Өнер • 13 Ақпан, 2022

Мейірім мекені

675 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарыққанда тығырықтан шығарар, қамыққанда мұң тарқатар, қуанғанда көңіліңді көкжиекпен астастырар жүректің емі – ауыл. Бала күнінде ата-әжесінің әсерлі әңгімесін тыңдап, олардың әр айтқан сөзін санасына сіңіріп, ел тарихына құмартып өскен жан сол аядай мекеннен ізгілік іздейтін әдеті. Кейде мен де осы картинаға қарап анау қыратта қалып кеткен өзімнің өзегімді іздеймін.

Мейірім мекені

Әлди-әлди дүние! Мына ғасырды иығына көтеріп тұрған бір уыс мейі­рімділік секілді. Қалай ойлайсыз? «Ай болмай-ақ қояйын аспаныңда, Мейі­рімің болайын дос, бауырға». Мұз­балақ ақын Мұқағалида соны мең­зейді. Жүрекке біткен жыр. Адам кө­ңіліне түскен сәуленің ең асылы да сол. Әлемді әлдилейтін әуен де содан туады. Ал оны қайдан аламыз? Әрине, ауылдан. Бұл ешқандай анықтама қажет етпейтін жауап. Өзіңіз туған өлкенің топырағына табаныңыз тиіп, алпыс екі тамырыңыз иіп қайтатыныңызға сөзіміз кепіл. Балалығыңның балабақшасындай көрінген алақандай мекен ақуыз тіле­гіңе сеп, қиялыңа қанат. Белгілі суретші Рахман Бертілеу «Апа мен немере» картинасында осыны айтқысы келгендей.

 Қоянжон құм жоталарды қойнына басып жатқан айнакөл ауыл үлкен жолдың жиегінде орналасқан. Баурайы толған жасыл желек. Жерге жапсырылған күн іспетті көркем. Көктем келсе болғаны суретшінің қиялындай әдемі көрініс пайда болады. Композиция кейіпкері шебердің өзі, балдаурен сәттен бір үзік сыр шертеді. Әженің алақанында өскен тақиялы баланың малдың соңында жүріп-ақ мейірімге кенелгені, жайлауда жатып-ақ рухани өрісі артқаны байқалады.

 Жалпы, қылқалам шебері шығар­машылығында эмоционалды күйдің жетегінде еріп, қағазға түскен нәрсенің бәрін жан-тәнімен сезініп бейнелейді. Содан да болар ол кескіндеме жанрында реализмнің жақтаушысы болса, графикада жұмбағы көп әлемді суреттеуде өзіндік қолтаңбасын қалдырғын нағыз майталманның өзі.

 Өнерді зерттеушілер Рахман Бер­тілеуді пейжаздың шебері екенін айтады. Дегенмен ол суретшілер арасында талғам мен бағыттың көптүрлілігіне қара­мастан, шынайы ойдың шеңберінен алыстамады. Суретшінің қай туындысын алып қарасаңыз да, жоғары кәсіби дайындық менмұндалап тұрады. Ең бастысы, біз автордың аталған шы­ғармасынан өзімізге керек дүниені таба алдық! Бұдан артық не керек?!