Қоғам • 10 Ақпан, 2022

Алаяқтар БЖЗҚ салымшыларын алдап кетті

261 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

БЖЗҚ-ның 30-ға жуық салымшысы заңсыз әрекеттердің құрбаны болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Алаяқтар БЖЗҚ салымшыларын алдап кетті

БЖЗҚ салымшылары белгісіз делдалдардың алаяқтығына тап болғанын хабарлады. Олар өздерін қор қызметкерлері ретінде таныстырып, тұрғын үйге немесе емделуге зейнетақы жинақтарын алуға көмек беретіндерін айтқан. 30-ға жуық салымшы осы заңсыз әрекеттердің құрбаны болды.

Бұдан басқа, әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жылжымайтын мүлікті зейнетақы жинақтары есебінен тұтыну кооперативтері немесе өзге де компаниялар арқылы сатып алу туралы жалған ақпарат таратылады.

Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегінен асатын бөлігін тұрғын үй мен емделуге пайдалану мүмкіндігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген уәкілетті операторлар арқылы тек электрондық форматта іске асырылады.

Бүгінгі таңда зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға пайдалануға өтініштер қабылдайтын уәкілетті операторлар «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Altyn Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» АҚ болып табылады, ал зейнетақы жинақтарын емдеу үшін пайдалануға «Отбасы банк» тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ бірыңғай операторы болып табылады.

БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын пайдалану үшін үшінші тұлғаларға жүгінбеуді, бейтаныс сайттарға күдікті сілтемелер бойынша өтпеуді, қажетті ақпаратты тек enpf.kz ресми сайтынан ғана тексеруді сұрайды.