Әрине, есімдердің белгілі бір мағынасы бар екені түсінікті. Кез келген бала атының бұрмаланғанын қаламайды. Сөздің таяқ пен тасқа қарағанда зияны аз деп есептейтіндер де бұдан сақтанады. Азаматтық соғыс генералдарының, экс-президенттердің, саклерлердің (атақты апиын сататындар) және Вашингтон (Колумбия округі) футбол командасының атаулары жойылды, бас тартылды, сынға ұшырады немесе өзгертілді. Қазіргі таңда ақыл-есі дұрыс адам баласына Гитлердің, тіпті Адольфтың есімін қоймайды.
Атауын өзгерту туралы жанжалдар әлі де бүкіл жерде кездеседі. Әсіресе командалар мен мектептердің атаулары үшін қызу пікірталас жүріп жатыр. Қоғамдық ғимараттарға, көшелерге және басқа нысандарға берілген атауларға қатысты даулардан бөлек, Америка Құрама Штаттарында көптеген колледж бен кәсіби спорт командаларының атаулары өзгерді. Бірақ адамдар көбіне ескі атауды дұрыс көреді (немесе жай ғана үйреніп қалған). Бұл әдетте жергілікті америкалықтарға қатысты. Ал ескі атаулар жас ұрпаққа ұнамады.
2017 жылы Йель университеті Калхаун колледжінің атауы өзгерді. Өйткені сенатор Джон Си Калхаун құлдықты сақтауды, штаттардың құқықтарын және 1800-жылдардағы федералдық заңдардың күшін жоюды қолдады. Сондықтан мұндай маңызды мекемеге оның есімін қою қорлық деп танылды. Колледж қазір өнертапқыш компьютер ғалымы Грейс Мюррей Хоппердің есімімен аталады.
Сол секілді 2020 жылы Принстон университетінің Вудро Вилсон мектебі Принстон қоғамдық және халықаралық істер мектебі болып өзгерді. Осылайша, келешекте қандай да бір атақты түлектің немесе болашақ донордың есімімен аталуы мүмкін (бірақ саклерлерге өтініш берудің қажеті жоқ шығар).
Бір қызығы, Джордж Вашингтон құл иеленгеніне қарамастан, АҚШ астанасының атауына төніп тұрған қауіп жоқ секілді. Шынында да көптеген көше мен қала атаулары құлдықпен байланысы бар адамдарға беріліп, сол дәуірден хабар беруі мүмкін.
Кей жағдайда атауды өзгертуге қарсылық танытқандардың моральдық дәлелдері бар. Мысалы, Уилсон көптеген қара нәсілді америкалықты жоғары мемлекеттік лауазымдардан алып тастаған нәсілшіл екені анық екеніне қарамастан оның ішкі саясаты өте прогрессивті еді. Бірақ жамандықтың орнын жақсы ниетпен немесе ізгі істермен алмастыра алмайтынымызды айтып, қарсы шығатындар табылады.
Мына мәселе ұзақ уақыт күн тәртібінен түспейтіні анық. Кез келген атау дамып келе жатқан ережелер мен қарсы пікірлер салдарынан өзгермей, шынымен қауіпсіз қала бере ме? Сайып келгенде, іс жүзінде әрбір атау қарсылық тудыратын немесе қорлайтын әрекетпен немесе нанымдармен байланысты болуы мүмкін. Тіпті олар өз дәуірінде қолдау тауып, марапатталса да бұдан құтыла алмайды. Ешқайсымыз қазіргі кез келген қызметтің уақыт сынынан өтетініне сенімді бола алмаймыз. Бүгінгі күннің өлшемдеріне сүйенсек, ата-бабаларымыз жақсылық пен жамандықты қатар жасағаны сөзсіз.
Ендеше, дау тудыратын атауды өзгертудің үш шешімін қарастырған жөн. Бірінші мәселе, заңдағы ескіру мерзімімен байланысты. Атауларды өзгертуге конвенция бойынша шектеулі мерзімге, мысалы 50 жылға рұқсат етілуі мүмкін. Осындай ықтимал әлеуметтік және саяси келісімге мерзім ерікті түрде қойылады. Бірақ бітпес даудан сақтануға көп көмектеседі. Бүгінде қалыпты көрінетін мәселе ұрпақтарымызға қорқынышты көрінуі мүмкін екенін мойындауымыз керек.
Осындай тәсілге сүйенсек, Вашингтон штатының атауына қауіп төніп тұрған жоқ. Вашингтон құл иеленсе де. Елдің атына да қатер келмейді. Дегенмен, болашақ ұрпақ Америка атауына наразылық білдіріп, әйелдерді теңізші ретінде жалдаудан бас тартқан он бесінші ғасыр зерттеушісі Америгоның (Веспуччи) есімімен байланысты екенін айтып мәселе көтеруі мүмкін.
Қалай дегенмен, әлеуметтік құндылықтардың өзгеруіне көп уақыт қажет. Атауы өзгертілген «Вашингтон командирлері» футбол командасы 80 жыл бойы «Редскинс» аталып келді. Бірақ бұл ұсынылған шешімнің тиімділігін көру үшін әлеуметтік келісім айтарлықтай күшті болуы керек. Белгіленген мерзім өткеннен кейін, қаншалықты қорлағанына қарамастан, ол атауға қарсылық білдіру дұрыс еместей көрінеді.
Екінші ұсыныс – мерзімдік шектеулер тұжырымдамасын пайдалану. Атаулардың өмір сүретін уақытын белгілеу қажет. Осылайша, оны бақылайтын ұйым тағы да белгіленген мерзімге ұзарту қажет пе, жоқ па, сол туралы шешім қабылдайды.
Нью-Йорк университетіндегі Саклер институтындағы оқиға секілді, қайырымдылық көрсеткен тұлғаға берілген есімді қарастырайық. Бұл жерде түсінік жаңа заңдарда қамтылған болуы мүмкін. Университет атауын сатуға құқылы болуы мүмкін. Тағы да, футбол командасы секілді коммерциялық компанияның өз атауын сақтап қалуына ештеңе кедергі емес. Әйтсе де өзгерістерге әкелетін заң емес, нарық қысымы.
Ақырында, сатып алу нұсқасы бар. Егер бастапқы атау «сатып алынбаса», демеушінің немесе қоғам қайраткерінің құрметіне қойылған атауды өзгерту оңай. Принстонға Уилсонның атын алып тастауды талап еткен жеке тұлғадан немесе топтан сыйлық алуына ештеңе кедергі болған жоқ. Бұл идея мүлдем жаңа емес. Театр алаңдары мен спорт стадиондарының атауы жарнамалық мақсатта жиі ауысады. Ал оларға тіркелген корпоративтік атаулар әдетте сатылымға арналған әрі белгілі бір мерзімге шектеледі.
Спорттық командаларға келсек, олардың атауы тарихпен тікелей байланысты. Бірақ егер ескі атау біреулердің намысына тисе, команда мен оның иелері аукцион арқылы атауды сатып, пайда көре алады.
Осы үш тәсілдің (біріктіре де аламыз) артықшылығы мынада: әрқайсысы уақыттың өзгеретінін, атаулардың да өзгеруі мүмкін екенін және атауды өзгертуге белгілі бір шектеулер болуы мүмкін екенін мойындауды талап етеді.
Саул ЛЕВМОР,
профессор және
Чикаго университеті
заң мектебінің бұрынғы деканы,
Кэролин БЕЙКЕР РИНГЕЛ,
Отбасындағы зорлық-зомбылықпен күресетін The Second Step ұйымының адвокаты
Copyright: Project Syndicate, 2022.
www.project-syndicate.org