң, қалай сіңісіп кетпейсің? Қалада бір-бірімізді көрсек шұрқырасып жатамыз. – Қазақ халқы туралы нені бөле айтар едіңіз? – Ауылда көпбалалы отбасылар жиі кездеседі. Менің байқағаным, қазақтарда қанмен келген тәрбиелілік бар. Ауылдағы үйлер еңселі, үлкен, кең болмайтын. Кішкене үйлерде қаншама жан тұрса да, бір-біріне дауыс көтермейтін. Олардың әрқайсысының орны бар. Кішісі үлкеннің алдынан өтпейді, қариясын төрге отырғызады, қызы әкесіне қарап сөйлемейді, ағасы қарындасын сыйлайды, келіндерден ибалы, ақылды, іскер болу талап етіледі, дастарқаннан ас қайырмай тұрмайды. Әр халық отбасынан құралмай ма? Демек, отбасындағы мұндай этикет халықтың жетістігі, ділінің мықтылығы деп түсінемін. Еуропалық халықтарда мұндай көріністі байқай бермейсің, қызы әке-шешесіне қарап едіреңдеп тұрады. Қазақ балалары талантты келеді. Әнді керемет айтады, жаратылыстану пәндеріне, тіл үйренуге бейімділігі күшті. Қазақтар өзге тілде сөйлегенде мүдірмейді. Мен де өзімді далалық санаймын. Дондағы Ростовтың жері дала ғой. Кең даланың сұлулығына не жетеді?! Қазақтармен етене жақындығым да сондықтан болар. – Сіз Қостанай мемлекеттік педагогика институтында экология және биология проблемалары бойынша ғылыми-зерттеу орталығын, Қазақстанда тұңғыш рет студенттердің бедвотчерлік клубын құрдыңыз. Сізді үнемі жастардың ортасынан көреміз. Ұстаз олардан не талап етеді? – Мен бүгінде ұстаздық қызметімді барлығынан биік қоямын. Білім алуға талпынған жастың алдында аса жауапкершілік сезінгендей боламын. Студенттерден сабақты жақсы оқуын талап етемін. Мен оларға кәсіби маман болу керектігін жиі айтып отырамын. Өйткені, Қазақстанның болашағы – жастар. Қаржы да, қымбат жабдық та білікті маманды айырбастай алмайды. Жақсы мамандар дайындамай біз бәсекеге қабілетті ел бола алмаймыз. Сол үшін жастар үнемі өзін-өзі дамытуы тиіс, өзіне керектіні біреу жасап береді деп күтпей, өзі кірісуі керек. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.Қасым-Жомарт Тоқаев Валентина Матвиенкомен кездесті
Президент • Бүгін, 13:28
Шерзат Болаттың әкесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды
Қоғам • Бүгін, 13:05
Мереке күндері ХҚКО қалай жұмыс істейді
Қоғам • Бүгін, 13:00
Қарағандыда күдікті 14 млн теңге ұрлап, құмар ойынға жұмсаған
Оқиға • Бүгін, 12:39
Ақмолада вейп саудасы тоқтатылды
Оқиға • Бүгін, 12:36
Шавкат Рахмонов UFC рейтингінде жоғарылады
Спорт • Бүгін, 12:17