Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
Орындалған өтініштердің ең көбі Алматы (17,7 пайыз) және Нұр-Сұлтан қалаларының (13,5 пайыз), Маңғыстау облысының (12 пайыз) тұрғындары тарапынан жолданған.
Ал осы жылдың қаңтар айында БЖЗҚ тұрғын үй жағдайын жақсартуға берілген жалпы сомасы 76,2 млрд теңгеге тең 50 060 өтінішті орындады. Алынған қаржының орташа сомасы шамамен 1,5 млн теңге. Өткен жылдың желтоқсанымен салыстырар болсақ, 2021 жылдың соңғы айында 413,1 млрд теңгеге 208 431 өтініш орындалған. Алынған қаржының орташа сомасы шамамен 2 млн теңгеге тең.
Қазіргі уақытта зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалануға өтініштерді қабылдайтын уәкілетті операторлар қатарында Отбасы банкі, «Қазақстан Халық банкі», Altyn Bank, «Банк ЦентрКредит» және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» бар. Орындалған өтініштердің едәуір бөлігі, яғни 95 пайызы Отбасы банкіне тиесілі. Одан кейінгі банктердің үлесі келесідей: «Қазақстан Халық банкі» – 3,6 пайыз, «Банк ЦентрКредит» – 1,3 пайыз, Altyn Bank – 0,05 пайыз және «Банк Фридом Финанс Қазақстан» – 0,03 пайыз.
Еске сала кетейік, біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті оператор Отбасы банкінде ашылған арнайы шотқа түскеннен кейін алушы біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды 20 жұмыс күні ішінде ұсынуы керек. Бұған тұрғын үй сатып алу немесе жеке тұрғын үй салу мақсатында одан әрі жинақтау үшін тұрғын үй құрылысына салымды толықтыру жатпайды. Бұл жағдайда алушы Отбасы банкіне біржолғы зейнетақы төлемдерінің нысаналы мақсатын растайтын құжаттарды 3 жыл ішінде береді.
Басқа уәкілетті операторлар (екінші деңгейлі банктер) бойынша біржолғы зейнетақы төлеміне арналған өтініштер және алушының мақсаттары туралы құжаттары банктің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіп пен мерзімге сай қаралады. Бұл ретте банк біржолғы зейнетақы төлемдерінің сомалары өтініш берушінің арнайы шоттарына есептелген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде олардың нысаналы мақсаты бойынша біржолғы зейнетақы төлемдерін аударады. Уәкілетті операторға растаушы құжаттар белгіленген мерзімде берілмеген жағдайда, бұл қаражат БЖЗҚ-ға қайтарылады.
Сонымен қатар алушы көрсетілген мерзімді күтпей-ақ, аударылған соманы уәкілетті операторға тиісті өтініш беру арқылы БЖЗҚ-ға қайтара алады. Оны уәкілетті оператор қайтаруға өтініш алған күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде орындауға міндетті.
Айта кетейік, уәкілетті операторлардан салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына өтініш берушінің өтініші және өзге де себептер бойынша 337,7 млрд теңгеден астам сома қайтарылды. Себебі қазақстандықтар біржолғы зейнетақы төлемдерін белгіленген мерзімде пайдаланбаған. Аталған соманың 17,3 млрд теңгесі 2022 жылдың қаңтарында қайтарылды.
Сонымен қатар БЖЗҚ емделуге берілген 143,4 млрд теңгеге тең 159 591 өтінішті орындады. Бұл ретте алуға болатын орташа сома шамамен 0,9 млн теңгені құрады. Салымшылардың БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шоттарына уәкілетті оператордан (Отбасы банкі) 16,5 млрд теңге қайтарылды. Бұл қаражат өтініш берушінің өтініші немесе өзге де себептер бойынша белгіленген мерзімде пайдаланылмаған.
2022 жылдың басынан бастап емделу мақсатында жалпы сомасы 18,2 млрд теңгеге 21 276 өтініш орындалды. Осы жылдың қаңтар айында алынған қаржының орташа сомасы – 0,9 млн теңге. Желтоқсан айында 58,6 млрд теңгеге 64 394 өтініш орындалған еді. Ал алынған қаржының орташа сомасы 0,9 млн теңгені құраған болатын.
1 ақпандағы жағдай бойынша инвестициялық портфельді басқарушыларға 7,4 млрд теңге аударылып, БЖЗҚ 4 329 өтінішті орындады. Аударымның орташа сомасы – 1,7 млн теңге. Бұл ретте БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруға қатысты төрт инвестициялық портфельді басқарушымен шарт жасасқаны белгілі. Айта кетейік, 7,4 млрд теңгенің 45,75 пайызы немесе 3,38 млрд теңгесі Jusan Invest компаниясына, 27,72 пайызы немесе 2,05 млрд теңгесі Halyk Global Markets компаниясына, 15,94 пайызы немесе 1,18 млрд теңгесі BCC Invest компаниясына, 10,59 пайызы немесе 0,78 млрд теңгесі «Сентрас Секьюритиз» компаниясына аударылды.
БЖЗҚ-дан зейнетақы активтерін алғаннан кейін инвестициялық портфельді басқарушылар оны Ұлттық банктің қаулысымен бекітілген Инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру қағидаларында көрсетілген және инвестициялық портфельді басқарушылардың инвестициялық декларациясында көзделген рұқсат етілген қаржы құралдарына инвестициялайды.
Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңға сәйкес, инвестициялық портфельді басқарушылар инвестициялық басқаруды жүзеге асырғаны үшін комиссиялық сыйақы алуға құқылы. Сыйақының шекті шамасы алынған инвестициялық табыстың 7,5 пайызынан аспауы тиіс. Комиссиялық сыйақының нақты шамасын жыл сайын инвестициялық портфельді басқарушылардың басқарушы органы бекітеді және ол жылына бір рет қана өзгеруі мүмкін.
Салымшы зейнет жасына толғанға дейін Ұлттық банктің басқаруында болатын зейнетақы жинақтарына инфляция деңгейі ескеріліп отыратын сақталу кепілдігі қолданылады. Зейнетақы жинақтары инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруына аударылған жағдайда, мемлекеттік кепілдік басқарушы компанияның зейнетақы активтерінің ең төменгі кірістілік деңгейін қамтамасыз ететін кепілдігімен алмастырылады. Кірістіліктің ең төменгі деңгейі нарықта әрекет ететін инвестициялық портфельді басқарушылардың басқаруына берілген зейнетақы активтерінің орташа алынған кірістілігін негізге ала отырып, есептелінеді.