Денсаулық сақтау саласындағы аса ірі дағдарыс кезінде ата-аналар бірінші орынға балаларының денсаулығын қоятыны түсінікті. Алғашқыда балаларды қорғау мақсатында оларды мектепке, балабақшаға немесе қосымша курстарға жіберуден бас тартқандар көп кездесті. Осылайша, балалардың смартфонға телміріп қалған жайы бар. Сондықтан ахуал бір қалыпты бола бастағанда, сол өскелең ұрпақтың жоғалтқанын түгендейтін уақыт келген секілді.
Балалардың көпшілігі үйдегі, қоғамдағы көңіл күй мен отбасындағы жағдайға аса сезімтал келетінін ескерсек, соңғы жыл ересектердің жұмыссыздық, дәрі-дәрмектің болмауы секілді қиындықтармен бетпе-бет келуінен бастап, ең қорқыныштысы, отбасы мүшелерінің өмір үшін күресін көріп өсті. Осы секілді қиын кезеңдер бала психологиясына, дүниетанымына әсер етпей қоймайтыны сөзсіз. Оның үстіне мектепке барып, достарымен көрісе алмай, сабақты толыққанды меңгере алмағаны тағы бар.
Індеттің таралу деңгейін төмендету үшін әлем бойынша 190-нан астам елде мектептер жабылып, 1,4 миллиард оқушы үйінен оқуға мәжбүр болған. Оқу орындары эпидемиологиялық ахуалға байланысты бірде ашылып, қайта жабылып отырды. Human rights watch ұйымының есебі бойынша пандемия дүниежүзі бойынша мектеп жасындағы балалардың шамамен 90 пайызының білім алуына кедергі келтірген.
Білім берудегі теңсіздік мәселесі бірінші орынға шықты. Себебі мектептер жаппай онлайн оқытуға көшкенде оған барлығы бірдей дайын болмады. Адам құқығының бұзылмауын діттейтін ұйым өкілдері елдер үкіметтері пандемия кезінде білім алу процесі үзілген оқушыларды мектепке қайтарып, оқу үдерісін бұрынғы қалпына келтіруді мақсат етпеуі керек дейді. Қашықтан оқу кезінде өзгелер секілді технологияға қол жеткізіп, онлайн білім алуға дайын болмағандарға көбірек көңіл бөлінгені жөн дейді мамандар. Балалардың оқу бағдарламасын қуып жетуіне мүмкіндік берілуі керек деген пікірлер де айтылды. Жалпы, мемлекеттер үкіметтері толыққанды білім алуға мүмкіндігі болмаған балаларға барлық жағдайды жасауы керек.
Түрлі елдер мен өңірлердегі оқушылардың сапалы білімге қол жеткізу мүмкіндігі әр қалай. Тіпті бір елде балаларға әртүрлі жағдай жасалынған. Мұндай қорытындыға Human Rights Watch ұйымы 60 елде 470 адаммен әңгімелесу арқылы келген. Мәселен, Индонезиядағы Борнео аралындағы оқушылар мұғалімдерінен WhatsApp хабарламаларын алуға және тапсырмаларды электронды пошта арқылы жіберуге жеткілікті телефон сигналын табу үшін аптасына төрт рет мотоциклмен 24 шақырым жол жүріп отырған. Кейбір ел үкіметтері сабақтарды радио мен теледидар арқылы таратқан. Қазақстан да осы әдіске жүгінгені белгілі. Десе де көптеген балаға пандемия кезінде оқуды жалғастыру үшін қажетті құрал-жабдықтар мен мүмкіндіктер берілмеген.
Мамандар балалардың білім алуына келтірілген залал бұрындары болған мәселелерге негізделгенін айтады. БҰҰ мәліметі бойынша әрбір бесінші бала COVID-19 індетіне дейін де мектепке бармаған.
