Президент • 08 Ақпан, 2022

Азаматтар табысын арттыру – басты міндет

559 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Отырыс барысында елдің 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы баяндалып, биылға арналған іс-қимыл жоспары қарастырылды. Жиынды ашқан Президент былтыр ел экономикасының 4 пайызға өскенін, бірақ қаңтар оқиғасы біздің өмірімізді түбегейлі басқа арнаға бұрып жібергенін айтты.

Азаматтар табысын арттыру – басты міндет

Инфографиканы жасаған Амангелді ҚИЯС, «ЕQ»

– Өңдеу өнеркәсібі 5,5, құрылыс индустриясы 7,6 пайызға артты. Қызмет көрсету саласында оң үрдіс бар. Сауда-саттық – 9,2, көлік саласы 3,6 пайызға ұлғайды. Дегенмен, инфляция деңгейі межеден асып кетті. Бұл көрсеткіш 8,4 пайыз болды. Өкінішке қарай, қаңтар оқиғасы қалыпты өмірімізді түбегейлі өзгертті. Тәртіпсіздік салдарынан көп­те­ген қазақстандық зардап шекті. Шағын және орта бизнес шығынға батты. Соңғы деректер бойынша бизнеске 100 млрд теңге көлемінде залал келді. Жаңа үкі­меттің алдында ел экономикасын тұрақ­тандыру және инфляцияны төмендету бойынша міндет тұр. Бұл – маңызды міндет. Сондықтан оны басымдықтардың бірі ретінде санауымыз қажет. Ең бастысы, азаматтарымыздың табысын арттыруымыз қажет, – деді Қ.Тоқаев. п

Президент қазіргі сәтте елде мил­лионға жуық азаматтың табысы ең төменгі күнкөріс мөлшеріне де жетпейтінін жеткізді.

«Табыс – келешекке деген сенімді оятып, халықтың әл-ауқатын арттыратын басты фактор. Өкінішке қарай, соңғы уақытта халық табысы экономиканың жақсаруы есебінен емес, әлеуметтік трансферт есебінен өсті. Тек қана әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақыға күн көріп отырған адамдар да аз емес. Бес жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек кірісінің үлесі 80 пайыздан 67 пайызға қысқарған. Ал әлеуметтік трансферттер 17-ден 29 пайызға өскен. Қазір азаматтардың табысы жалақыға емес, бюджет шығынына тәуелді болып тұр. Қарызға батып, кедейлікке ұрынған адамдар саны көбеюде. Сөйте тұра, орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл – нағыз көзбояушылық. Менің тапсырмам бойынша, халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар орынсыз шығынды азайтатын тың шаралар қарастырылуы тиіс», деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Президент әкімдердің бюд­жеттік дербестігі туралы да сөз қозғады.

«Барлық деңгейдегі әкімдердің бюд­жет­тік дербестігін арттыру қажеттілігіне арнайы тоқталғым келеді. Өңірлердің 82 пайызы дотацияда отыр, бұл дұрыс емес. Бұл – біздің әдістемеміздің, бюджетаралық қатынастардың ерек­шелігі. Әкімдер қашан көрсең жалпы және мақсатты мәндегі трансферт сұрап министрлік табалдырығын тоздырып жүреді. Сосын, орталық деңгейіндегі шығыны мол бастамалар «Жергілікті бюджетке лақтырамыз, ал әкімдер өздері реттеп алсын» деген ұстаныммен шешіледі. Қазір олай жұмыс істеуге болмайды», деді.

Мемлекет басшысы формальды ережелер мен процедураларды көзсіз ұстану процестің нәтижеге қысым көрсетумен аяқталатынын да айтты.

«Жылдар бойы тапсырмалар беріліп, сарапшылар рекомендациялар әзірлеп келеді. Бірақ соның бәрі бюрократия батпағына батып, кертартпалыққа ұрынып жатады. Сондықтан да бюджеттік жоспарлау бойынша шешімтал реформа жүзеге аспады. Мұны қалай түсінуге болады? Жаңаша жұмыс істеуге қабілеттің жетпеуі ме, әлде өздері бас июге мәжбүр болып отырған министрлік пен әкімдіктерге әсер ету тетіктерін жоғалтып аламыз деп қорқу ма? Сол себепті, цифрландыруға сәйкес теңдестірілген шешім қабылдауға бір ай уақыт беремін», деді Мемлекет басшысы.

Жиында сөз алған Премьер-Министр Әлихан Смайылов былтыр ішкі жалпы өнім өсімі 4 пайызды құрап, тұрақты экономикалық өсімнің негізгі факторы – нақты сектор болғанын атап өтті.

