22 Наурыз, 2014

«ЖАЙКА» жобасының мақсаты – сауықтыру жұмыстарын жетілдіру

410 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Семей полигонынан зардап шеккендерді сауықтыру мәселесіне қол созған елдер жөнінде әңгіме қозғала қалса, алдыңғы қатарда аталатыны – Жапония. Олай болатын жөні де бар. Бір ғана жапондық «ЖАЙКА» (JICA) агенттігі 2000-2005 жылдар аралығында 11 млн. АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. «ЖАЙКА» – Жапония үкіметінің өзге мемлекеттерге грант ретінде көмектесуге бағытталған агенттігі. Осыншама қаражатты (бір бұл ғана емес, әрине) сыртқа қайтарымсыз жұмсау  жапондық менталитеттің ерекшелігі болар. Қалай десек те, дер кезінде жасалған бұл жоба радиациялық зардаптардың алдын алу, дер кезінде ем қабылдау секілді аса маңызды шаралардың жүйелі жүзеге асуына шапағатын тигізді. Осы бағытта атқарылған шаруалардың басы-қасында жүрген «ЖАЙКА» бағдарламасын жергілікті жерде үйлестіру мәселесімен тікелей шұғылданған білікті маман, денсаулық сақтау саласын дамытуда өзіндік қолтаңбасы бар дәрігер Руслан ЕҢСЕБАЕВ болатын. – Бұл жобаның Семейге келуін айтпас бұрын, қысқаша шегініс жасай кетейін. 1991 жылы Кеңестер Одағы ыдыраған кезде, біздің мем­лекетке сол Одақтан қа­л­ған ауырт­палықтармен бетпе-бет қалу­ға тура келді. «Мыз­ғы­мас Одақ мұраларының» бірі Семей ядролық сынақ полигоны еді. Осы полигонды, әлемдік ма­ңы­зы барына қарамастан, Елба­сы­мыз Нұрсұлтан Назарбаев та­бан­­дылықпен жапқаны белгілі. Мем­лекет басшысы жеріміздегі сы­нақ алаңдарын тоқтатумен қа­тар, БҰҰ мінберінен «Ядролық қару­сыз әлем» жөніндегі бастама­сын әуел бастан батыл айтты. БҰҰ Бас Ассамблеясының 57- сессиясындағы Қазақстан бас­­­шы­с­ының адамзатқа ортақ үні, бейбітшіл ұстанымы жаһан­­­ның түкпір-түкпірінде талқы­ла­нып жатты. Осы халық­аралық бас­қосуда БҰҰ тарапынан Семей по­ли­гонының зардаптары да айтылып, донор мемлекеттердің тізімі де аталған болатын. Ықшамдап айт­қанда, міне, осы кезде әлем назары Қазақстанға барынша бұрыла бастады. Соның ішінде Семейге де. Бүгінгі тақырыпқа жақындатып айтар болсақ, Семей өңірінің ра­диа­циялық мәселелеріне бірін­ші болып бет бұрған жапондар болды. Жапон мемлекетінің қай­тарымсыз көмегін жүзеге асырған «ЖАЙКА» агенттігі. «ЖАЙКА» – Жапония үкіметі тарапынан құрылған агенттік. Олардың жұмысы сырт мемлекеттерге радиациялық және эколо­гиялық мәселелер бойынша көмек қолын созуға арнал­ған. Бұл бағытта ірі көлемде қар­жы салынатындықтан, жоба жұмыстары өздерінде бірнеше мем­лекеттік сараптамалардан өте­ді. «ЖАЙКА» жобасын бірден-бір қадағалаушы орын ЮНИКО халықаралық кеңестік-сараптамалық мекемесі. – Руслан Зейноллаұлы, осы жерде «ЖАЙКА» бағдар­лама­сын жергілікті жерде жүзеге асы­руға тікелей атса­лы­суға, яғни модераторы болуы­ңы­зға қандай себептер негіз бол­ған­дығын айналып кете алмас­пыз. – Мен ол кезде Семей қалалық денсаулық сақтау басқармасының (1999-2003 ж.