Аймақтар • 13 Ақпан, 2022

Аса ауыр қылмыс азаяр емес

1468 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Былтыр Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 161 тұлғаға қатысты 122 қылмыстық істі қараған. Жыл көлемінде 159 азамат сотталып, біреуі ақталыпты. Енді бір тұлғаға қатысты іс прокурорға бұзушылықты жою үшін қайта қайтарылды. Жасалған қылмыстардың ішінде адам өлтіру, есірткі заттарын сақтау, өңдеу, дайындау, жасөспірімдерді зорлау сынды ауыр қылмыстар бар. Ең өкініштісі, бұл жағдайлар қазақы қаймағы бұзылмаған аудандарда да орын ала бастаған. 

Аса ауыр қылмыс азаяр емес

Адам өлтіру фактісі көп

Шығыс Қазақстан облысының қыл­­мыстық істер жөніндегі маман­дан­дырылған ауданаралық соты төра­ға­­­сының міндетін атқарушы Ерік Қоян­ба­ев: «Салыстырып қарасақ, адам өл­тіру фактісі көп. Алдыңғы жылда­ры ка­рантин кезінде азайғанымен, был­тыр қайта көбейді. Адам өлтіру, әсі­ре­се, Өскемен, Алтай, Риддер, Семей қала­ла­рын­да жиі кездеседі. Сонымен қатар есірткі пайдаланушылар, оны алып-сату көбейген. Бұрын героин, марихуан еді, қазір синтетикалық есірткі дендеп барады», дейді. Оның айтуынша, кейінгі жылдары нашақорлыққа қазақ жастары үйір бола бастаған. Оны пайдалану өз алдына, сатумен, сақтаумен айналысуға бет бұрған. Синтетикалық есірткі пайдаланғандардың денсаулығы тез сыр беріп, өмір жасы ұзаққа бармайтын көрінеді. Мәселен, героинді тамыр арқылы қанға жіберсе, синтетиканы пайдалану анағұрлым оңай деседі. Кәдімгі қара суға езіп те іше салуға бо­лады екен. Нарколог мамандардың ай­туынша, алғаш пайдаланған адам сергіп қалғандай күйге енеді. Сөйтіп аз уақыттың ішінде екінші фазаға өтіп кетеді. Яғни есірткі қабылдамаса көңілі құлазып, әлденеге алаңдайды. Уақыт өте организмі есірткіні қажетсіне бас­­­тай­ды. Бара-бара, ол дағдысына айналады. Жасөспірімнің мінез-құлқы өзгере бастағанын күйкі тірлікпен жүр­ген ата-анасы дер кезінде байқамай қа­ла­ды.

Синтетикалық есірткіге есі кеткендер

Наркологиялық қызмет бойынша директордың орынбасары Арман Жеңісұлының айтуынша, химиялық есірткіні қабылдаудың жаңа үрдісі жасөспірімдерге қауіп төндіріп тұр. Себебі синтетикалық есірткіге жас ағза тез үйренісіп, ол жаман әдетті жеңу қиынға соғады. «Әр ата-ана, әр жасөс­пірім алдымен мынаны білуі керек; син­тетикалық есірткі адамның мінез-құлқына ғана емес, денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. Ал ақшаға құныққан есірткі сатушыларға тұтынушының кім екені маңызды емес. Олар үшін бастысы – ақша. Жасөспірімде есірткіге деген тәуелділік бірден пайда болады. Жарты сағат сайын ағзасы қайталауды талап етеді. Бала тамақ ішуден, ұйықтаудан қалады. Бойында қорқыныш ұялайды, көздері жансызданып, өмірге бейқам қарай бастайды. Достарымен, отбасы мүшелерімен байланысы үзіледі», дейді нарколог дәрігер А.Жеңісұлы.

