Кездесу 2021 жылғы 11 қарашада Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің Сыртқы істер министрлері кеңесінде қабылданған Ақсақалдар кеңесінің жаңа ережелеріне сәйкес алғаш рет өткізіліп отыр.
И. Адырбеков 2022 жылғы қаңтар айының басында елімізде орын алған қайғылы оқиғаларға қатысты ТМҰ Ақсақалдар кеңесінің білдірген көңілі мен бауырлас түркі мемлекеттерінің Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі тұрақтылықты және конституциялық тәртіпті бұзуға ұмтылған экстремисттік, қылмыстық және терроршыл топтарға қарсы шешімдері мен іс-әрекеттерін қолдағандары үшін ризашылығын білдірді.
Қазақстан өкілі Түркі кеңесінің 8-ші Саммитінде қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» тұжырымдамалық құжаты мен Түркі мемлекеттері ұйымы атауына байланысты шешімдердің маңыздылығын атап өтіп, Түрікменстанның Ұйымға бақылаушы мәртебесін алуы да түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын нығайту жолындағы маңызды қадамдар екеніне тоқталды.
И. Адырбеков Президент Қ. Тоқаевтың 2021 жылғы 12 қарашада Ыстанбұлда өткен Саммиттің шешіміне сәйкес құрылуы жоспарланып отырған Түркі инвестициялық қорының штаб-пәтерін «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) алаңында орналастыру туралы ұсынысын қолдауға шақырды. Оның айтуынша, АХҚО алаңы – бұл халықаралық деңгейдегі қаржы институттарының үздік тәжірибесін, бірегей техникалық сараптамасын, инфрақұрылымы мен қызмет тәжірибесін біріктіретін жаңа қаржылық экожүйеге нақты негіз бола алады.
Қазақстан өкілі Ақсақалдар кеңесінің мүшелерін сауда мен инвестиция үшін қолайлы жағдайлар жасауға, тауарлардың, капиталдардың, қызметтер мен технологиялардың еркін қозғалысы үшін кедендік және транзиттік рәсімдерді, қаржылық және банктік операцияларды оңайлатуға мүмкіндік беретін Қазақстанның тағы бір маңызды бастамасы Түркістан қаласында «TURAN» Арнайы экономикалық аймағын құру туралы ұсынысымен таныстырып, тараптарды аталған жұмысқа белсенді қатысуға шақырды.
Отырыс жұмысы шеңберінде ақсақалдар ТМҰ Сыртқы істер министрлері кеңесі мен Мемлекет басшылары кеңесінің отырыстарына ТМҰ жүйесі мен қызметін кемелдендіру бойынша басқа да ұсыныстарын тиісті хаттамамен бекітті.
Отырыс қорытындысымен ТМҰ ақсақалдары Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесу өткізіп, Кеңес отырысын жоғары деңгейде ұйымдастырудағы үлесі үшін түрік тарапына алғыстарын білдірді.
Ақсақалдар Кеңесінің кезекті отырысын 2022 жылдың шілде айында Қырғызстанда өткізу жоспарлануда.