Әдебиет • 14 Ақпан, 2022

Жәркен ақын жалғыз ба?

8171 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Жалғыздық — үйіңде телефон тұрып, сағаттың шырылдауы». Актриса Фаина Раневскаяның осы бір сөзінде жылдар бойы, тіпті ғасырлар бойы біз сарсаң болып іздеп жүрген өмір сүрудің мағынасы жатқандай сезіледі. Мына ғаламда жалғыздық феномені хақында ойланбаған ақыл иесі кемде-кем шығар. Меніңше, ол туралы ойланудың өзі Жалғыздыққа бастайтын жол сияқты. Жапан далада көктегі бұлтпен жарысып, ауық-ауық әлдебір әуенге басып, бір сапарға кетіп бара жатқан жалғыз атты жолаушыны көрген боларсыз, міне, оның аты – Жалғыздық. Алыста, мәлім бір қалада теңіздей терең ойын тар бөлмеге, ақ параққа сыйғыза алмай арпалысып отыратын ақынды білерсіз, ендеше, оның да аты – Жалғыздық.

Жәркен ақын жалғыз ба?

Сөздің шыны керек, бізде жалғыздық туралы жыр жазбаған ақын некен-саяқ. Атақты Мәшһүр Жүсіптің өзі бұл тақырыпты айналып өтпеген. Әйтпесе ол: 

«Үш ағаш, басын қосса, мосы болар,

Көп болса, жылқышының қосы болар!

Талай қыз: «Жалғыз қалғыр!», деп айтқан-ды,

«Жалғыз қал!» – деген қарғыс осы болар!»

деп өлеңдетпес те еді. 

Ал ақында жиі кездесетін бұл хәл туралы бард әнші атанып кеткен Табылды Досымов: «Шаршаған шылымымның шоғын, қарашығыма сөндірдім» , деп жырлайды. Кім қалай төгілдіріп жырласа да, оның өлеңіндегі жалғыздықтың үні бірден аңғарылып тұрады. Былайша айтқанда, парасатты адамдар өз өмірі мен тағдырынан, қуанышы мен қайғысынан ләззат алатынын ескермей тұра алмайсыз. Біздің бұл мақаламыздың кейіпкері ақын Жәркен Бөдешұлы болмақ. Оның есті жырларының негізгі ауаны – жалғыздық, жалғыздық болғанда, өзінше әуені мен болмысы бар ұлы жалғыздық.  

Ол әрбір асқақ жыры арқылы барлық құдіретті және құнды дүниелердің жалғыздықтан тұратынын ескертіп отырған сияқты. Яғни талант та, ақынның өзі де, сөзі мен өмірі де жалғыздықтан құралғанын жоққа шығара алмайсыз. Бұл туралы Жәркен Бөдешұлының өзі «Жалғыздық Құдайдан кейін ақынға жарасады» деп ашық айтады. Ақынға дегені өзі емес, өзегін талдырып өлең жазған, онысы ғасырлар сорабынан, заман көшінен, уақыт сынынан аман өтетін сөз иесі. Сосын ол «Жалғыздық» деп поэма жазды, онда бүй деді:

«Бұл жалғанда кім жалғыз?!

Ақ борықтай Ай жалғыз, Айдан нұрлы Күн жалғыз.

Жарқырап тұрған Шолпан да жалғыздығын сезінер,

Таң алдында көз ілер...

Жыр боп мәңгі жасарға, Абай жалғыз қашанда.

Абай жалғыз болғасын, екеу емес Мағжан да.

Аспанды бұлт торлайды, жауынсыз жер сорлайды.

Абылай хан жалғыз болғансын, Бұхар екеу болмайды.

Махамбет жалғыз құбылыс, Исатай оқыс бұрылыс.

Ақжайық көздің жасындай, Қарой топырақ бір уыс...

Қиял – қыран, ақыл – шың.

Майдансыз қайтпас жау беті.

Сен де, жалғыз батырсың. Ер Баукең Момыш әулеті». Ақынның «Бұл жалғанда кім жалғыз?» деп сөз бастауы санаға салмақ түсіреді, бірақ терең ойға жетелейді. Біз әр шығармасын сүйіп оқитын Бернард Шоу: «Жалғыздықтан үлес алып, өзіңе пайда келтіре алу – дарын». Шексіз қуатын, қарымы мен білімін өлеңге арнаған ақын да осы – Жәркен Бөдешұлы. Қадау-қадау ғасырлардың жүгін, тарихтың сөзін жалғыз ғана поэмаға арқау етіп, ұлтының басынан кешкен қасіретін ақ қағаз бен қоңыр сия арқылы әдіптеген жан талант емей немене?

