Өңірде жылда атап өтілетін әз Наурыз мерекесін белсенді ұйымдастырушылардың бірі – Қазақстан әйелдерінің ІІІ форумының делегаты, «Қанатты әйел» медалінің, «Өз мамандығының үздігі» атағының иегері Сақып Рақымжанқызы. 80-ді алқымдап қалған апай ширек ғасыр бойы жетекшілік етіп келе жатқан «Мақсат» этномәдени клубы аясында төл мерекеміздің ұлттық нақышпен, өзіндік ерекшелікпен өтуіне ұйытқы болып жүр.
– Сақып апа, сіздердің жас кездеріңізде Ұлыстың ұлы күні қалай тойланушы еді?
– Қазіргіге қарағанда, айырмашылығы жер мен көктей десем, артық айтқандық емес, қарағым. Туған жерім – Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы. Соғыс басталар алдында туған-туыстарым Қорған жаққа қоныс аударған. Әкем Рақымжан еңбек майданына алынады. 13 құрсақ көтерген анам Қайриша он саусағынан өнер тамған шеберлігінің арқасында шиеттей балаларды асырағаны әлі есте. Осы қасиеті қыздарына да дарыды. Мен Макушино қаласындағы тігін артеліне жұмысқа орналасып, ұлттық киімдерді әшекейлеп, өзіндік мәнермен пішуге үйрендім. 1959 жылы Ресей Федерациясының жеңіл өнеркәсібі министрлігі ұйымдастырған жас шеберлер байқауына қатысып, алғаш рет марапатталғаным есімде.
Жат жерде жүрсек те, үлкендер әз Наурызды тойлауды еш ұмытпайтын. Өзіндік сән-салтанатпен қарсы алып, шығарып салатын. Кәрісі де, жасы да үй-үйді аралап, бір-бірімен құшақтасып есендесетін. Қырғи-қабақ танытып жүргендерді татуластырып, қол алыстыратын. «Ұлыс бақты болсын! Төрт түлік ақты болсын! Ұлысқа береке берсін! Пәле-жала жерге енсін!» деген бата-тілектер айтылып, адамдар күн мен түннің теңелуін шын ниетпен қарсы алатын. Ол кездері Наурыз мерекесі бірнеше күнге ұласып, әр шаңырақ қазақтың салт-дәстүрлерін көрсететін. Әжелеріміз баптап пісірген жеті дәмнен құралған наурыз көжеден алдымен ауылдың ақсақалдары ауыз тиіп, сосын балаларға кезек келетін ерекше тәртіп болатын. Жас келіншектер қолдарына шырақ алып, «Алас, алас, пәле-жаладан қалас» ырымын жасайтын. Ыдыстарды алып шығып «Ақ мол болсын!» деп су құятын. Бидай шашып, «Жылымыз тоқ болсын!» деген тілектер айтатын. Суды ыдыстан ыдысқа ағызып, бұлақтың «көзін» ашатын. Жастар жағы бір-біріне сыйлық, сүтке бал қосқан «селт еткізер» тағамын ұсынатын. Бастаңғы, алтыбақан, тоқым қағу сықылды ойындар ойналатын. Жарапазан айтқан балалар да сыйлықтан құр қалмайтын. «Астың бетін ашық қалдырма, асты телміртпе, ас – тәңірің берген несібең» деген үлкендердің қағидаларын құлағымызға сіңіріп өстік. Осылайша жас ұрпаққа имандылық, тәрбие, ізеттілік үлгілерін құр сөзбен емес, жанды суреттер, нақты іс-әрекеттер арқылы ұқтыратын. Есімде еміс-еміс қалғаны – осылар. Қазір Наурыз қарсаңында үй-ішін ағартып, төсек-орындарды жаңалап тазалыққа бейімдейтін шаралар да ұмыт болып барады.
– Сіздің ұйытқы болуыңызбен құрылған «Мақсат» клубы халқымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, ұлттық мерекелерді талмай насихаттап келе жатқан киелі шаңырақтардың бірі. Осы жөнінде әңгімелеп берсеңіз?
