Аймақтар • 14 Ақпан, 2022

Берекелі мекеменің берекесі неден қашты?

2158 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Республикалық газеттің өкілі ретінде маған бір топ жаңаөзендік тұрғын хабарласты. Бастан кешіп отырған жағдайлары ауыр, олар айдың күннің аманында қасақана тоналуда. Жаңаөзеннің жарасы онсыз да аз емес, ал алыстан ат ойнатып басына келген, тойымсыз құлқыны қаржыға құныға келген топтың қылмыстық әрекеті естіген жанды бейжай қалдырмайды...

Берекелі мекеменің берекесі неден қашты?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Электрожүйелері» ЖШС – 30 жыл бойы Жаңаөзен халқын электр энергия­­сымен қамту қызметінде мүдіріп мінге, сүрініп сынға ілікпеген мекеме. Жаңа­өзен­дік 45 тұрғынды жұмыспен қамтып, өз құрылтайшылары мен қызметкерлеріне жалақыны, өтемақыны уақытымен төлеп, сондай-ақ өзімен қоян-қолтық қызмет ететін компанияларға, салық орындарына еш қарыз болмай, халыққа қалтқысыз қызмет еткен компания өз жұмысын барынша жолға қойып, әбден қалыптасқан келісті ұжым болатын. Алайда мекеменің берекетті тірлігінің сырттан көзалартып, оңай жемтік етуді көксегендердің озбыр­лы­ғынан әп-сәтте ту-талақайы шықты. Кө­зіңді бақырайтып қойып кісінің қо­лын­­дағы күлшені «берсең – қолыңнан, бермесең – жолыңнан» деп жұлып алатын кеудемсоқтардың барына қайран қаласың – заң қайда, әкімдік қайда, әділдік қайда?

Жаңаөзенге келген «барымташы» топ­тың әлегі 2018 жылы басталды. Жә­бір­­­ленушілердің қолындағы қыл­мыс­­­тық іс құжаттарына сүйенсек, мекеме жұмысына сырттай қызығып, оны қалай­да қолды етуді көздеген ұйым­дасқан қыл­мыс­тық топ аталған ком­панияның негізгі құ­рыл­тай­шысы Қ.Көш­кін­баевты қорқыту-үркіту жолымен біл­дей мекемені құжат бо­йын­ша небәрі 1 (бір!) теңгеге «сатып алады», дұрысында рейдерлік жолмен тартып алады. Қазіргі бір оттықтың құны 200 теңгеден әрі асқан заманда білдей мекемені 1 теңгеге сатып алудың астарында қаншалықты келемеж, қорлық, қылмыс жатқаны бір­ден аңғарылып-ақ тұр. Не деген басыну! Сөйтсек, бұл мазақ­тың басы екен. Халыққа электр энергия­сын таратуды емес, ақша жасауды ғана ойла­ғандар аз уақытта бұрын еш қарызы бол­маған мекемені «МАЭК» мекемесіне 1 млрд 900 мың теңгеге, «МРЭК»-ке 239 427 856, 97 теңгеге қарызға батырады. Мұн­дай сорақылық мекемені банкрот етіп немесе оңалтуға жіберіп, қаржыны қал­­таға басып тайып тұру үшін әдейі жа­сал­­ды де­меске амал жоқ. Алайда іске заң орын­дары араласып, мекемені талан-тараж­ға салғандарға қатысты қыл­мыстық іс қозғалды, оларға тергеу орын­дарымен ұйым­дасқан қылмыстық топ құру, бопсалау, рейдерлік, салықтан жал­тару, қыл­­­мыстық жолмен тапқан ақшаны заң­дастыру сынды қылмыстық кодекстің аса ауыр баптарымен айыптар тағылып, қазіргі таңда қылмыстық іс Маңғыстау об­лыс­тық арнайы маман­дан­дырылған сотында қаралуда. Айып тағылып, қазіргі таң­да сот үкімін күтіп қамауда отыр­ған­дар қатарында «Элек­тро­­жүйелері» серік­тес­тігін қолды еткендермен бірге Ақтау қала­сында элек­тр энергиясын таратумен айна­лысатын «Альянсэнергоснаб», «МАЭК» басшылығы өкілдері бар. Осы жер­де «Альянсэнергоснаб» компаниясына на­зар аударуға тиіспіз. Осыдан 3-4 жыл бұрын Маңғыстауда пайда болып, элек­тр энергиясын тарату қызметінде айқай-шу, дау-дамайдың туындауына себеп­ші болған компания енді тырнағын Жаңаөзенге батырғаны байқалып тұр. «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шық­ты» дейтіндей, Маңғыстауға келіп ылаң салатындай «отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын» бұл кімнің ком­па­ния­­сы? Неге ел ішін бөрліктіре­тін­дерге заңмен ты­йым жоқ?

