Аймақтар • 14 Ақпан, 2022

Жезді қоймасы жетімсіреп тұр

3260 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Кеңгір су қоймасы – Қарағанды облысындағы ең ірі су шаруашылығы құрылымдарының бірі. Бұл – Жезқазған қаласы тіршілігінің негізгі нәрі. Қала тұрғындары тұтынатын ауыз судың 60%-дан астамы осы ашық су қоймасынан, қалған бөлігі Үйтас-Айдос жерасты су көзінен алынады. Ал Жезді су қоймасы аумағының сыйымдылығы – 76 млн текше метр. Бүгінде бұл екі қойма да күтім көрмей, жетімнің күйін кешкен.

 

Жезді қоймасы жетімсіреп тұр

Ауыз су мәселесі алаңдатады

Кеңгір су қоймасының құрылысы 1940 жылы басталып, Екінші дүние­­­жүзілік соғыс жылдарында тоқ­тап қа­лады. Соғыстан соң ел есін жиған кезде 1946 жылы құры­лыс жұмыстары қай­тадан басталып, 37,3 шаршы шақы­рым аймақты алып жатқан су қой­масы мен алып гидроқұрылыс 1952 жылы аяқталды. Жезқазған кен-ме­тал­лургия комби­натының жедел дамуына байланысты 1965-1967 жылдары бөген ауқымы кеңейтіліп, 319 млн текше метр су жинақтайтын көлемге жеткізілді. Су қоймасының ұзынды­ғы 30 шақырымдай, енінің ең жал­пақ жері 1,7 шақырым, орташа тереңдігі – 8 метр. Содан бері Кеңгір су қоймасы Жезқазған қаласы тір­ші­лігінің негізгі нәрі болып келе­ді. Бүгінде қала тұрғындары тұты­натын ауыз судың 60%-дан астамы осы ашық су қоймасынан, қалған бөлігі Үйтас-Айдос жерасты су көзінен алынады. Ауыз су қалаға гидро­техникалық цех арқылы залалсыздандырып, тазаланып беріл­се де жағалаулары талапқа сай қорғал­маған ашық қойма суының сапасына жұртшылық күмәнмен қарайды.

Толықтай жерасты суымен қамта­масыз ету мәселесі ұзақ жылдан бері айтылғанмен, шешілмей келеді. Жез­қазғанға 10 млн текше метрдей су береді деген Есқұла жобасы да то­лық жеріне жеткізілген жоқ. Ал қа­ла­ны ауыз сумен жарым-жартылай жабдықтап отырған 60 шақырым жердегі Үйтас-Айдос жерасты су көзі­нің құбыры жыл өткен сайын тозығы жетіп, жарамсыз болуға айналған. Бұл су көзі құрылғысы 1967 жылы пайдалануға берілген. Жоба бойынша жылына 30-35 млн текше метр су беруі керек болса, бұл көрсеткіш кейінгі жылдарда 3 есеге дейін төмендеп кеткен. Су көзіндегі бес ұңғыманың екеуі ғана жұмыс істейді. Үйтас-Айдостың жерас­ты су көзінің жобалық мүмкіндіктері толық қуатында пайдаланылуы үшін қосымша ұңғымалары іске қосылып, 60 шақырымдық құбыры толықтай жаңартуды қажет етеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 20 қазанда Жезқазғанға келген сапарында «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басшыларымен өңірдің кен өндірудегі болашақ жоспарын тыңдай келіп, қала тұрғын­дарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесіне де назар аударды. «Адамдарды таза ауыз сумен қамтамасыз етуді Үкімет әкімдікпен және корпорациямен бірлесіп қысқа мерзім ішінде әрі кеткенде бір жарым жыл ішінде шешуі керек», деп тапсырма беріп, бұл мәселені бақылауында ұстайтынын жеткізді.

Кеңгір су қоймасын ұқыптылық­пен, талапқа сай пайдалануды жү­зеге асыру бүгінгі күннің ең басты мәселесі.

 

Су қоймасының иесі кім?

