Бизнес • 09 Ақпан, 2022

Әлеуметтік кәсіпкерлік әлсіз топтарға көмектеседі

1363 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әлеуметтік кәсіпкерлік – қоғамның, экономиканың дамуына ықпал ететін ма­ңыз­ды сала. Әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған бұл бағыт нарықтық эко­номика жағдайында мемлекеттік басқару жүйесіндегі олқы­лық­тар­дың орнын толтыруға ықпал етіп, өзгермелі қоғамға барынша икемді келеді.

Әлеуметтік кәсіпкерлік әлсіз топтарға көмектеседі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Еуропалық комиссияның мәліметтері бойынша, жаһандық экономикалық дағ­да­рыс жылдарында Еуропадағы әлеу­меттік кәсіпкерлік қарқынмен да­мы­ған. Оған дәлел ретінде Еуропаның әлеу­мет­тік кәсіпорындарында 10 млн-нан аса жұмыс орындарының ашылғанын атап өтуге болады. Бұл кәсіпорындар негізінен әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен қызмет түрлеріне, мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналас­тыру мен тұрақты дамуға бағытталған. Бүгінде Бельгия, Мажарстан, Италия, Люксембург, Франция, Эстония және басқа да елдерде 1 млн тұрғынға шаққанда 2 мыңға жуық әлеуметтік кәсіпорын жұ­мыс іс­тейді. Жүйелі қолдаудың нәтижесінде Оң­түстік Кореяда соңғы 10 жылда кә­сіпорындар саны – 30 есеге, ал жұ­мыспен қамтылғандар 16 есеге көбей­ген. Мысалы, 2018 жылдары серти­фикат­талған 2 мыңнан аса кәсіпорында 40 мың адам жұмыс істесе, оның 60 па­йызын әлеуметтік мұқтаж жандар құ­рап, жыл­дық табысы шамамен 1,7 млн дол­лар­ға жеткен.

Қазақстанда да әлеуметтік кәсіпкер­лік­ті қолдайтын арнайы заң бар. Былтыр Мәжіліс әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту мәселелері бойынша толықтырулар мен түзетулерді мақұлдап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Рес­­­пуб­ликасының кейбір заңнамалық ак­­тілеріне кә­сіпкерлік, әлеуметтік кә­сіпкер­лік ­және міндетті әлеуметтік ме­д­и­­циналық сақтандыру мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды.

Green Tal шеберханасының жетекшісі, әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің не­г­ізін қалаушы Эмин Әскеровтің айтуын­ша, әлеуметтік өзгерістерді қол­дауға бағыт­талған жаңа бағыттың жүзеге асуы­на Мемлекет басшысының өзі ті­ке­лей қол­дау білдіріп, бастамашы болып отыр. Аталған заң азаматтардың әлеуметтік осал санаттарын жұмыспен қамтуды жеңілдетуге және олардың қоғамдық пайдалы қызметке қатысуына, әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері өндіретін тауарларды нарыққа ен­гізу­ге мүмкіндіктер берумен қатар, ғи­ма­рат­тар­ды жеңілдікпен жалға алу мен салық жеңiлдiктерiн, тағы да басқа мәселелерді қарастырады.

Э.Әскеров атап өткендей, бүгінде елі­­мізде 500-ден аса әлеуметтік кә­сіп­­кер өз жобаларын жүзеге асыруда. Әлеу­­меттік кәсіпкер кез келген әлеу­мет­­тік мәселелерді шешуге бағытталған кә­сіпорындар дейтін болсақ, Green Tal әлеуметтік шеберханасының ағаш ұстасы, тігін, киіз шеберханалары және басқа кәсіптік бағыттарында әлеуметтік санат­қа жататын азаматтардың 95 пайызы еңбек етеді.

Дамыған елдерде әлеуметтік кәсіп­кер­лік экономиканың үшінші секторына жатады. Олар тек елдік мәселелерді ғана шешіп қоймай, салық аударымдары есебінен мемлекет бюджетін толтыруға ықпал етуде. Осы орайда Ұлыбритания тәжірибесін негізге алған Э.Әскеров бұл елде 100 мыңдай әлеуметтік кәсіпкердің жұмыс тәжірибесін назарға алды. Мұндай кәсіпорындарға әлеуметтік мұқтаж 1,5 млн адам жұмысқа орналасқан. Ал әлеу­меттік кәсіпкерлердің салықтық түсім­де­рі­нен түсетін сома ІЖӨ-нің 10 пайызын құрайды.

Бизнес-тренер Гүлжанат Мұратбай Маңғыстау облысындағы әлеуметтік кә­с­і­пкерліктің даму барысымен бөлісті. Қа­зіргі кезде аталған өңірде де кәсіп­кер­лік басқармаларында реестр жасалуда. Ал қолданысқа енген заң алдағы уа­қытта осы саланың дамуына барынша мүмкіндік береді.