Сонымен мекемені 1 теңгеге «сатып алған» А.Төлемісовтің өзі қамауға алын­ғанымен, серіктестіктің жұмысын одан әрі жүр­гізу тізгінін экс-директордың орын­басары Д.Джейранбаев, бас есепші Э.Эскабулова және компания­ны рей­дер­лік жолмен басып алған қыл­мыстық топ мүшелері тергеу изоля­то­рынан сенімхат берген адвокаты А.Алимов қолына алып, Төлемісовтің «тір­лігін» жалғастырады. Әу баста тұ­ты­ну­шыларға қызмет етуді емес, ком­пания­ны тонауды ойлағандар 2019 жылдан 2021 жылдың мамыр айына дейін еш кедергісіз өз ойларын жүзеге асырады, бұл жылдары мекеме қызметі барынша құлдырап қалт-құлт еткен күйге түседі. Тек 2021 жылғы мамыр айын­да «Электрожүйелері» серіктестігінің төбе­­­сі­не үйірілген бұлт аз-маз сейіліп, негізгі құрылтайшы өз бөлігін ала алмаса да, дирек­торлыққа осы серіктестіктің өз қыз­­мет­­керін тағайындауға қол жеткізеді. Осы­дан соң-ақ компания жұмысының та­мы­­рына қайтадан қан жүгіріп, олар аз уа­қыт­та компания ойда жоқта әлдебір топ­тың кесірінен белшеден батқан қа­рыз­дың не­­гізгі берешегін екі есеге азайтады.

Алайда «Электрожүйелері» серік­тес­ті­гінің құрылтайшылары мен бұрынғы қыз­мет­керлері, яғни негізгі иелері алдынан жаңа кедергі пайда бола кетеді. Бізде мәселеге орай «жергілікті әкімдіктің бо­­лып жатқан оқи­ғаға көзқарасы мен әре­­кеті қандай болды?» деген сұрақ туын­­дайды. Бір қызығы және өкініштісі – Жа­ңа­өзен қалалық әкім­ді­гі мекемедегі дау-дамайға мән беріп, анық-қанығын нақтылап жатпады ма, әлде басқа себеп­тері бар ма – серіктестікті қолды еткен­дерді, яғни қазіргі таңда тергеу орындарымен «ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деп кінә тағылғандар тарапын қолдап шығады. Неге? 30 жыл бойы жаңаөзендік тұтынушыларға мінсіз қызмет еткен «Электрожүйелері» компа­ния­сын көз алдында тұтқиылдан тап бер­ген күш шырылдатып торғайдай талап жатқанда әкімдіктің әділдікке ара түсе алмауының, жәбірленушіге қолдау көрсете алмауының себебі неде? Атал­ған компания жұмысында қате болса, жұмысты жүргізе алмаған болса, әкім­дік 30 жыл бойы оны көрмей, айға қарап отырды ма? Осы мәселе бойынша пікір­лес­кім келіп Жаңаөзен қаласының әкімі М.Ибағаровқа хабарласқанымда ол «ауылда еместігін, еңбек демалысында» екенін хабарлады. Ал қала әкімінің орынбасары Б.Ізғалиев телефонын көтерген жоқ.

Жаңаөзен қаласының тізгінін ұстаған­дар ұстатпағанмен, қолдағы құжаттар олардың ұстанымын анықтап берді. Мы­са­лы, бір ғана 30.06.2021 жылы Жаңа­өзен қалалық әкімдігінде өткен мәжілістің хаттамасы да біраз жайды аңғартып тұр. Өз қолдары өз ауыздарына жеткендей болып жұмысты қайта жүргізе бастаған «Электрожүйелері» компаниясына қа­зір­гі кедергі де осы Жаңаөзен қалалық әкім­дігі тарапынан болып отыр. Әкімдік жа­ңадан құрылған «Маңғыстаужарық» ЖШС-на басымдық беріп, «Элек­­тро­­­жүйелері» ЖШС жұмысына қол­дан ке­дергі ұйымдастыруда. Тергеу изоля­то­рындағылардан сенімхат алған адво­кат Жаңаөзен қалалық әкімдігімен жи­налыс өткізеді, нәтижесінде, «Элек­тро­жүйелері» ЖШС банкрот, енді қала­да «Маң­ғыстаужарық» ЖШС элек­тр энер­гиясын тарататын болады деп жер­гі­лікті газетке хабарландыру, нақты­рақ айтсақ жалған ақпарат таратады. Осы­дан соң көптеген компания «Электрожүйелері» ЖШС-мен арадағы келісімшартты бұзуға, ал «МАЭК», «МРЭК» мекемелері «Электрожүйелері» ЖШС-на энергия беруді тоқтатуға мәжбүр болады. Ал «Маңғыстаужарық» ЖШС қайдан шықты? Оның Жаңаөзендегі компания жұмысын рейдерлік жолмен тартып алушылардың, қазіргі таңда тергеу изоляторында отырғандардың «екінші білегі» болуы мүмкін бе – оны заң орындары анықтайды деп сенеміз.