«Елдер үкіметтерінің көпшілігі қай топтың балаларының мектепке бармайтынын немесе мектептен жиі шығып қалатынын жақсы біледі, олардың қолдарында нақты деректер бар. Олар мектептердің жабылуынан кім көп зардап шегетінін алдын ала біле тұра пандемия кезінде сол балаларды сапалы білімнен шеттетті», делінген баяндамада.
UNICEF Оңтүстік Африкада оқушылардың мектеп бағдарламасынан 1 жылға артта қалып қойғанын айтады. UNESCO-ның Алматыдағы кеңсесі Орталық Азияда мектептердің жабылуы барлығы 16 млн оқушыға әсер еткенін айтады. Сондай-ақ Шығыс Еуропа мен Орталық Азияны қоса алғанда балалардың 34 пайызы, яғни 25 млн оқушыға онлайн немесе телевизиялық сабақтар жүргізілмеген. Қазақстанда респонденттердің 70 пайызы білім деңгейі кем дегенде төрттен бірге сапасызданды деп есептеген.
Дүниежүзілік банктің есебі бойынша бұл жағдай ұзақмерзімді мәселелерге ұласуы мүмкін. Мәселен, тест нәтижелерінің төмендеуі болашақта жұмыспен қамтудың төмендеуімен байланысты екені белгілі. Керісінше, оқушылар үлгерімінің жақсаруы олардың болашақ кірістерінің едәуір өсуіне әкелетіні дәлелденген. COVID-19 пандемиясынан туындаған білім алу мәселелері дер кезінде шешілмесе, көптеген баланың болашақтағы әл-ауқатына теріс әсер етуі мүмкін деген болжам айтылуда.
Былтыр жарияланған тағы бір зерттеуде пандемиядан ең көп зардап шеккендер бастауыш сынып оқушылары екені анықталған. Ғалымдар 6 мың бастауыш мектепте 1,47 миллион оқушының үлгерімі өз жасына қаншалықты сай екенін зерттеген. Нәтижесінде, барлық сынып оқушыларының көрсеткіші төмендегені байқалған. Алайда мектеп табалдырығын жаңадан аттаған оқушылардың үлгерімі ең төмен деңгейді көрсеткен. Мәселен, пандемияға дейін 1-сынып оқушыларының 82%-ы оқуда, 79%-ы жазуда және 83%-ы математикада өз жасына сай нәтиже көрсетсе, 2020 жылы жазда балалардың оқу бойынша 60 пайызы, жазу бойынша 54 пайызы, математика бойынша 59 пайызы ғана аталған бағыттарды өз жасына сай меңгерген болып шықты.
Одан бөлек кейбір зерттеушілер балалардың менталды күйі, үйде өзін өзі ұстауы мен тәртібі де назардан тыс қалмауы керек деп есептейді. Себебі достарымен көріспей, жеке байланысы үзіліп қалған балалар үшін бұл жағдай ауыр болуы мүмкін. Тағы бір зерттеудің бірінде мамандар мыңнан астам ата-ана мен 10-18 жас аралығындағы 350 азаматпен әңгімелескен. Психикалық денсаулықтың алты саласы – депрессия, мазасыздық, ашуланшақтық, назардың бөлінуі, гиперактивтілік және белгілі бір нәрсеге әдеттегіден бөлек аса қызығушылық таныту бойынша болжамдар жасалған. Мектеп жасындағы балалардың 70,2 пайызы (6 жастан 18 жасқа дейін) және мектеп жасына дейінгі балалардың 66,1 пайызы (2 жастан 5 жасқа дейін) кем дегенде бір көрсеткіш бойынша тәртібі өзгергені байқалған.
Міне, осы секілді зерттеулер балалар мен жасөспірімдерге пандемияның қалай әсер еткенін аңғартады. Мектеп жасындағы балаларға қатысты алдағы шешімдер осы секілді мәселелердің барын негізге ала отырып қабылдануы маңызды. Себебі жастардың екі жыл уақытын ұрлаған пандемияның ізі бірден көзге түспегенімен, болашақтарына әсер етуі әбден мүмкін.