«Құжатта қарастырылған жеңілдіктер – әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысамын деушілерге берілген жақсы мүм­кін­дік. Дегенмен елімізде бұл салаға қатысты ақ­па­раттың аздығы, тіркелудегі, гранттық жо­­баларға қатысумен байланысты хабарламалардың жеткіліксіздігі саланың дамуына кедергі келтіруде. Мысалы, өткен жылы ҮЕҰ-ны мемлекеттен қар­жы­ландыруға байланысты 1 851 жобаға 16,2 млрд теңге бөлінді (1 жобаға – шамамен 8,75 млн теңге). Оны осы салада көпжылдық тәжірибесі бар ҮЕҰ ғана жүзеге асырғандықтан, азаматтық қоғамның өзге белсенділері шет қалды. Яғни саланың өкілдері қаржыландыру тетіктері жайындағы деректерге зәру», дейді Г.Мұратбай.

Дегенмен қазіргі кезде аймақтардағы қоғамдық ұйымдарға бірте-бірте көңіл бө­лініп келеді. Сондықтан да салада тә­жірибесі бар мамандар білгендерімен бө­лісе отырып, ҮЕҰ, әлеуметтік кәсіп­кер­лік саласы өкілдерінің ықпал­дастығы қажет.

Г.Мұратбай сонымен қатар «Биз­нес Бастау» жобасына әлеуметтік кә­сіпкерлік туралы тарау қосудың қа­жет­тілігін айтады. Ал қолдауға ие бол­ған кәсіпкерлерге арнайы балл қосу арқылы олардың осы саладағы үлесін көбейте аламыз. Мысалы, Алматыдан өзге қалаларда мүгедектердің арбасын жөндейтін цехтар, оларға қажетті тауар­лар­ды сататын орындар жоқтың қасы. Сондай-ақ олардың ақпарат алма­сып, қоғаммен байланысудағы тиімді те­тік­те­рі жеткіліксіз.

Бүгінде еліміздегі бірқатар өңір эко­но­микалық тұрғыдан дамып келеді. Бизнес-тренер, ментор, көпбалалы ана Гүлнар Букваева мал өсіріп, сүт өнім­де­рін өн­діргісі келетін кәсіпкерлерге ақпа­рат­тық қолдау көрсетіп, тәжіри­бе­сі­мен бөліскісі келетінін айтады. Өйткені сапалы азық-түлік өндіру мен халықтың денсаулығы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі дейтін болсақ, еліміздің қай өңірін алсақ та, табиғи өнім өндіру мүмкіндігі зор. Әлеуметтік кәсіпкерлік қоғамның әлсіз топтарына қолдау көрсететін маңызды сала бол­ғандықтан, көп қолдауды қажет етеді.

Г.Букваева атап өткендей, соңғы кез­­дері қоғамдық ұйымдардың өзі өзін қаржыландыру мәселесі қарас­ты­­­рылуда. Осы орайда әлеуметтік кә­сіп­­­керлік нысандарының табыс табу мүм­кіндіктеріне көңіл бөлу қажет. Бұл біріншіден, мемлекет қаржысын үнем­деуге мүмкіндік берсе, екіншіден кә­сіп­кер­лер мен онда жұмыс істеп жатқан әлеу­меттік санаттағы азаматтардың тұр­мыс­тық жағдайының түзелуіне ықпал етеді. Сонымен қатар ол қоғамдық ұйым­дар­дың құжат жинау машақатын же­ңілдетуге қатысты да ойларымен бө­лісті.

Биыл қаңтар айындағы деректер бойынша, елімізде 700 мыңға жуық мүгедектігі бар азаматтар тіркелсе, 420 мыңға жуығы – еңбекке қабілетті жас­та. Әлеуметтік санаттағы азаматтардың қо­ғаммен ықпалдастығы ҮЕҰ мен әлеу­­меттік кәсіпкерлер белсенділігінің нәтижесінде тиімді жүзеге асып келеді. Бүгінде елімізде 20 мыңға жуық ҮЕҰ тіркелгені туралы дерек бар. Алайда олардың 5 мыңға жуығы ғана – бел­сен­ді­лер қатарында. Осы орайда азаматтық қоғамның дамуы үшін ҮЕҰ бағытындағы ақпараттық мәселелер мейлінше жүйе­леу­ді қажет етеді. Ал әлеуметтік кә­сіп­кер­лер азаматтардың әлеуметтік осал санаттарына арналған сапалы жұмыс орындарын ашып, оларға қажетті қызмет түрлері мен тауарлар өндірісін жолға қойып жатқаны қуантады.