«Өнеркәсіп өнімінің көлемі 8,38 пайызға жетті. Тау-кен өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі экономикаға салған инвестициялар 9,5 пайызға ұлғайды. Тікелей шетелдік инвестициялар 2021 жылдың 9 айында шамамен 50 пайызға өсіп, 18,8 млрд долларды құрады.
11 айдың қорытындысы бойынша сыртқы сауда мен инвестиция тарту саласында біраз өсім байқалды. Сыртқы сауда айналымы 15,4 пайызға өсіп, 91,4 млрд долларға жетті. Тауарлар экспорты 25 пайызға артып, 54,5 млрд долларды құраса, импорт көлемі 4,2 пайызға өсіп, шамамен 37 млрд доллар болды», деді Үкімет басшысы.р

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті «Атамекен» ҰКП-ның мүшелік жарнасынан босатуды тапсырды. Мемлекет басшысы отандық бизнес құрылымындағы шағын компаниялар үлесінің 90 пайызды құрап отырғанын мәлімдеді.

«Палатаны реформалау кезінде оның шағын бизнесті дамыту, қорғау және қолдаудағы функционалын біріктіру қажет. Бұл ретте шағын бизнесті міндетті мүшелік жарнадан босату маңызды», деді Президент.

Ә.Смайылов қаңтар оқиғасынан кейін Президенттің шұғыл берген 108 тапсырмасының 44-і орындалғанын, қазір әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру жөніндегі жедел іс-жоспар аясында елдің барлық аймағында қоғамдық тәртіп қалыпқа келгенін айтты.

«Коммуналдық қызметтердің баға­лары мен тарифтерінің өсуіне жарты жылға мораторий енгізілді. Жанар-жағар­майға және газға шекті бағалар белгіленді. Үкімет жанындағы отандық кәсіпкерлер кеңесі құрылды. Утилизациялық алымдар мемлекетке берілді. 100 пайыз мем­лекеттік ұйым – «Жасыл даму» акцио­нерлік қоғамы жа­уапты оператор болып айқындалды», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, автокөлік пен ауылшаруашылық техникаларына салынатын утиль алымы айтарлықтай төмендейді. Бұл бойынша жұмыс жал­ғасып жатыр. Сонымен қатар Премьер-Министр жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы үшін 100 млрд теңге бөлінетінін де жариялады. Жиын барысында Мемлекет басшысы отандық автоөндіріс жайына да көңіл бөліп, өнеркәсіп саясатында негізінен автокөлік жасау саласына басымдық берілгенін, алайда отандық өнім үлесі әлі де төмен екенін айтты. «Ашылып жатқан жұмыс орындары да аз. Өнеркәсіп саласына жауапты министр индустрияландырудың барлық мәселесімен мұқият айналысуға тиіс. Әсіресе даму мүмкіндігі жоғары салаларға баса мән беруді тапсырамын», деді. Сонымен бірге утилизациялық алым мәселесіне де пікір білдірді.

– Утилизациялық алым бойынша біз шешім қабылдадық. Барлық қаражат мемлекетке түседі. Енді ставкалардың мөлшерін анықтау қажет. Жұмыс тобы бұл мәселені белсенді талқылауда. Бірден айта кету керек, утиль алымды біз қайта қараймыз. Бірақ шектен шығудан аулақ болу керек. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашып, импорттық ескі көліктер ағынына өз нарығымызды ашуға болмайды. Утилизациялық немесе тіркеу алымы түпкі мақсат емес. Бастысы, тұтынушылар үшін автокөлік пен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Өндірушілер мен дистрибьютерлер тарапынан әрекет болады деп сенемін, – деді Президент жиында.

Пандемия дауылынан банк секторы­ның аман шыққаны, әрі біршама табысқа жеткені де белгілі. Әрине, кірісі мол сала­ның тиімділігін оңды пайдалана білу қажет. Мұны Президент жиі айтып жүр. Осы жолы да арнайы тоқталып, банк­терді тиімді жобаларды несиелеуге ынта­лан­дыратын реттеушілік механизм құру керек екенін атап өтті. Сондай-ақ инфля­ция деңгейі 2025 жылға қарай 3-4 пайыз дә­лізінде болуға тиіс деп тапсырма жүктеді.

