Бизнес • 10 Ақпан, 2022

Кәсіпкерлердің кезекті 39 өтініші мақұлданды

260 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үкіметтің жедел қабылдаған шараларының нәтижесінде, Алматы қалыпты тіршілігіне оралып келеді. Егер өткен аптада Алматыда 200-ден аса кәсіпкер қаңтарда көрген шығындары үшін өтемақы төлемдерін алса, ШОБ субъектілеріне келтірілген шығынды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның 6 ақпандағы отырысында жалпы сомасы 85,7 млн теңгені қажет ететін тағы 39 өтінім мақұлданды. Оның ішінде құны 8,4 млн теңге болатын 5 өтінім бюджет қаражатынан, 34 кәсіпкердің 77,3 млн теңге шығыны «Жаңа Алатау» қайырымдылық қоры арқылы өтелді.

Кәсіпкерлердің кезекті 39 өтініші мақұлданды

Комиссияның жұмысы бастал­ған­­н­ан бері барлығы 456,1 млн теңге сома­ға 260 өтінім мақұлданса, оның ішінде бюджет қаражатынан 157,1 млн теңгеге 108 өтінім, қор қаржы­сы­нан 299 млн теңгеге 152 өтінім қанағаттандырылды. Бірінші кезекте 5 млн теңгеге дейінгі төлем сомасымен майда және шағын бизнестен түскен өтінімдер жедел қаралуда.

Аймақтық комиссия бизнес­ке кел­тірілген шығынды өтеу жөнін­дегі қолданыстағы тетікке түзетулер енгізуді жалғастырып жатқанын бұған дейін де хабарлаған едік. Мәсе­лен, егер бұрын өңірлік комиссияның ұсынысы бойынша өтемақы жеке аудиторлар мен бағалаушылардың қызметтеріне арналған шығындарды қамтыса, енді сот сараптамасын жүргізу үшін бюджет қаржысы есебінен жеке адвокаттарға арналған шығындар да төленуі мүмкін.

«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің қолданыстағы нормаларына сәйкес сот сараптамасын жүргізуге материалдарды дайындауға тергеуші ғана емес, оның сұрауы бойынша адвокат та жіберіледі. Қазіргі кезде тергеушілердің жұмысы көп екенін ескере отырып, сот сараптамасын жүргізуді жеделдету және өтемақы төлемін алу мақсатында тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен кәсіпкерлерге жеке адвокаттардың қызметіне жүгіну­ді ұсынамыз. Қазір кәсіпкерлер бұл қызмет­терді өз қаржысы есебінен төлей алады, алайда біз бюджет қаражаты есебінен шығын­ды өтеуге адвокаттық қыз­меттерге арналған шығыстарды қосу жөнінде ұсыныс әзірлеп жатырмыз. Бұл шара зардап шеккен бизнеске мемлекеттік қолдау көрсетуді кеңейтуге және қала экономикасын одан әрі қалпына келтіруді жеделдетуге мүмкіндік береді», деді ШОБ субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жөніндегі өңірлік комиссияның төрағасы, Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин.

 

АЛМАТЫ