Қоғам • 14 Ақпан, 2022

Іскерлік белсенділікті іркуге болмайды

169 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Үкіметтің жуырда өткен кеңейтілген отырысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев іскерлік белсенділіктің төмендеп кеткеніне баса назар аударды. Бұған ұзаққа созылған пандемия да, биылғы қаңтарда орын алған оқиға да өз салқынын тигізгені сөзсіз. Расында да соңғы оқиғалардың салдарынан бизнес айтарлықтай көп зардап шекті, шығынға ұшырады.

 

Іскерлік белсенділікті іркуге болмайды

– Жоспарланған реформаларды жүзе­ге асыру және инфляцияны төмендету – басты міндеттердің бірі. Ең бастысы, біз азаматтардың табысын арттыруымыз қажет. Қазір еліміз күрделі кезеңді бастан өткеруде. Дүние жүзін жайлаған індеттің беті қайтпай тұр. Соның салдарынан елдегі іскерлік белсенділік төмендеп кетті. Жыл басында болған оқиғалар ұлттық қауіпсіздігімізге зор қатер төндірді. Біз осындай қиын жағдайда ел бірлігінің арқасында мемлекетіміздің қауіпсіздігін, тіпті тұтастығын сақтап қалдық. Қазір Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондай-ақ азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Біз жұрттың бизнеспен айналысуына тең мүмкіндік береміз. Қоғамымызда белең алған сыбайлас жемқорлықпен, экономикадағы әсіре байлар үстемдігінің салдарымен күресеміз. Бәріміз елдің игілігі үшін қызмет етуге тиіспіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, қаңтардағы оқиғалардан кейін шағын, орта және ірі бизнеске келтірілген залал сомасы шамамен 100 млрд теңгені құрады. Еліміздің 9 өңірінде 2 239 нысанда орналасқан 1 841 бизнес субъектісінің зардап шеккені анықталды. Ең көп зардап шеккені – алматылық кәсіпкерлер. Мұнда 1 979 нысанда орналасқан сауда, қоғамдық тамақтану, қаржы ұйымдары, логистика, БАҚ салаларындағы 1 612 бизнес субъектісі 94,8 млрд теңгеден астам сомаға зардап шекті.

– Өздеріңіз білетіндей,
InfoKazakhstan.kz платформасын сәтті іске қостық. Осы платформа арқылы зардап шеккен бизнес субъектілерінен өтінім қабылдаймыз. Бұл рәсімді айтарлықтай жеңілдетеді. Ол үшін мүлік иелері белгіленген нысан бойынша келтірілген зиянды өтеу туралы өтініш толтыруы керек. Оған электронды цифрлық қолтаңбамен қол қойылады. Өтеу сомасының есебі мүліктік залалдың үш түрі бойынша жүргізіледі. Біріншісі, бүлінген жылжымайтын мүлікке қатысты. Яғни сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнамаға сәйкес әзірленген, оны қалпына келтіруге арналған шығындардың сметасымен немесе калькуляциясымен расталған қалпына келтіруге арналған шығыстар есептеледі. Екінші түрі бүлінген, жойылған жылжымалы мүлік немесе тауарлық-материалдық құндылықтарға қатысты. Яғни өтеуге арналған сома аудиттен алынған бағалау актісі негізінде есептеледі, – дейді Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсінов.

Ал соңғы, үшінші түрі ұрланған тауарлар мен жабдықтарға келтірілген залалға қатысты. Бұл жердегі есеп механизммен белгіленген коэффициентке көбейтілген кәсіпкерлік субъектісінің 2021 жылғы орташа айлық айналымы негізінде жүргізіледі. Айналымы нөлге тең, растайтын құжаты жоқ, өз ісін енді ғана бастаған кәсіпкерлер де бар. Мұндайда «Күшіміз – бірлікте» және «Жаңа Алатау» сияқты әлеуметтік қорлар арқылы өтем бөлінеді. Мұның бір кемшілігі, аталған қорлардың бөле алатын ең жоғары сомасы 3 млн теңгеге тең және полицияның қаулысында көрсетілген жағдайда ғана төленеді.