«Ұлттық банк инфляция дәлізін 2022 жылы 4-6 пайыз деңгейінде, 2025 жылы 3-4 пайыз деңгейінде ұстап тұру үшін тәуелсіз ақша-несие саясатын, ақылға қонымды саясат ұстану керек. Нақты экономиканы кредиттеу туралы да ұмытуға болмайды. 2018 жылдан бері банк секторын орнықты дамыту бағдарламасы іске асырылып жатыр. Проблемалы кредиттердің шығынын жабу үшін банк­терге 700 млрд теңге бөлінген. Алайда банктер тарапынан кредит қолжетімділігі және көлемі бойынша қарымта қадам байқалып отырған жоқ. Ескі проблема. Үнемі айтып жүрміз. Өтімділігі жоғары профициттер өсіп жатыр. Бұл проблеманы білеміз. Ол банктердің атын да білеміз. Бүгінде аталған профицит 12 трлн теңгедей болған. Бұл қаражат экономикаға, оның ішінде бизнестің ақылға қонымды жолмен дамуы­на, ипотекалық нарыққа жұмыс істеуі керек. Реттеу тетігін құру керек. Сол арқы­лы банктердің тиімді жобаларды қаржы­лан­дыруға ниеті болуы керек. Бұл – Ұлттық банктің жаңа басшылығы мен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің міндеті», деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде Ұлттық банктің жаңа төрағасы Ғалымжан Пірматов дезин­фля­циялық ақша-кредит саясатын жүргізу жалғасатынын мәлім етті.

«Баға өсімін одан әрі төмендету үшін Ұлттық банк дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғас­тырады. Ол Үкімет тарапынан тауар нарықтарындағы дисбаланстарға жол бер­меуге бағытталған жүйелі шаралар­мен қатар орындалуға тиіс», деді Ғ.Пірматов.

Президент шұғыл түрде орындауды міндеттеген тағы бір сектор – кеден саласы.

«Кеден бекеттеріндегі қордаланған мәселелерді жедел шешу қажет. Бұл бюджет үшін айрықша маңызы бар сала. Тағы да қайталап айтамын, ондағы бы­лықты жөнге келтірмесе, салдары ауыр болуы мүмкін. Қытайдың статистикасы мен біздегі көрсеткіштің айырмасы 5,7 млрд доллар болуы соның дәлелі. Қазір Қытаймен арадағы кеден бекетінде 12 мыңнан астам көлік электронды кезекте тұр. Құзырлы экономикалық операторлардың заңсыз іс-әрекеті туралы бұған дейін де айттым. Олар кеденнен және басқа да бақылау органдарынан соншама жеңілдікті қалай алып отыр? Не себепті бұл мәселе назардан тыс қалған? Бұл сұрақтарға 10 күннің ішінде нақты әрі толық жауап күтемін», деді Президент.

Мемлекет басшысы саланың қыз­метін заң бойынша қатаң реттеуді тапсыр­ды. Сондай-ақ кеден мен логис­тика саласындағы проблемаларды халық­аралық ойыншыларды тарту арқылы шешуге болады деген нұсқа айтты. Қ.Тоқаев отырыс барысында еркін экономикалық аймақтар қызметін де сын тезіне салды. Пре­зиденттің айтуынша, ең алдымен бюд­жет­тегі тиімсіз әрі шығыны көп жобалар­ды анықтап, одан түбегейлі бас тарту қажет.

– Еркін экономикалық аймақтардың көбі инвестиция әкелу ісінде тиімді болған жоқ деп бірнеше рет айтқанмын. Ал оларға шамамен жарты трлн теңгедей болатын ауқымды салықтық ынталандыру топтамасы берілді. Нәтижесінде, не алдық? Кейінгі үш жылда аталған еркін экономикалық аймақтарда өндірілген тауарлардың көлемі ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан да аспайды. Ал олардың экспорттық үлесі тіптен жалпы ел экспортының 0,1 пайызына ғана тең. Осы мәселені реттейтін кез келді. Жаңадан тағайындалған Индустрия министрі бұл түйткілдің шешімін табады деп ойлаймын. Еркін экономикалық одақтардың басшылығы пайдалы әрі тиімді жобаларды жүзеге асыруға құлық­ты емес. Олардың әкімшіліктерін тәртіпке шақырыңыздар. Үкіметке бір ай уақыт беремін. Заңға өзгеріс енгізу­ден бастап қажетті шараның бәрін қабыл­даңыздар. Іштен және сырттан инвестор тартыңыздар, – деп міндет жүктеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың сын сада­ғына құрылыс саласы да ілікті. Ол елде санаулы құрылыс компаниясының ғана үстемдікке ие болып отырғанын, коммер­циялық нарық та, мемлекеттік тапсырыс та солардың қолына шоғырланғанын атап өтті. Айтуынша, ондай компаниялар бұған әкімшілік ресурсты пайдалану арқылы қол жеткізіп отыр.

