Содан бері жаһанның жылт еткен жаңалықтарын қорғасын машинадан өткізіп, санаға сәуле, ойға ой қосып келген газеттердің адамзат тарихынан алар орны ерекше. Халық тілегі мен ниеті жерде қалсын ба? Бірінен бірі үйреніп, тәй-тәй басқан жас басылымдар апта сайын немесе ай сайын шығып тұрыпты. «Жақсы газет – өзімен-өзі сөйлесетін ұлт» деген Артур Миллердің сөзі қағазға түскен ойдың шындыққа айналғанын дәлелдеп үлгерді.
Сөз кезегінде мынадай бір ой ұшқынын айта кеткім келеді. Арғы бетте Шапчал деген аудан бар, ол жақты сібе деп аталатын ұлт мекендейді. Бір күні сол сібенің сексеннен асқан қарты поштаға барып, сібе тілінде шығатын жалғыз газетке жазылыпты. Пошта қызметкерлері таңырқап: «Үлкен кісі, сіздің көзіңіз көрмейді екен, газетке жазылып не істейсіз?», деп сұраса керек, сонда әлгі қарт: «Иә, көзім көрмейді, өзім газет оқи алмаймын, бірақ мен ана тілімде шығатын жалғыз газеттің тоқтап қалмауы үшін жыл сайын жазыламын, менің арманым да, мақсатым да – осы», деп жауап беріпті. «Газет өлген сайын, тіпті нашар болған сайын, ел авторитаризмге жақындай түседі» дейтін Ричард Клюгердің асыл сөзін ауылдағы қарапайым қарттың өзі айтып тұр емес пе?!
Ең тағдырлы да, өлмес сөзді қарапайым адамдар айтып кеткенін уақыттың өзі айқындады. Ана тілінің ертеңі үшін күрсінген қарттың әлгі сөзі кейін қаншама газет-журналдың болашағына себеп болғанын кім білсін? Таза ниет пен ділдің күтетіні де – сол. Біздің ұлтымызда ана тілінің өлмеуі үшін газетке жазылып қана емес, газет шығарып, жұртты сауаттандырған тұлғалар көп болды. Олардың күткені елі мен жерінің, кең-байтақ даласының амандығы мен болашағы еді. Қазақты оқусыз қалдырмауға қалтқысыз еңбек еткен «Қазақ», «Айқап», «Ұшқын» «Еңбекші қазақ» сияқты басылымдарда Әлихан Бөкейхановтан бастап Міржақып Дулатов, Мұхтар Әуезовке дейінгі ұлт тұлғаларының маңдай тері мен көз майы, жүрек қаны сіңді. Қазақтың қазақ болып қалыптасуына, білім алуына газеттің қосқан үлесі қаншама?
Қазір көптеген адам «Газетті кім оқиды?», «Газет кім үшін керек?», деп ерсі сөйлеп, есе жөнелгенді жақсы көреді. Ондай адамдарға берер жауабымыздың сан түрлі нұсқасы бар, соның бірі, жоғарыдағы зағип қарттың сөзі болмақ. Ендеше газет кім үшін керек? Әрине, мен сізден «өзіміз үшін» деген саналы жауап күтемін.