Кеше Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен палатаның кезекті пленарлық отырысы болып, күн тәртібінде сегіз мәселе қаралды. Солардың алғашқы екеуі еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қоғамдық мәртебесін Елбасы ретінде заңнамалық бекітуге қатысты болды.
Бұған дейін Мәжіліс тарапынан қолдау тапқан “Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Конституциялық Заңның жобасы мен “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының қызметін қамтамасыз ету саласында заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын (бірінші оқылым) Мәжіліс депутаты Розақұл Халмұрадов таныстырды.
Заң жобасы бастамашыларының бірі халықаралық қоғамдастық қашанда ұлтты, халықты озық тұлғалары арқылы танитындығын алға тартты. Олай болса, қазақ елін, қазақ жерін, тәуелсіз Қазақ мемлекетін әлемге танытқан Тұңғыш Президент Н.Назарбаев. Талай қиындық пен қыл көпірден әупірімдеп халқын аман алып өтіп, өзі құрған мемлекетті жетелеп, әлемнің озық елдерінің қатарына қоса бастағаны теңдесі жоқ ерлік, әлемдік қоғамдастық әлдеқашан мойындаған ақиқат, деп санайды Розақұл Сатыбалдыұлы.
Баяндама аяқталысымен сенаторлар заң жобаларына қатысты пікірлерін ортаға салды. Орынбай Рахманбердиев Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі өтпелі кезеңнің қиындықтарын тілге тиек ете келіп, былай деді: “Осындай қиын-қыстау жағдайда, сын сағаттарда еліміздің бағына орай билікте үлкен тұлға тұрды. “Халықты жасайтын тарих, тарихты жасайтын жеке тұлғалар” деген қағидалы сөз бар. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев осындай тұлғалардың бірі де бірегейі”.
Бұдан кейін сөз алған Иран Әміров мемлекетіміздің ішкі және халықаралық жетістіктері Тұңғыш Президенттің дара тұлғасымен байланысты екендігіне ерекше тоқталды. “Қазақстан Республикасының Президенті Достастық елдері ішінде “әйгілі саясаткер” деп танылды. Нұрсұлтан Назарбаев заңды түрде қазіргі заман көшбасшысының эталонына айналды. Оның бойында зияткерлік-жаңашылдық, ұлттық бедел бар”, деді сенатор. Нәтижесінде негізгі заң жобасы тұтастай қолдау тауып, ілеспе заңдық құжат екінші оқылымда қарау үшін күн тәртібіне енгізіліп барып қабылданды.
Осы ретте сенаторлар да, Сенат Төрағасы да заң жобаларының маңызын ерекше ашып көрсетті. Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заңның қабылдануы Қазақстандағы мемлекет құрылысындағы аса маңызды кезең болып табылады. Бұл – Президент Н.Назарбаевтың мәртебесіне байланысты мәселелерді заңдық тұрғыда бекітетін ерекше заң. Тек Қазақстан азаматтары ғана емес, шетелдік қайраткерлер де Президенттің күшті көшбасшылығының арқасында Қазақстан табысты дамуға қол жеткізді, ядролық қаруды таратпау режімін бекітуге, халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті нығайтуға зор үлес қосты деп санайды. Президент бұрынғы кеңес империясының қирандысынан шыққанымен тиімді әрекет ететін мемлекет құра алды. Қазақстан экономикалық дағдарыстан аз ғана шығынмен шықты және тұрақты даму үрдісін сақтап қалды. Президентке Елбасы мәртебесін бекітетін заңды қабылдай отырып, Парламент Қазақстан халқы алдындағы қызметі орасан зор Нұрсұлтан Әбішұлының көрнекті мемлекет қайраткері ретінде сіңірген еңбегін лайықты бағалады.
Сондай-ақ отырыста “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Ресей Федерациясының “Байқоңыр” кешенін жалға алу жағдайында Байқоңыр ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы”, “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Финляндия Республикасының Үкіметі арасындағы Табысқа салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған қатысты хаттаманы ратификациялау туралы”, “Қазақстан Республикасы мен Испания Корольдігі арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты ратификациялау туралы”, “1995 жылғы 23 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Байқоңыр қаласының мәртебесі, ондағы атқарушы өкімет органдарын құрудың тәртібі мен олардың мәртебесі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы” заңдар қабылданды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.