«Үкіметке Бәсекелестік қорғау және дамыту агенттігімен бірге құрылыс нарығын монополиядан арылту жә­не бәсекелі дамуы бойынша шаралар пакетін әзірлеуді тапсырамын. Ондай монополист компаниялардың аты да белгілі. Тендерді ұтып алып, оны қосал­қы мердігерлерге беретін, олар тағы бас­қа қосалқы мердігерлерге бере­тін ком­­паниялардың атауы белгілі. Сондық­тан оған тоқталмай-ақ қояйын», деді Қ.Тоқаев

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жыл сайын елімізде салынатын тұрғын үй көлемінің артып келе жатқанын айтатыны белгілі. Биыл­ғы меже – 17 млн шаршы метрге жет­кізу. Мемлекет басшысы бұл деректің қан­ша­лықты сенімді екенін тексеру қажет дегенді баса айтты.

– Әкімдер жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ескі үйлер мен саяжайларды да есепке қосып жібереді деген ақпарат бар. Ал биыл былтырғыдан 1 млн шаршы метр артық үй салынады деп жоспарланып отыр. Бірақ құрылыстың мұндай қарқынына коммуналдық инфрақұрылым ілесе алмай жатыр. Елордадағы ахуал – осының айқын дәлелі. Қалада алдағы 3 жылда сағатына 900 Гкалл жылу тапшылығы болуы мүмкін. Дәл осындай мәселе кейбір облыс орталықтарында да бар. Құрылыс жоспарын ескере отырып, оған қанша коммуналдық инфрақұрылым қуаты қажет болатынын болжай білуі керек. Үкімет бұл жұмысты әкімдермен бірлесіп атқаруға тиіс. Осы талдаудың негізінде нақты шаралар қабылдау қажет. Мұнан былай тиісті инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымы бар жерге ғана тұрғын үй салынуы керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент жалдамалы тұрғын үйді субсидиялау жөніндегі бастамасын тездетіп жүзеге асыру қажеттігіне де баса мән берді. Бұл бастама өткен жылы іске қосылуы керек еді.

– «Отбасы банк» пен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі субсидия алатындар мен жылжымайтын мүлікті жалға берушілер тіркелетін арнайы цифрлы платформаны әзірлеуге тиіс. Азаматтар өздерінің қажеттіліктеріне сәйкес әкімдіктер немесе құрылыс компаниялары айтқан жерден емес, өздері қалаған жерден тұрғын үй таңдай алады. Әлеуметтік жағдайы нашар топтар үшін жалға алу шығынының 50 пайызы мөлшеріндегі субсидия мемлекеттен төленеді. Тұрғындар отбасылық бюджеттің артылған ақшасын азық-түлік, білім алу, медицина және тағы басқа қажеттіліктеріне жұмсай алады. Осы жүйе бойынша өтінімдерді қа­был­дау мерзімін биылғы 1 мамырдан ке­шік­тірмеуді тапсырамын, – деді Мемлекет басшысы.

Квазимемлекеттік сектор мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Президент сөзінше, квазимемлекеттік сектордың инвестициялық жобаларының құны тым асыра көрсетілетіні жасырын емес.

«Оны аз десеңіз, құрылыс барысында баға тағы да өседі. Бүгінде «Самұ­рық-Қазына» қоры 12 ірі жобаны жүзеге асыруда. Бұл – энергиямен қам­тамасыз етуге, газ өндіруге, темір жол инфрақұрылымын салуға қатысты жобалар. Жұмыстың жалпы құны – 3,4 трлн теңге. Әрине, аталған нысандар халыққа қажет. Алайда жобалардың құнына және мердігерлердің конкурссыз таңдалуына қатысты көптеген сұрақ туындайды. Мысалы, Кендірлідегі су тұшытатын зауыттың жобасы  шетелдегі дәл осындай жобалардан 3 есе қымбат тұрады. Екібастұздағы ГРЭС пен Алматыдағы энергетикалық торапты жаңғыртуға тым көп қаражат бөлініп отырған жоқ па?  Осындай мысалдар аз емес. Сондықтан мұндай жобаларды жүзеге асыру үшін ашық халықаралық байқау өткізген жөн. Бұл қалыпты тәжірибеге айналуға тиіс. Реттелетін мемлекеттік сатып алу жүйесінің жағымсыз жағы да бар. Бөлінген қаржыны қалайда игеру керек деген ұстаным дұрыс емес. Әрбір әрекетті, тіпті болмашы қадамның өзін келісу қажеттігі туралы талап та мүлде орынсыз», деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы делдал компаниялардың нарыққа зиян тигізіп жатқанын да айтты. Оның сөзіне қарағанда, азаматтардың өз игілігіне жарайтын қаржысы сондай ұйымдардың қалтасына кетіп жатыр.

