Экономика • 08 Ақпан, 2022

Бюджет тапшылығы өсті

1746 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының хабарлауынша, салық түсімдерінің өсуіне және мұнайдың қымбаттауына қарамастан Қазақстан бюджетінің тапшылығы бір жыл ішінде 1 трлн теңгеге жақындай түскен.

 

Бюджет тапшылығы өсті

Инфографиканы жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»

2021 жылы елде 13,3 трлн теңге салық жиналды. Бұл 2020 жылға қарағанда 34 пайызға немесе 3,4 трлн-ға жоғары, деп хабарлайды қауымдастық.

«Энергия ресурстары нарығындағы бағаның қалпына келуі және елдегі экономикалық белсенділіктің артуы аясында (экономика 2021 жылғы 11 айда 3,8 пайызға өсті) 2021 жылы шоғыр­лан­дырылған бюджетке (КБ) салық түсімдері айтарлықтай өсті. Абсолютті параметрлерде салық түсімдерінің барынша ұлғаюы республикалық бюджетте байқалады. Салыстырмалы өсімде салық түсімдері 86 пайызға ұлғайып, пандемияға дейінгі деңгейге жақындаған», деп мәлімдейді.а

Алайда шоғырландырылған бюджеттің жиын­тық кірістері іс жүзінде 2020 жылдың деңгейінде қалған және Ұлттық қорды басқарудан түскен инвестициялық табысты (78 пайызға немесе 2,8 трлн) және салықтық емес түсімдерді (60 пайызға немесе 0,6 трлн) қысқарту есебінен 15,0 трлн (+1 пайыз) теңгені құраған.

«Осылайша, 2021 жылы салық төлемдерінің жылдық жоспары 11 пайызға артты, өйткені мұнай­дың нақты бағасы бюджетті қалыптастыру кезін­де пайдаланылған болжамды деңгейден жоға­ры болды. 2021 жылы шоғырландырылған бюджет шығыстары кіріс бөлігін 33 пайызға немесе 4,9 трлн-ға асыра отырып, 9 пайызға немесе 19,9 трлн-ға дейін өсті. Бұл көрсетілген өсімнің көп бөлігі (68 пайызы немесе 1,1 трлн) экономиканың әлеу­меттік секторларының (білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек) шығыстарына тиесілі. Осы са­лаларға жұмсалатын жиынтық шығыстар 2021 жылы 10 трлн теңгеге жуықтады немесе барлық шығыстардың жартысын құрады», деп хабарлады.

Тапшылықтың орнын толтыру үшін 3,9 трлн теңге қарыз алынған. Ұлттық қордан 4,5 трлн теңге алынып, республикалық бюджетке трансферттелген. Мемлекеттің 2022-2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамына қарар болсақ, мұнай бағасы барреліне 60 доллар жағдайында шоғырландырылған бюджеттің шығыстары кірістерден 15,6 пайызға асып кетпек. Ал қазір Brent маркалы мұнай бағасының барреліне 90 доллардан асқаны белгілі. Бұл ахуал алдағы төрт жылда ел бюджетінің профицитпен қалыптасуына ықпал етеді.

«2021 жылы бюджеттің кіріс бөлігі шығын­дары­ның ұлғаюына байланысты тапшылық 992,7 млрд теңгеге жетті. Бюджеттің кіріс бөлігі мұнай бағасының динамикасына тәуелді күйінде қалып отыр. Бұл ретте 2021 жылы шоғыр­лан­ды­рылған бюд­жет кірістері өзгерген жоқ, өйткені Ұлттық қор басқаруындағы инвестиция­лық табыстың төмен­деуімен мұнайдан түскен салық түсім­дері­нің өсімі жойылып кетті. Бюджет шығын­дары экономи­каның әлеуметтік сектор­ларын қар­жыландыру есебінен көбейіп кетті және мем­лекеттік қарыз алу мен бюджет қалды­ғын пай­далану есебінен ішінара жабылды. Мем­лекет бас­шысының ұлттық қауіпсіздік пен қорға­ныс жү­йесін реформалау, елдегі әлеуметтік-эконо­ми­­калық тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы тапсыр­­масын ескерер болсақ, 2022 жылы шоғыр­лан­­ды­рылған бюджет кіріс бөлігінің шығындары ұлғая түседі», делінген қауымдастық хабарламасында.

Сыртқы жағдайлардың қандай сценариймен өрбитіні әлі де белгісіз. Мұнай бағасы барреліне 90 дол­лардан асты. Көптеген елдің орталық банк­тері ақша-несие саясатына байланысты әр алуан шешім қабылдауда. Сонымен қатар геосая­си ахуал да ушығып тұр. Негативті сценарий жағ­да­йын­да шоғырландырылған бюджет тағы да тап­шы­лыққа ұрынады, мемлекеттік қарызға мұқтаж (қазір­гі мем­қарыз – 22 трлн теңге) болады және қаржы­лан­дырудың басқа да көздерін іздестіруге тура келеді.