Спорт • 11 Ақпан, 2022

Ресей тағы да допинг дауына қалды

795 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бейжіңдегі Олимпия ойындарында бақ сынап жатқан Ресей құрамасының спортшылары тағы да допинг дауына ілінді. Дүйсенбідегі жарыс күнінде мәнерлеп сырғанаудан командалық сайыста топ жарған ресейлік спортшылар алтын медальдарынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы әйгілі британиялық Inside the Games басылымы мәлімдеді.

Ресей тағы да допинг дауына қалды

7 ақпанда мәресіне жеткен мәнерлеп сырғанаудан командалық жарыста Ресей құрамасының спортшылары 74 ұпай жинап, өте үлкен басымдықпен жеңіске жетіп еді. Екінші орынды 65 ұпаймен АҚШ олимпиадашылары иеленсе, Жапония құрамасы 63 ұпаймен қола жүлдені қанағат тұтты. Ресей құрамасы сапынан Камила Валиева (суретте), Марк Кондратюк, Анас­тасия Мишина, Алек­сандр Гал­лямов, Виктория Син­ицина және Никита Каца­лапов Олим­пиада чемпионы атанды.

Дәл сол күні жарыс же­ңім­­паздары марапатталып, оларға тиесілі медальдар тапсырылуы керек еді. Алайда Халықаралық Олим­пиада комитеті (ХОК) мара­паттау рәсіміне екі сағат қал­ғанда медаль тапсыру сей­сен­біге, ал сәл кейінірек белгісіз уа­қытқа қалды­рыл­ғанын мә­лімдеді.

Ал кеше Inside the Ga­mes басылымы мәнерлеп сырғанаудан командалық ма­рапаттау рәсімі Ре­сей құ­­ра­масының спортшы­ларының бірінің допинг тесті оң нәти­же көрсетуіне байланыс­ты кейінге қалды­рылғанын жаз­ды. ХОК-тың коммуника­циялар жөніндегі дирек­торы Марк Адамстың мәлі­метінше, марапаттау рәсімі Олимпиаданың соңына дейін өткізілуі мүм­кін. Бірақ ол жерде ресейлік спортшылардың болу-болмауы белгісіз екені айтылуда. Қазіргі таңда ХОК және Халықаралық шаң­ғышылар одағы (ISU) арасында заңгерлік консультациялар жүріп жатыр.

Сондай-ақ кеше Батыс ба­сылымдары командалық жарыста өнер көрсеткен ресейлік спортшылар Ка­ми­ла Валиева, Марк Кон­дратюк, Анастасия Ми­ши­на және Александр Галля­мов сәрсенбі күнгі жат­ты­ғу жиындарына қатыспа­ғанын жаз­ды. Бірақ мұның до­пинг дауына байланысты екеніне әзірше ешкімде нақ­ты дәлел жоқ.

Ресейлік басы­лым­дар­дың мәлі­ме­тінше, Ресейдің мә­­нер­леп сырғанау фе­де­­ра­­ци­я­сы допинг дауына байланыс­ты ақ­парат­қа түсініктеме беруден бас тартқан. Ал Ресей құрамасының дәрігері Алек­сандр Озеров бұл мәліметті жоққа шы­ғарды. Егер ре­сейлік мәнерлеп сыр­ға­нау­шылардың бірінен тыйым салынған зат табылса және ол расталса, онда Ресей құра­масы Олимпиада алтынынан айырылады.

10 ақпанда БАҚ бет­терінде Камила Валиеваның тыйым салынған препарат қолданды деген күдікке ілінгені хабарланды. 15 жастағы Қазан қаласының тумасы 2020 жыл­дан бастап ересектер ара­сындағы жарыстарда өнер көр­­сете бастады. Сол жылы ол Ресей бірін­шіліктерінде үздіктер қатарынан көрініп, 2021 жылы халықаралық жарыстарда да бой көрсетті. Былтыр Rostelecom Cup 2021 жарысының екі бағ­дар­ламасында 272,71 ұпай жинап, әлем рекордын орнатты. Ал жуырда ғана Таллинде мәресіне жеткен Еуропа чем­пио­натында топ жарып, қысқа бағ­дарламада да 90,45 ұпай­мен жаһан рекордын жаңарт­қан еді.

Айта кетейік, кейінгі жыл­дардағы допинг ере­жесін жиі бұзуына байланысты Ресейдің Олим­­пиада комитеті (РОК) Халық­аралық Олимпиада комитеті тарапынан жаза­ла­нып, халықаралық ірі жа­рыстарда, атап айтқан­да, Токио-2020 және Бей­жің-2022 Олимпия ойындарында мем­лекеттің аты, туы және әнұра­нымен өнер көрсетуге тыйым салған еді. Ресми жа­рыстарда ресей­ліктерге Ресейдің Олим­пиада коми­теті және оның туы астын­да ғана жарыс­тарға қатысуға рұқсат бер­ген. Ал спорт­шы­лардың құр­метіне ел­дің әнұраны емес, Чайковскийдің музыкасы қо­йылады.