«Әңгіме әртүрлі монополиялық опера­тор делдалдары мен қажетсіз агенттік­тердің комиссиясы мен тарифтері туралы болып отыр. Бұл проблеманы білесіз­дер. Сұрақ – олардың қызметі үшін кім төлейді? Яғни оның негізінде мемле­кеттік органдардың қоғам мүддесі емес, белгілі бір компаниялар мүддесін ғана бас­шылыққа алған нормативтік-құқық­тық актілер жатыр. Үкіметке осы түйт­кілге ерекше мән беру және «Атамекен» ҰКП-пен бірлесіп әр жағдайды жеке қарастыру және оларды түзету үшін нақты шешімдер қабылдау тапсырылады», деді Президент.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында қозғалған мәселелердің бірі – шетке кеткен ақшаны елге қайтару жайы. Бұл шаруаны орындау үшін Президент Үкіметке екі ай уақыт берді. Осы екі айда Үкімет елден заңсыз шығарылған ақша қаражаттары мен активтерді қайта әкелу бойынша тиімді ұсыныс дайындауы қажет. Президент бизнестен салықтық әділдік, әлеуметтік жауапкершілік талап етілетінін де атап өтті.

«Оның бір көрінісі – «Қазақстан халқына» қорына қаражат аудару. Бұған дейін де айттым, бүгін де қайталаймын, қор­дың қалыптасуы ірі ұлттық буржуазия есебінен жүргізілуге тиіс. Әрине, ше­телдік инвесторларды қоса алғанда бас­қа да компаниялардың жарнасы қабыл алынады. Тағы да айтамын, бұл мәж­бүр­леу емес. Бұл – табысты компаниялар мен азаматтардың игілікті жалпы, ұлт­тық мақ­сатқа қолұшын созуы», деді Мем­лекет басшысы.

Соңғы бес жылда ауыл шаруашылы­ғын дамытуға 2 трлн теңгеден астам қа­ра­жат бөлінген. Алайда субсидия қанша өс­се де, салада ауыз толтырып айтатындай өз­геріс болған жоқ. Президент осылай деді.

«Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде. Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған. Мысалы, жа­йылымдық жерлерді суландыруға 80 млрд теңге бөлінді. Бірақ оның тең жар­тысы желге ұшты. Осы жұмысқа қажет­ті құрал-жабдықтың бағасы 2-3 есе артық көр­сетілген. Тіпті кей жағдайда қаржыны қағаз жүзінде игере салған», дейді Қ.Тоқаев.

Мемлекет басшысы осы саланы ретке келтіруді, аграрлық саланың тиімділігін арттыруға бағытталған субсидиялаудың жаңа жүйесін құруды тапсырды. Сондай-ақ үкіметке жер учаскелерінің шекті көлемін анықтау үшін сарапшылар мен ғылыми институттардың қатысуымен жұмыс тобын құру міндеті де жүктелді.

Сондай-ақ жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мәселесін АЭС салу арқылы тез арада шешу қажет деп санайтынын мәлімдеді.

– Жауапты тұлғалардың атом стансасын салу мәселесі жөніндегі сауалдарға жауап беруден неге жалтаратындарын түсінбеймін. Шындығын айту керек, егер таза атом энергиясы болмаса, инвестиция тартпақ түгілі, барлық экономикадан да, аймақтық көшбасшылықтан да айрылып қаламыз. Бізге электр қуаты, әсіресе таза атом энергиясы аса қажет. Экономикалық ахуалдан хабары жоқ популистердің сөзіне ермейік. Атом энергетикасының мәнін кәсіби деңгейде түсіндіру қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін түйіндей келе, мемлекет пен бизнес басшылыққа алуға тиіс қағидаттарды айқындады.

– «Жаңа Қазақстанды» құру үшін түсінікті әрі әділ мемлекеттік саясат жүр­гізілуі керек. Бұл саясат шенеуніктердің жөн­сіздігіне жол бермейді. Бәсекеге және технологияға негізделген экономиканы қалыптастырады. Сонымен бірге жекеменшікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы  кепілдік береді, – деді Президент.