ж.) бастығы болатынмын. Жапониядан алғашқы деле­гация 1999 жылы тамызда табан ті­реді. Бұл топта Жапонияның сырт­қы істер, денсаулық сақтау ми­нистрліктерінің, Нагасаки, Хи­ро­­сима қалаларының өкілдері мен ғалымдары бар 20 адам кел­­ді. Мақ­саттары – полигонға қа­тыс­­ты мәселелермен жете таны­су. Бас­тапқы делегацияның мә­лі­мет­тері бойынша Жапония үкі­ме­ті біз­дің өңірге көмектесу жө­­нін­­дегі тоқтамға келсе керек. «ЖАЙКА» жобасын Семей жерін­­де іс­ке қосу бағытында 1999 жыл­­дың қарашасынан 2000 жыл­дың маусымына дейінгі 6 ай ішін­де Жапониядан 17 рет делега­ция келді. Кейбірі айлап жатып, зерт­теу жұмыстарын жүргізді. Одан кейінгі 2000-2003 жылдар ара­лы­ғында жылына 5-6 делегация келіп тұрды. Мұны айтып отырған себе­бім, жобаның нақты әрі нәтижелі бо­луына екінші тараптың қан­ша­лықты алаңдаулы болған­ды­ғын жеткізгім келіп отыр. Маған солардың бәрін қарсы алып, әрбір келісімнің басы-қасында болып, шешім қабылдауға тура келді. Жобаның одан кейінгі кезеңдерінде де жапондықтармен бірлесе жұмыс істеп, біраз игілікті шараларды жүзеге асырдық. Ескерте кетер жағдай, аталған бағдарлама аясында атқарылған жұмыстардың барлығы тең дәрежеде келіссөз жүргізу, мәселе өзектілігіне нақ­ты­лы көз жеткізу секілді қажет­ті­ліктерге басымдық беру арқылы мүмкін болды. Олардың ұғымында «ағайыншылық» деген түсінікке мүлде орын жоқ. Біз де сол кездегі әлеуметтік жағдайымыз әлжуаз бола тұра, «алақан жаю» пиғылына мысқалдай жол бермедік. Жобаға енген шаралар түгелдей донорлық ережелер аясында қолға алынды. – Бағдарламаның нақты бағыт­тарын таратып айтсаңыз. – «ЖАЙКА» жобасының бағ­дар­ламасы бойынша қолға алынған бағыттар негізінен қаладағы ауру­ханаларды озық үлгідегі меди­ци­налық қондырғылармен жаб­дықтау, жергілікті дәрігер­лер­дің бі­ліктілігін арттыру үшін ха­лық­аралық курстарға жіберу бол­ды. Нәтижесінде, Семейде ор­налас­қан 4 аурухананы халық­ара­­лық стандарттарға сай ме­ди­ци­налық аппараттармен жабдық­та­дық. 1 компьютерлік томография, 3 рентген аппараты, 3 УЗИ, 3 эндоскопиялық, 3 жансыздандыру (наркоз), басқа да зертханалық, сәулемен емдеу жабдықтары әкелінді. Бұл жабықтар облыстық аурухана, Орталық қалалық аурухана (ЦГБ), Диагностикалық және Онкологиялық диспансерлерге бөлінді. Жоба аясындағы екіжақты келісім кезеңдерінде Семей медицина академиясының сол кездегі ректоры Төлеген Райсов пен осы мекемелердің бас дәрігерлері Мұхтар Төлеутаев, Қайноллан Мусин, Виктор Чювилев, Марат Сандыбаевтың зор белсенділік әрі біліктілік танытқанын айтпай кетуге болмайды. Жаңағы аталған медициналық жабдықтардың бағасына келер болсақ, жиыны – 6,5 млн. доллар. Сонымен бірге, 3 жыл ішінде 50-дей дәрігеріміз жапондықтар есебінен Токио, Нагасаки, Хироси­ма қалаларындағы халықаралық оқу-зерттеу орталықтарынан тәлім алып, тәжірибелерін терең­де­тіп қайтты. Соның бәрін есеп­ке алғанда, жапондықтар се­мей­ліктер үшін 11 млн. АҚШ долларының инвестициясын салды. Аталған қаржы жоғарыда айтылған ЮНИКО мекемесінің қатаң сараптамасынан соң барып бөлінеді. Бұл экономикамыз енді қалыптасып келе жатқан еліміздің өңірі үшін нағыз уақытында жасалған жәрдем болғанын айта кеткен орынды. Жоба-бағдарлама 2005 жылы өз мәресіне жетті. Бағдарлама аяқталғанмен, оның өңірімізге тигізген шапағаты жалғаса береді деп есептеймін. Сол жылдарда неше мыңдаған тұрғын дер кезінде диагностикалық қызмет түрлерін тұтынып үлгерді. Қаншама адамның бойындағы ісікті алдын ала немесе ерте кезден анықтауға мүмкіндік туды. Жергілікті ауруханалардың дәрігерлері үздік қондырғылардың қыр-сырын ерте игеріп, сол үрдісті одан ары жалғастырып келеді. Күні