– Мен заңгер ретінде 2021 жылдың ортасынан бастап «Электрожүйелері» ЖШС-мен жұмыс істей бастадым. Ең бірінші кезекте Алимовтің сенім­ха­ты­ның заңсыз екендігіне назар аударып, оны жарамсыз деп таптым. Алайда осы екі ортада ол Жаңаөзен әкімдігімен «ке­­лі­­сі­мін» іске асырып, аталған серік­тес­тік­ті банкрот деп тану туралы сотқа та­лап арыз беріп үлгерген еді. Сотта «Элек­­тро­­жүйе­лері» компаниясының қыз­­­­­мет атқа­руға қаржылық та, басқалай да, ресурс­тық мүмкіндігі бар екені дә­лел­денді. Банкроттықтан бас тарту тура­лы сот шешімі өз күшіне енді. Алайда Жаңаөзен әкімдігі тарапынан кедергілер әлі де жалғасуда, – дейді адвокат, Батыс Қазақстан облыстық адвокаттар ал­қа­сы­ның мүшесі Абзал Құспан.

Әлдекімдердің кесірінен қарызға бел­­­шеден батқанымен жеке және заң­­ды тұл­­ғалардан өндірілмеген 2 млрд теңге ш­а­­масында қаржысы бар «Электро­жүйе­ле­рі» компаниясын банкрот деп танудан бас тартуы – соттың жеңісі!

Мүдделі топтың ендігі «жүрісі» қа­лай жалғасты? Олар қамақта (тергеу изоляторында) жатса да Жаңа­өзен әкімдігіне, «МАЭК», «МРЭК» бас­шы­лығына өз ық­палдарын сақтап қал­ғандарын көруге бо­лады. Олар «Элек­тро­жүйелері» компаниясын банкрот қыла алмаған соң, ендігі мақсаты – осы компа­нияға тиесілі барлық шарттарды бұзғызып, Жаңаөзен қаласының барлық тұтынушыларын жаңа­дан құрылған «Маңғыстаужарық» ЖШС-на өткізу. Өкініштісі және тү­сі­нік­сізі – осы мақсатта Жаңаөзен әкім­дігі, «МАЭК», «МРЭК» басшылығы бір­ле­се қызмет атқаруда. Адвокаттың айтуынша, оларды басқарушы, ұйымдастырушы адамдар тергеу изоляторындағылар ма, әлде қыл­мыс­тық топтың ұстатпай кеткен сырт­тағы адамдары ма, ол әзірге анық емес.

– «Электрожүйелері» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіне қатысты 2018 жыл­­дан бергі жағдайды сараптай келе, әрекет етуші ұйымдасқан қылмыстық топ­­тың тамыры тереңде екенін байқауға болады. Аталған компанияның негізгі құрылтайшысы Қ.Көшкінбаев тергеу органдарымен жәбірленуші деп танылған, қылмыстық топтың бұл кісінің өз бөлігін бар-жоғы бір тиынға бағалап «сатып алғаны», анығында тартып алғаны, қыл­мыстық іс құжаттарында бар. Сол кез­ден бастап «Электрожүйелері» ком­па­­ния­сында қаржылық проблема басталды. Сондай-ақ, «Электрожүйелері» ком­па­ния­сының басқа құрылтайшылары мен қызметкерлерін де жәбірленуші деуге толық негіз бар. Компания бірқатар білікті маманынан айырылып қалды. Іс оңай емес, алайда әділдік жеңеді деп сенемін, – дейді аққа жақ болу үшін іс тізгінін қолына алған адвокат А.Құспан.

Жаңаөзендіктер басынғандарға белін басқызуға ниетті емес. Маңғыстаулықтар «Электрожүйелері» компаниясының же­ңісін – жазықсыз жапа шегіп, бейбіт күн­де талауға түскендердің әділдікке қол жеткен күнін күтуде!