«... Жалғыздықтың азабын Шәкәрімдей тартқан кім?

Жалғыз құдық түбінде жалғыз қурап жатқан кім?

Жалғыз таудың қуысын қысы-жазы паналап,

Жалғыз балға. Төрт таға. Жалғыз атын тағалап.

Тобылғы сап, жез бунақ, жалғыз қамшы сабалап...

Жалғыз қыстау. Жалғыз меңіреу тас үйде:

Жалғыз шырақ. Жалғыз төсек. Жалғыз жастық.

Жалғыз Құран. Жалғыз құман.

Жалғыз шаршы жайнамаз.

Бес намазын оқиды. Күңіреніп білікті ұл,

Тыңдайды оны сай-сала,

Орман тоғай, Тымық қыр.

Жалғыз жарлы ас үйде:

Жалғыз ошақ. Жалғыз қазан. Жалғыз шөміш.

Жалғыз көсеу. Жалғыз табақ. Жалғыз кесе.

Жалғыз қасық.

Жалғыз шәугім. Бәрі-бәрі жалғыздан.

Жалғыз жүрек. Жалғыз қалам. Жалғыз жан».

 Тағы сол ұлы жалғыздықтың өлмес жыры. Тәңірге бетін бұрып, ұлтына жүрегімен берілген Шәкәрімнің шын кейпі, жалғыздығы  ұлттың жалғыздығы екенін сезінбеуге шарасызбыз.   

«Жалғыздық жақсы, бірақ жалғыздық жақсы екенін айтатын адам керек» дейді Оноре де Бальзак. Жәркен Бөдешұлы жалғыздықтың да жақсы қасиет екенін ақ қағазға, одан ары оқырманына, ел-жұртына айта алды. Оның өзінің де, сөзінің де түпкі мақсаты – осы.  Екі жыл бұрын ақын тура бірінші қараша күні телефон шалды. Тұтқаның ар жағынан: «Әй, бала, хабарсыз кеттің ғой, айтпақшы, бүгін қай айдың қай күні, тамыздың бірі ме?» , деп саңғырлай сөйледі. «Жоқ, аға, бүгін қарашаның бірі ғой» дедім, телефонның ар жағында үнсіздік орнады. Сәлден соң: «Е, үйде құры жатқан адам уақыттан та адасып қалады екен ғой» деп күрсінді. Осы оқиғаның өзі Жәркен ақын мен жалғыздықтың қаншалықты егіз болып үндесіп кеткенін түсіндіреді. Өткен жылы ол кісі туралы «Жәркен Бөдеш +  өлең =  жалғыздық» деген мақала жаздым, газеттен сол мақаланы оқыған ақын: «Кезінде Оралхан Бөкеев маған: «Түбі сен мен туралы жазасың, мен сен туралы жазамын» деп айтып еді, сол сөзді саған айтқым келеді» деген жылы сөзін айтты. Осы бір сөз ойымда қалықтап, Қазығұртқа шөккен кемедей міз бақпай тұрып алғалы қашан?! Жалғыздықты жырлап қана қоймай, өзіне серік еткен ақынның жырлары поэзия майданында да дара болып қалары даусыз. «Адам жалғыздықта ғана өзіне қайтады» дейтін Артур Шопенгауэрдің сөзін Жәркен Бөдешұлының ешкімге ұқсамайтын өмірі мен өлеңдері дәлдеп берді. Өлеңге адал, өмірге өкпе айтпаған ол Рене Декарт сияқты жалғыздықты ұлы қалалардан ғана емес, айналадан, адамдардың болмысынан, туған жерінің тау-тасынан, ұлтының тарихы мен оған қарыздар замана ағысынан іздеді. Тапты да. Сосын соны жырлады. Өлеңдегі ұлы қасіретті, жалғыздықтағы сансыз мехнатты жүрегімен көтере білген ақынның әр сөзі бүгін, ертең, тіпті мәңгілік оқыла бермек. Оған тағы сол жалғыздықтың өзі куә-дүр.  Мүмкін біреу «Жәркен Бөдешұлы жалғыз ба?» деуі мүмкін, иә, ол – жалғыз. Өлеңдегі өзгеше болмысымен, қуатымен, туған жерге деген сарқылмас сағынышымен, тіпті жыраулығымен ғана жалғыз.