Статистикалық деректерге назар аударсақ, Алматы қаласы бойынша комиссия отырыстары басталысымен 645 млн теңгеге 362 өтінім мақұлданған. Бюджеттен 140 өтінімге 212,4 млн теңге бөлінді. Қалған 222 өтінімге 432,4 млн теңге бөлінді. Бірде-бір өтініш берушіге залалды өтеуден бас тартылмапты.

– Ірі бизнеске келтірілген залалды өтеуге келетін болсақ, қазір Үкіметпен бірлесіп осы мәселені пысықтап жатырмыз. 4 ақпанда «Атамекеннің», Ұлттық экономика министрлігінің және ірі бизнес өкілдерінің қатысуымен кездесу өтті. Онда бизнес субъектілері залалды өтеу бойынша өздерінің шараларын ұсынды. Олардың қатарында салықтар бойынша жеңілдіктер беру, жылдық 6 пайыздық мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беру немесе қаржылай төлемдер ұсыну бар. Шешім әлі қабылданған жоқ. Дегенмен кейбір ұсыныстар ескерілуі мүмкін деген ойдамын, – дейді Р.Жүрсінов.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілге еліміздің 6 өңірінен (Алматы және Шымкент қалалары, Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстары) 57 ірі кәсіпкерлік субъектісі хабарласқан. Олар зардап шеккендер қатарына жатады. Ірі кәсіпкерлік субъектілерінің 231 нысанына залал келген. Оның 193-і Алматыда орналасқан. Алдын ала бағалау бойынша олардың бизнесіне келтірілген залал 43 млрд теңгені құрап отыр (Алматыда – 41 млрд теңге).

Рустам Жүрсінов Президенттің «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының қызметіне қатысты берілген тапсырмасына сәйкес жүргізілген жұмыстарға да тоқталды.

– Сатып алуды реттейтін нормалар тікелей әрекет етуі керек. Қордың басқа органдары деңгейінде қосымша регламенттеуші құжаттарды қабылдаудың қажеті жоқ. Ашық тендердің басымдығын қамтамасыз етуге бағытталған мынадай негізгі ережелерді енгізу қажет: бәсекелес нарық болмаған кезде ғана холдингішілік кооперация тәсілін қолдану немесе сатып алудың осы тәсілін толығымен алып тастау, кеңейтуге жатпайтын, алып тастаулардың толық тізбесі бар ашық тендерге басымдық беру, заңға тәуелді деңгейде және корпоративтік ережелер деңгейінде кеңейтуге жатпайтын бір көзден сатып алудың рұқсат етілген негіздерінің тізбесін қысқарту. Әзірленген ұсыныстар осы жылдың
2 ақпанында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына жіберілді. Жауап күтіп отырмыз, – деді ол.

Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Бас прокуратурамен және Жоғарғы сотпен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыстарды да атап өтті. Ондағы мақсат – бизнес өкілдерінің мемлекеттік органдар мен шенеуніктердің заңсыз әрекеттеріне қатысты түскен шағымдарын талдау.

– Бірлескен жұмыстың нәтижесінде соңғы үш жылда Бас прокуратура қылмыстық қудалау органдарының кәсіпкерлердің құқықтарын бұзуын қысқартуға бағытталған бірқатар аса маңызды ұйымдастырушылық және заңнамалық шараларды қабылдады. Олар үшін кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау да өзекті мәселе болып саналады, әсіресе қылмыстық процесс аясында. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған бизнес субъектісіне қатысты әрбір қылмыстық істі тіркеу прокурормен келісіледі. Кәсіпкерді күдікті деп тану сатысына ерекше назар аударылады. Осының барлығы оң нәтиже берді. Мысалы, өткен жылы бизнес субъектілеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу саны 24 пайызға, яғни 2 057-ден 1 564-ке дейін төмендеді. Қылмыстық қудалау органдары істі тоқтата тұруды және әуре-сарсаңға салуды сирете бастады. Бұл ретте істерді тоқтата тұру 9 пайызға дейін төмендеді, – деді Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл.

