Қазақстан • 10 Ақпан, 2022

Туған елдей ел болмас

356 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуықта Германиядағы бақуатты өмір­ді бейнелеген бір бейнежазба уатсап әле­мін шарлап кетті. Аталған елдің бір ша­ғын елді мекеніндегі, біздіңше айтсақ, ауылындағы, әдемі көрініс. Қаз-қатар тізілген екі-үш қабатты сәнді коттедж­дер. Жайқалған тал-терек. Жасыл кілем секілді құлпырған шөптер. Жарқыраған асфальт. Ауыл көркіне тамсанып қарай бергің ке­ле­ді.

Бір ғажабы, мұнда кедей адамдар тұрады екен. Ал енді кедейлерінің жағдайының өзі әжептәуір. Олар жұмыссыз үйде отырғанның өзінде мемлекеттен айына 1 500 еуро жәр­демақы алады екен. Біздіңше айтқанда, 750 мың теңге ғой. Біздегі орта тұрмыстағы адам­­дардың үйіне ай сайын мұндай қаржы кі­ре ме, кірмей ме, ол жағын айта алмаймын.

Міне, осы бейнежазба біздің курстастар чатына да келіп түсті. Талқылай жөнелдік.

«Германияға барып кедей болса, қай­теді?!» деп жазды бір курстасымыз.

«Германия қазақтар тұратын жер емес, олар біздердей кең емес», деп жазды екінші курстасымыз.

«Рас-ау, біздің жеріміз де, көңіліміз де кең ғой. Басқа елге барып өмір сүре алмас­пыз. Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», деп жазды үшінші курстасымыз.

«Олар бізді қабылдамайды да ғой, Гер­манияға бару үшін алдымен неміс бол­уың керек қой», деп жазды төртінші курстасымыз.

Содан жаңағы «Германия – қазақ тұратын жер емес» деген досымыз бір әңгіменің шетін шығарды. Таразда шешесі жағынан жегжаттарының бір қызы ерте уақытта не­міс жігітіне тұрмысқа шыққан екен. Ол жі­гіттің өзі шынтуайтына келгенде қазақ. Өйт­кені әкесі – қазақ, шешесі – неміс. Елі­міз­дегі немістер Германияға қопарыла көш­­кен кезде, шешелерінің барша туысы сол жаққа барып қоныстанады, бұлар да қыз­ды-қыздымен сол елге отбасымен қо­ныс аударады. Бұл жақтан бозбала болып бар­ған баласы ержетіп, автокөлік жөндейтін ше­бер­ханаға жұмысқа тұрады. Қазақстанмен қарым-қатынасын үзбейді. Өйткені біз жақ­тан жеңіл көлік сатып алуға барғандар сол жігітке жолығып, көлік таңдап алуға, машинаны жолға дайындауға көмек алып жүреді. Жігіттің өзі де елге жиі келіп кетеді. Содан әлгі жігіттің көңілі бұзылып, басқа бауырларын алып, Қазақстанға қайта қайтып келеді. Шүкір, бұл жақта да тұрмыстары жаман емес екен.

Шамасы, әкелері көп өтпей қайтыс болса керек. Енді Германияда жалғыз шешелері тұрып жатқан көрінеді. Ол кісі де жылма-жыл Қазақстанға келіп тұрады екен. Өйткені балалары да осында ғой.

Содан бірде туыстары дастарқан ба­сындағы еркін әңгіме кезінде: «Енді неге өзіңіз қайтып келмейсіз?» деп сұрайды әлгі кемпірден. Сонда әлгі апамыз: «Шіркін, өз еркіме салса, Германияда бір күн де тұрмас едім. Құстай ұшып Қазақстаныма жетер едім. Тек мені ол жақта тоқтатып тұрған 1500 еуро жәрдемақысы ғой. Сол қаржымен ептеп мұндағы балаларыма көмектесемін. Ол жақта біздің қазақтың қонақжайлылығы мен кеңпейілдігі жоқ. Жаныңа үнемі бірдеңе жетпей жүреді», депті.

Осы оқиғадан туатын қорытынды – ­ел ре­­тінде біздің қазақтың жақсы ха­лық екен­­дігі. Тек осы отбасы ғана емес, Гер­­ма­ния­ға қоныс аударған барша не­міс­тің сол жақтан Қазақстанға ыстық сә­лем­де­рін жолдап, тәуелсіздік мерекесі кезінде Қазақстанның көк туын көтеріп, қазақтың әнін шырқап жататындығы соның бір дә­ле­лі болса керек. Олардың арасында да Қазақстанға қайтып келгендері аз емес екені белгілі. Демек бұл – ол жаққа кеткен неміс ағайындарымыздың жанына да бірдеңе жетпей жүр деген сөз.

Қазір ел ішіндегі адамдардың да әрі-сәрі көңіл күй үстінде екені белгілі. Ал­матыдағы қаңтар оқиғасы сол көңіл күй­ге көлеңкесін түсіріп өткендей. Өмірдің қа­­уіпсіздігі мәселесі алдыңғы қа­тарға шы­­­ғып отыр. Дегенмен көптеген қазақ­стан­­дық Мемлекет басшысы әйгілеген «Жа­ңа Қазақстаннан» жақсы үміт күтуде. Жас­тар жағы өз болашақтарын «Жаңа Қа­зақ­ста­нмен» байланыстырғысы келеді. Ол үшін, әрине, мемлекеттік билік жүйесіне терең реформалар керек. Сол реформалар жедел және нәтижелі жүрген жағдайда ғана «Арқада қыс жылы болса, арқар ауып несі бар» дегендей, жастардың шетелдерге кетуі де кілт тоқтайтыны анық. Халыққа ең қажеті – болашаққа деген сенімнің болуы. Сол сенім болса, асты-үсті кенге толы Қазақстанда бәрі табылатындығы да күмәнсіз.