Қоғам • 10 Ақпан, 2022

Сағыныш өліп барады

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Біздің көбімізді көше тәрбиелегені күмәнсіз шығар. Түбегейлі көше демесек те, бала тәрбиесіне көшенің ықпалы жоқ емес. Біз деп отырғанымыз – тәуелсіздік жылдарында өмірге келген жастар. Алды отыздан асып, қырыққа аяқ басты. Соңы болмай-ақ қойсын, бәрі азаттық атын жамылып туғаны қандай тамаша.

Сағыныш өліп барады

Жастардың жеке бас еркіндігі дегеннің өзі сол көшеден басталатын сияқты емес пе? Еріккендер мен желіккендердің бәрі көшеге шығады. «Қызым – үйде, қылығы – түзде» дейді. Есейген баланың көбі «өнерін» көшеде салуы мүмкін әрі көшеден бойына жұқтырып бір нәрсе алып та келеді. Жақсылықты да, басқасын да.

Тіпті әр көшенің өзіне тән тәр­тібі болатын. Шеткері көше, ауыл ортасындағы көше бір-біріне ұқсай бермеуі мүмкін. Көше әні деген ұғым қалыптасқанын қайда қоясыз? Көше­лерде адамдар араласып жатқаны былай тұрсын, қыз бен жігіттің сезімдері оянып, жаны алмасып, ән шырқалып жатқан демек. Ертедегі қазақ баласы алқа-қотан отырғанда ән-күй тың­дап, алтыбақанда, ақсүйекте табысса, кейінде көшеде. Көше көрмеген балалардың әлемі – өз алдына бөлек әңгіме. Қазір қаншама ғасырдан бе­рі жалғасып келе жатқан осындай тіл табысу мен байланыстың бәрін әлеуметтік желі «жұтып» алды. Тікелей қарым-қатынас жоққа тән. Болса да бұрынғының жұқанасы ғана. Бейсауат жүру жоқ. Смартфон бетінде сөйлесуге ерініп, смайлик жүздірген заман. Оның жақсы да, жаман жағы бар. Іздеген адамды бірден табасыз. Кез келген жағдайда көпшіліктің пікірін байқап отырасыз. «Алысты жақындатады, жа­қынды алыстатады» дейді білетіндер. Сөйте тұра уақыт үнемдемек түгілі, барған сайын уақыт қысқарып бара жатқан сияқты көрінеді. Жарты сағат желіде «қыдырсаңыз» жүйкеңіз тозады кейде. Уақытыңыз шығын болады. Ең қиыны, адамның ең аяулы сезімдерінің бірі сағынышты жойып барады. Біреу керек болса, қолма-қол тауып аласыз, бейнеқоңырау арқылы сөйлесе саласыз. Мауқымызды осылай басып жүргенімізді сезбейтін хәлге жетіп қалған сияқтымыз ба, қалай?