«Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың төрағалығымен жаңадан жасақталған Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкіметтің 2021 жылғы әлеуметтік-экономикалық жоспарының қорытындылары талқыланды. Жетістіктер мен кемшіліктер сараланып, барлық мәселе жан-жақты қаралды. Президент Үкіметтің қорытынды есебі бойынша көптеген тапсырма берді.
Әлеуметтік ахуал мен халықтың әлеуметтік мәселесі, халықтың табысына байланысты бірқатар міндеттер алға қойылды. Оның ішінде халықтың табысындағы теңсіздіктерге байланысты айтқан мәселелері өте орынды екені ақиқат. Біздің елімізде 1 миллионнан астам адамның табысы жаңағы кедейшілік деңгейінен төмен болып шықты. Жергілікті әкімдерге алдағы уақытта жұмыс орнын ашып, халыққа жағдай жасау, микро, кіші және орта бизнес ашуға тапсырма берілді. Оның ішінде 10 мың адамға жылына 100 жұмыс орнын ашу тапсырмасы да маңызды болып отыр», деді депутат.
Оның ойынша, орта және кіші бизнесті дамыту арқылы халықтың әл-ауқатын, табысын арттыру, теңгерімсіздікті азайту мәселесі шешілуі тиіс.
«Сондықтан да мұны шын мәнінде де құптаймыз. Кейінгі он жылдың ішінде әлеуметтік жағдайы нашарлап кеткен тұрғындардың жағдайын жақсарту – бүгінгі күннің басты міндеті болып отыр», деді ол.