Рустам Жүрсіновтің айтуынша, биыл қолданысқа енгізілген қылмыс­тық процестің үш буынды моделі негі­зінде енді басты шешімді прокурор қабылдайды. Осыған сәйкес прокурорлар құқық қорғау органдарының кәсіпкерді күдікті деп тану туралы 44 шешіміне келісуден бас тартты.

– 7 ай ішінде соттарға 14 мыңнан астам талап арыз түсті. Жарты жыл ішінде соттарда шешім шығару барысында барлық шешімнің жартысына жуығы мемлекеттік органдардың емес, кәсіпкерлердің пайдасына шығарылды. Бұл дегеніміз
2 мыңнан астам шешім. Бұрын көрсеткіш 15 пайызды құрайтын. Ең көп талап арыз Қаржы министрлігінің құрылымдарына қатысты (2 420). Мемлекеттік кірістер комитетіне (1 473), мемлекеттік аудитке (423) және қазынашылыққа (433) қатысты шағым көп. Сотта кәсіпкерлердің пайдасына шығарылған шешім 44 пайызды құрады. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі (59 па­йыз), Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (58 пайыз), Ауыл шаруашылығы министрлігі (56 пайыз) антикөшбасшы болып тұр. Сотта 62 па­йыз жағдайда шешім әкімдіктердің емес, кәсіпкерлердің пайдасына шығарылды, – деп толықтырды Р.Жүрсінов.

Ол соттардың белсенді бола бастағанын жеткізді. Олар әлсіздерге көмектесіп қана қоймай, шенеуніктерді халықпен татуластыруға басымдық бере бастаған. Тұрғындар бұған қатысты өз пікірін білдіріп те жатқан көрінеді.

– Соттар талапшыл бола бастады. Олар қаржылай өндіріп алуды іске қосты. Бұл құрал арқылы сот шенеуніктерді тәртіпке шақырады. Бұрын мемлекеттік органдар сотқа келмей-ақ жеңіп шығатын. Енді сот оларды келуге, пікір білдіруге, іс материалдарын және басқаларын ұсынуға міндеттейді. Ең бастысы, бүгінде шенеунікке салынатын айыппұл мөлшері жоғары – 61 260 теңге. Біз осы бағыттағы жұмысты Бас прокуратурамен және Жоғарғы сотпен бірге жалғастырудамыз, – деді ол.

Бұл бағыттағы жұмыстардың маңызы зор. Оны Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент те атап өтті.

– Жергілікті жерлердегі, аудандық деңгейдегі шағын және орта бизнесті дамыту мәселелеріне тоқталғым келеді. Аймақтарда жұмыстың алға басуы әкімге байланысты екені рас. Кәсіпкерлік бастаманың жолын кесіп, тежейтін де көбінесе әкімдер. Бұл – ащы ақиқат. Тіпті қаржылай көмек бермек түгілі, заң аясында әкімшілік қолдау да көрсетпейді. Мұндай жөнсіздікті шұғыл түрде доғару керек. Аудан әкімдеріне нақты меже қойылсын. Оларға жыл са­йын әрбір 10 мың тұрғын үшін кемінде 100 жұмыс орнын ашуды міндеттеген жөн. Біз енді жұмыс тәсілін өзгертеміз. Кәсіпкерлер әкімнің соңынан жүгірмеуі керек. Керісінше, әкім инвестор тартуға ұмтылуы қажет, – деген Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді қолдау негізгі міндеттердің бірі екенін еске салды.

2021 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау желісі бойынша
4 182 өтініш келіп түскенін атап өту керек. Оның ішінде 1 642 өтініш немесе 40 па­йызы оң шешімін тапқан. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы 30,3 млрд теңгеден асты. Бұл дегеніміз – күші жойылған айыппұлдар, өсімпұлдар, кәсіпкерге қайтарылған немесе сақталған мүліктер. Шағым сатып алу, жер қатынастары, салық салу, құрылыс салаларына қатысты көп түседі екен.