бүгінге дейін Семейдің Диаг­ностикалық орталығының қызметі Қазақстан бойынша алда келеді. – Руслан Зейноллаұлы, кезін­де шетелдік инвестор­лардың көмегіне арқа сүйеген қала тұр­ғындары қазір отандық, оның ішінде жергілікті инвес­торлардың ықпалын анық сезі­ну­де. Былтырғы жылы Семей­­де халықаралық тәжіри­беге лайықталған бірнеше ем­хана жаңадан бой көтерді. Соның бірі – өзіңіз басқарып отырған №3 консультативтік-диагностикалық емхана. Бұл дегеніміз, қазақ азаматтарының да қолынан іс келетіндігін, еш­кім­нен кем еместігін іс жүзінде дәлелдеп тұрғандай ғой. – Пікіріңіз орынды. Шетелдік инвестицияның орнын біртіндеп ұлттық инвестиция алмастыра бас­тауы өздігінен бола қалған шаруа емес. Қазақстандықтар мақ­тан тұтарлық қандай да бір жетіс­тіктер болса, ол – ең алдымен, мем­­­ле­кетіміздің жүргізіп отырған, сая­­­сатының жемісі. Тәуелсіздік ал­­ған кезден бастап шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына, іс­кер­лік қабілеттің қанат жаюына кең жол ашылған. Құқықтық мә­се­лелер қарастырылған. Кәсіп­кер­­­ліктің еркін өрістеуін қол­дап отыр­ған Елбасымыз Н.Ә.На­зар­­­баев «Бизнестің әлеуметтік жауап­кершілігі» жөнінде де ба­ғыт­тар ұсынды. Осы бастама аясында мен 2009 жылы осы кли­никаның жобасын қолға ал­дым. Бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламалардың жергілікті жерде жүзеге асуы көбінесе атқару­шы биліктің ықпалына байланысты. Бұл тұрғыда мен облыс бас­шылығына ризашылығымды айтуға тиіспін. Клиниканың құ­ры­­­лысымен арнайы танысып қайт­­қан ШҚО әкімі Бердібек С­а­пар­­баев осы ғимаратқа қажет­ті бүкіл инфрақұрылым жүйесін «Бизнестің жол картасы» бағдар­ла­масы шеңберінде жасатып берді. Бұл жұмыстар Семей қала­сы әкімдігінің үнемі назарында болды. Бүгінгі таңда емханамыз тәу­лігіне 250 адамға дәрігерлік қыз­меттің 22 түрі бойынша жұ­мыс жүргізу мүмкіндігіне ие. Медициналық қондырғылардың барлығы заманауи талаптың озық үлгілерімен жабдықталған. Біздің мекемеге қаланың радиациялық аймақ деп танылған өңірлерінің тұрғындары көбірек келеді. – Сізді әр жылдардағы ең­бе­гіңізге қарай «Құрмет» орденінің және «Денсаулық сақтау саласын дамытуға қос­қан үлесі үшін» төсбелгісінің ие­гері ретінде білеміз. Жоғарыда аталған «ЖАЙКА» жобасымен жұмыс істеген жылдардан да естелік белгі қалған болар? – Мен ЖАЙКА жоба-бағдар­ламасын Семей өңірінде жүзеге асырушы-модератор болғанымды әр уақытта қанағатты көңілмен еске аламын. Ең бастысы, халық­ара­лық жобаны жүргізу кезінде, кейін де ол жұмысқа қатысты бірде-бір түсінбеушілік болған жоқ. ЮНИКО халықаралық кеңес­тік-сараптамалық мекемесі барлық шараны оң бағалады. Бір ерекшелігі, олар атқарылған іске бағаны араға уақыт салып барып беретінге ұқсайды. 2009 жылы маған Нагасаки қаласына шақырту келді. Сол сапарда мен Нагасаки университеті басшылығы бекіткен «ЖАЙКА жобасын Қазақстанда жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін» деген дипломмен марапатталдым. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен  Қайрат ЗЕКЕНҰЛЫ, журналист. СЕМЕЙ.
Соңғы жаңалықтар

Тұрғындар түйткілін кім шешеді?

Аймақтар • Бүгін, 08:20

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:10

Стратегиялық таңдау

Референдум • Бүгін, 08:07

Ұлттық кино жауһарлары

Көрме • Бүгін, 08:00