Жылқы десе, тұратұғын елеңдеп,
Жылқыжанды қазақ жайлы өлең көп.
«Ер қанаты – ат» дегенді пір тұтып,
Ес білгеннен жылқы қамын келем жеп.
Жылқылар-ай, жылқылар-ай, жылқылар,
Бір-бірінен озғысы кеп жұлқынар.
«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демей ме?
Ойға алсам-ақ, жүрегіме жыр тұнар.
Жылқылар-ай, жылқылар-ай, жылқылар,
Көңілімде киемменен бір тұрар.
Соғым іздеп сабылғанда жұрт мына,
Шыбын жаным тағат таппай шырқырар.
Жылқылар-ай, жылқылар-ай, жылқылар,
Ене десе құлын-тайы шұрқырар.
Күлдір-күлдір кісінейді – не дейді?
Мүмкін бізге айтылған бұл мұң шығар...
Жылқылар-ай, жылқылар-ай, жылқылар,
Іштерінде дүлдүлдер бар біртуар.
Жылқыменен біздің халық ұқсас қой,
Көшелісі және шағын тұрқы бар...
Жылқылар-ай, жылқылар-ай, жылқылар,
Шауып өтсе, дала шаңы бұрқырар.
...Біз сияқты жылқымінез халықты
Биылғы жыл жарылқайтын жыл шығар!!!
Айтқали НӘРІКОВ.
Орал.