Қазақстан • 09 Ақпан, 2022

Жемқорлыққа қарсы күрес толассыз жүргізіледі

552 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әскери ведомствода Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі заңнаманың сақталуын бақылау жөніндегі комиссия отырысы өтті. Басты тақырып Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру төңірегінде болды.

Жемқорлыққа қарсы күрес толассыз жүргізіледі

«Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы сыбайлас жем­қорлыққа қарсы ымырасыз күрес жариялағаны баршаңызға мәлім. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2022-2026 жылдарға арналған мемлекеттік тұжырымдамасын іске асыру барысында біздің комиссияға маңызды міндеттер жүктелді. Бү­гін биылғы бірінші отырыс­ты өткі­зіп отырмыз. Әскердегі сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл шараларын бюрократияны жоюға, айқындық пен ашықтықты арттыруға бағыттаймыз», деп атап өтті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияның төрағасы, Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-лейтенант Сұлтан Қамалетдинов.

Әскери ұжымдарда сы­бай­лас жемқорлықпен құқық бұзу­шы­лықтың алдын алу, оны жасауға ықпал еткен себептерді, сондай-ақ ахуалды анықтау мен жою қор­ғаныс ведомствосы қызметінің ба­сым бағыты болып қала бермек.

Жаңа қаржы жылының ашы­луы алдында өткізілген комис­сияның 2022 жылғы бірінші отырысында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуде қабылданатын шараларға, сондай-ақ тіркеу және шақыру науқандары барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына ерекше назар аударылды. Қызметтің осы бағыттарында туындауы мүмкін жемқорлықтың тәуекелдерін қарау қажет. Отырыс барысында Қорғаныс министрлігінің комис­сиясы Қарулы Күштердегі сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл жөніндегі 2021 жылғы қыз­меттің қорытындысын шы­ғарды. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының саны 2020 жылмен салыстырғанда бір жарым есеге төмендегені атап өтілді.

Ведомствоның сыбайлас жем­қорлыққа қарсы комиссиясы он отырыс өткізіп, 176 ұсы­ным әзірледі. Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл жөнін­дегі гарнизон комиссиялары өзек­ті мәселелерді талқылау жөнін­де 180-нен астам іс-шара, құқық қорғау және арнайы ор­гандар қызметкерлерінің қатысуы­мен 300-ден астам кеңес ұйым­дастырды. Сыбайлас жемқорлық кө­ріністерінің алдын алудың заманауи тәсілдерінің бірі цифрландыру болып табылатыны атап өтілді. Ол азаматтар үшін қызметтердің қолжетімділігін ғана емес, бірінші кезекте рәсімдердің ашық өтуін қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы цифрландыру жөніндегі жұмыста басымдықтар нақты белгіленуге тиіс деп атады.

екао

Осы бағыттағы жұмыс шең­бер­інде жергілікті әскери басқару органдары мен әскери полиция бөлімшелерінде «Қарулы Күштер – адалдық алаңы» жобалық кең­се­лерінің жұмысы жандандырылды. Басқа мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің интеграциялауымен «Цифрлық жергілікті әскери басқару органы» пилоттық жобасы әзірленді. Әскери полиция «Әскери сенім» мобильді қосымшасын іске қосты. Онда 3 000-нан астам адам тіркеліп, әлеуметтік, қаржылық және құқықтық сипаттағы мәселелер туралы 134 хабарлама қабыл-
данды.

Отырыста қорғаныс ведом­ствосының лауазымды тұлғалары баяндама жасады. Атап айтқанда, Ұйымдастыру-жұмылдыру жұ­мыстары департаментінің бас­тығы полковник Сәкен Жүсі­пов жасаған баяндамасында мем­лекеттік қызметтер көрсету тәртібі туралы халықпен түсін­діру жұмысы, азаматтарды мер­зімді әскери қызметке және әскери жиындарға шақыру, сон­дай-ақ жеке құраммен жеке-тәрбие жұмысы жергілікті әскери басқару органдарындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің басты бағыттары болып табылатынын атап өтті.

Президенттің тапсырма­ларын іске асыру аясында генерал-лейтенант Сұлтан Қамалет­динов бірқатар міндетті белгіледі. «Қорғаныс министр­лігінің, Бас штабтың және Қа­ру­лы Күштердің барлық құры­лым­дық бөлімшесінің басшылары, әскер түрлерінің бас қолбас­шылары, тектердің, өңірлік қолбасшылықтар әскерлері­нің қолбасшылары сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимылды өзінің қызметтік жұмысы­ның басты бағыты деп есеп­теуге тиіс. Олар әрбір бағынысты әске­ри қызметшіге сыбайлас жемқор­лыққа қарсы күрестегі әрекет­сіздігі үшін жеке жауапкершілік жүк­телетінін жеткізуге міндетті», деді комиссия төрағасы.

Мемлекеттік сатып алуды ұйым­дастыру кезінде бюрокра­тиялық процесті жою, олардың айқындығы мен ашықтығын кеңейту маңызды бағыт болып белгіленді. Әскери қызметшілерді тағайындау кезінде олардың моральдық қасиеттерін, поли­графологиялық зерттеу нәти­желерін, сондай-ақ олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар қабылдауға қатынасын ескеру туралы нұсқаулар берілді. Командирлерге (бастықтарға) сыйлықтар берудің, сондай-ақ рұқсатсыз қаражат жинаудың жолын кесу жүктелді. Тамақ­тан­дыруды ұйымдастыру саласында Сарбаздар аналарының комитетін, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызметтерді тарта отырып, қо­ғам­дық бақылау шараларын қабыл­дау қажет. Құрылымдық бөлім­шелердің басшыларына, әскер­лердің бас қолбасшыларына және қолбасшыларына сеніп тапсы­рылған және бағынысты бөлім­шелердегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін ұдайы анықтау және талдау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы комиссияға оларды жою жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.