Оның сөзіне қарағанда, жасөспірім­дер бұл препаратты бірігіп, ақша жинау ар­қылы оңай сатып ала алады. Алға­шын­­да баланың есірткі қолданып жүр­г­енін ешкім байқамайды. Өйткені бұл есірткінің иісі жоқ. Әдетте син­­тетикалық жолмен алынатын есірт­кіні түнгі клубтарда таратады екен. Оны қолданған адам сергек, тың жү­реді, ұйқыға деген зау­қы азаяды. Ас тұзы секілді крис­тал­ды құрылымға ие болған соң да шығар, өз араларында «тұз» дейді екен. Қазақстанда бұл препарат әлеуметтік желілер ар­қылы сатылса, кейбір елдерде ашық дүкендерде де сатыла бе­ред­і. Алайда зияны өзге есірткілерден әлдеқайда ауыр. «Синтетикалық есірт­кіге тәуелді болған жасөспірім өз іс-әрекетіне жауап бермейді; құ­лай­ды, жата қалады, өзін-өзі сақтау инс­тинкті жұмысын тоқ­татады. Қылаяғы қор­қыныш басып, өзіне қол жұмсау әре­кет­те­рі жиі кезде­се­ді. Қалай болғанда да, есірткіні ұзақ пайдалану – өлімге әкеліп соғады», деп қосты А.Жеңісұлы.

Ақша үшін өз бауырын өлтірген

Ауыр қылмысқа барғандар ісі Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жиі қаралады. Жеті жүз мың теңге үшін Семейде өз бауырын өлтіру ісі де сотта қаралған. Іске қатысты сот «қарақшылықпен өлті­рілді» деген үкім шығарып, кінәлі аза­матты 23 жылға бас бостандығынан айыр­ды. Естеріңізге сала кетсек, қазіргі таңда ауыр қылмыс жасағандарға ке­ші­рім жоқ. Сот үкім еткен жазаны толық өтеп шығады. Бұған қоғам бел­сенділері де қолдау білдірген. Себебі бұрындары педофилдік қылмыс жасағандарға да рақымшылдық жасалып, мерзімінен бұрын босайтын. Сөйтіп, қоғамға қайта қауіп төндіретін. Қазір заң қатал. Десе де, зорлық-зомбылық, педофилдік сипаттағы қылмыс азаяр емес.    

Педофилдіктің 80 пайызы отбасында орын алады

Ең сорақысы, педофилдік қылмыс­тың 80 пайызы отбасында орын алады екен.

– Педофил дегендер бұрын жоқ еді... Жас балаға есі дұрыс адам тиісе ме?! Бұл да бір қоғамның дерті. Мәселе жа­зада емес, 20 жылға, болмаса өмір бойы бас бостандығынан айырылады. Сотталып та жатыр. Бірақ бұл қылмыс түрі азаймай тұр. Соттау – ең соңғы кезең. Айтуға ауыз бармайтын қылмыстың бұл түрімен де сіз-біз болып күресуіміз керек. Алдын алу жұмыстары жүргізілуі керек, – деп ұсыныс-пікірін білдірді Е.Қоянбаев.

Семейде жетімдер үйінде тәрбие­ші­нің 7-8 жыл бойы балаларды зорлап келгені де сотта қаралған. 32 эпизодты іс құқық қорғау органдарының қолына тигенімен, тәрбиеші өз-өзіне қол салып қайтыс болып кеткен. Ерік Қоянбаев айтқандай, кінәлі азаматқа сот үкім шы­ғар­ған соң ұйымдардың назарын аудару үшін жеке қаулы қабылдайды. Тү­сіндіре кетсек, қылмыстық істің ал­­дын алуға атсалысатындай мекеме қыз­­меткерлерінің назарын аударып, про­фи­лактикалық жұмыстар жүргізуге сеп­ті­гін тигізеді.

Қорыта айтқанда, тәрбиелік жұмыс­тар отбасынан басталуы керек. Күйкі тірліктің қамынан бір сәт бас көтеріп, ұр­пақ тәрбиесіне көңіл аудару әр ата-ана­ның парызы.

 Шығыс Қазақстан облысы