– 1967 жылы Петропавл қаласындағы №5 артельде, кейін Бескөл аудандық тұрмыс қажетін өтеу комбинатында киім пішуші, меңгеруші қызметтерін атқардым. 1970 жылы облыстың «Ең үздік киім пішуші шебері» атағын иелендім. Ұлттық киімдерді өзгеше тігу мәнерім ұнаған болу керек, тапсырыстар көптеп түсе бастады.
Ал, 1989 жылы «Мақсат» әйелдер отауының ұйымдастырылуының басты себебі, сол кездері ортамызға көненің көзіндей қайта оралған әз Наурыздың тарихтың тереңінен тамыр тартатын ұлттық болмыс-бітімін жұртшылықтың бойына сіңіру еді. Қатарымызға Шәмшия Қуандықова, Манап Қабдөшева, Мәрияш Нұғыманова, Зайра Сағындықова, Айман Майлина, Мүслима Жүрсінова секілді ұлттық өнер және тағам шеберлері тартылып, басты атрибутымыз ретінде аққудай ақ кимешек кию дәстүрін қалыпқа енгіздік. Бел ортасында өзің де жүрдің ғой.
Содан бері бірде-бір Наурыз мерекесінен шет қалған емеспіз. Киіз үйлердің ішкі жасауы мен тұрмыстық бұйымдарын жабдықтау бізге жүктелді. Ұлттық нақышпен безендірілген көрпелер, жастықтар, шымылдықтар, қоржындарға көздің жауын алатын ою-өрнектер құрастырылып, өзгеше үйлесім тапты. Түкті кілем, алаша, желбау, басқұр, таңғыштардың алуан өрнегі қойылды. Әсем өрнекті кебеже, асадал, жүк аяқ, ағаш тегене, аяқ-табақ үлкен қызығушылық тудырды. Ет тарту, ет жасау, ас беру дәстүрлері түсіндірілді. Менің үйімдегі күнделікті тұтынатын үй тұрмысы заттарын ою-өрнексіз кездестіру қиын. Наурыз мерекесі қарсаңында өткізілген бір сайыста төрт немереме де ұлттық киім кигізіп, өзім «Ал, кәнекей, әжелер!» байқауының жеңімпазы атандым. Келінім Сағила да ісмер.
2001 жылы Астана қаласында ел Тәуелсіздігінің 10 жылдығы қарсаңында өткен Қазақстан әйелдерінің ІІІ форумында Елбасымыз біз дайындап әкелген қолөнер көрмесіне арнайы назар аударды. Менің ұсыныстарымды мұқият тыңдап, тиісті орындарға тапсырма берді. Дүние жүзі қазақтарының құрылтайында біз жабдықтаған киіз үйдің жүлделі орын алғанын айта кеткен жөн.
– Ұлыстың ұлы күнін тағылымды, есте қаларлықтай өткізудің тағы қандай жолдары бар деп ойлайсыз?
– Бізге Наурыздың экологиялық, астрономиялық, имандылық, табиғи мәнін түсіндіру жағына үлкен назар аударған дұрыс. Тепе-теңдік, теңелу, тазару, рухани жаңару мерекесі екендігі, Наурыздың қарсы алынуы, басталу дәстүрі, қоршаған ортаны қорғауға арналған дәстүрлер, ұлттық киімдерді киюге баулу, салт-дәстүрлерді тек сахналық көрініс етіп көрсетпей, қазақтың өшпес дүниетанымының бірі ретінде уағыздау шаралары балабақшалардан, мектептерден бастау алу керек. «Бір тал ексең, Наурыз күні он тал ек», «Атаңнан мал қалғанша – тал қалсын» деген сөздердің тәрбиелік, өнегелілік мағынасын ұғындырудың маңызы зор.
Сосын Ұлыстың ұлы күні мейрамында құрылған киіз үйлердің есігін тарс жауып, қарапайым халықты кіргізбеу, арақ-шарап ішу секілді келеңсіз әдет әлі тыйылмай келеді. Осындай жағымсыз жайттарды доғару керек.
Әңгімелескен
Ботагөз ЖАҒЫПАРҚЫЗЫ.
Солтүстік Қазақстан облысы,
Қызылжар ауданы,
Бескөл кенті.
––––––––
Суретте: «Мақсат» этномәдени клубының жетекшісі Сақып апай.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.