Қоғам • 11 Ақпан, 2022

ХҚО-ның «Қазақстан халқына» қорына қандай қатысы бар?

397 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Алматы қалалық филиалының халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасы аясындағы кезекті Ашық есік күні Түрксіб аудандық ХҚО бөлімінде өтті. Шара Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Алматы қаласы бойынша Департаментімен бірге ұйымдастырылды, деп жазады Egemen.kz.

ХҚО-ның «Қазақстан халқына» қорына қандай қатысы бар?

Өтетіні алдын-ала хабарланған шараға қала тұрғындары көп келді. Әдеттегідей,  тұрғындар әлеуметтік қамсыздандыру, жер кадастрын тіркеу, жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу, заңды тұлғаларды тіркеу мәселелері бойынша сұрақтармен келген.


Алайда, азаматтарды қабылдау барысында ұйымдастырушылар күтпеген мәселелер де орын алды. Қабылдауға келгендердің 50 пайызының сұрағы -  «Қазақстан халқына» қоғамдық қорынан қалай көмек алуға болады деген сипатта болды. Осы мәселемен арнайы келгендер де болды.  «Ондай ақпаратты қайдан алып жүрсіздер?» деген сауалға, «Қордан көмек алу үшін ХҚО-ға жүгіну керек» деген қауесетті құлағы шалғандарын айтты.


«Ашық есік күндері алдағы уақытта да жалғасатын болады. Мұнда азаматтардың мемлекеттік қызмет алу мәселелеріне қатысты сұрақтарына жауап беріп, туындаған проблемалары болса шешілуіне көмектесетін боламыз. Бірақ, «Қазақстан халқына» қорына қатысты сұрақтар біздің құзіретімізге жатпайды. Сондықтан, азаматтарға ескертетініміз, қорға қатысты сұрақтармен ХҚО-ға келіп, уақыттарын жоғалтпаса екен», дейді «Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕ АҚ Алматы қаласы бойынша филиалының директоры Ермек Бекжүнісов.


Шараны ұйымдастырушылар қазіргі кезде өзекті болып тұрған «Қазақстан халқына» қорынан көмек сұрауға мұқтаж жандарға   www.qazaqstanhalqyna.kz сайты арқылы қайырымдылық көмекке қалай жүгінуге болатыны туралы қадамдық нұсқауларды «Өтінішті қалай бере аламын» бөлімінен білуге болатынын ескертті.
Іс-шара барысында 60-тан астам азаматқа консультативтік көмек көрсетілді, кейбір мәселелер Азаматтарға арналған үкіметтің Алматы филиалы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі өз құзыретінің шегінде бақылауға алды.