2011 жылғы 1 наурызда өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізілген Су кодексінің 25-бабында: «Ерек­ше стра­тегиялық маңызы бар су ша­руашылығы құрылыстары мемлекеттік меншікте бо­лады жә­не жалға, сенімгерлік бас­қа­руға берілмейді және иеліктен шы­ғаруға жатпайды», деп анық көр­се­тіл­ген. Осы мақсатта Үкіметтің 1996 жыл­дың 16 маусымында қабылдаған қау­лысымен Мемлекеттік мүлік ко­ми­тетіне Кеңгір су қоймасын және гидро­техникалық құрылымдар кешенін «Жезқазғантүстімет» АҚ құрамынан шығарып, республикалық Су ресурс­тары жөніндегі комитеттің құзырына, одан соң Жезқазған об­лыстық су ресурстары жөніндегі ко­митетіне беруді міндеттеген болатын. Үкімет қаулысын орындау үшін мемлекет мүлкін бас­қару жөніндегі Жезқазған аумақтық комитеті стра­­тегиялық маңызы бар нысанды «Жезқазғантүстімет» АҚ-ның жарғылық қорынан шығаруды акционерлер жиналысында қарап, сол жылдың 9 тамызына дейін Жезқазған облыстық су шаруашылығының иелігі­не беруі керек-тін. Алайда «Жез­қаз­ған­түстімет» АҚ-ның сол кез­дегі басқа­рушысы мемлекет мүл­кін басқару жө­нін­дегі респуб­ликалық комитеттің алдына су қой­­масымен бірге қаланың бүкіл шаруа­шылық-ауыз су және қалдық суды тазарту қондырғысын, Үйтас-Айдос су жинағышын, қалалық су құбырлары мен кәріз желілері сияқ­ты барлық дүниелерді қосып алыңдар деген мәселе қойды. Үкімет қаулысында тек Кеңгір су қоймасы мен гидротехникалық құрылымдар кешенін мемлекет иелігіне алу қа­жет­тігі атап көрсетілгенмен, қала құрау­­шы кәсіпорын тарапынан бұл­тақ­қа салу салдарынан бұл міндет орындалмай қалды. Бұдан кейінгі кезеңде Қаржы министрлігі мен оның мемлекеттік мүлік жөніндегі комитеті бұл проблемаға қайта айналып соқ­қан жоқ. Осылайша, стратегиялық маңы­зы зор нысан Су кодексінің және Мемлекеттік мүлік туралы заң талабына сай жекеменшік қолынан мемлекет иелігіне қайтарылмады.

«Жезқазғантүстімет» АҚ база­сын­дағы құрылымдық өзгерістерге байланысты бүгінде Кеңгір су қой­масы гидротехникалық құрылым­да­рымен бірге «Қазақмыс Дис­трибьюшн» ЖШС иелігінде. Стратегиялық нысан­ның гидротех­никалық құрылғы­лары­ның имараттарын қызмет көрсету жөніндегі келісімшарт бойынша Жез­қазған қаласының «Жылумен-сумен жаб­дықтау кәсіпорны» АҚ пайдалануда. Ал құрамында Су ресурстары комитеті болған кезде Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі де, кейін­нен Эко­логия, геология және та­биғи ресурстар министрлігі Су кодексінің заң­дылық талаптарына сәйкес Кеңгір су қоймасының мәртебесін қалпына келтіру мәселе­сін көтерген емес. Соған орай бұл кешенді ұстаудағы заңдылық және нормативтік актілерге бақылау да жасалмаған. Мұны айтасыз, тіпті «Азаматтарға арналған үкімет» мем­лекеттік корпорациясының Қа­ра­ғанды облысы филиалының дерек базасында Кеңгір су қоймасы «жылжымайтын регистр» ретінде мүлдем тіркелмеген.

Бүгінде су қоймасында 245 млн текше метрдей су бар немесе көлемі жо­балық қуатынан 24%-ға төмен. Кейін­гі жылдардағы құрғақшылыққа бай­ланысты қойма арнасы суға толмай, кемеріне жетпей келеді. Сонымен қоса төменгі бьевтегі шлюз арқылы ондаған жылдар бойы су ағызылып жіберілген жоқ. Қойманы пайдаланушылар тарапынан су түбіндегі лай шөгінділері мен өсімдіктердің шіріген қалдықтары тазартылмайды. Су қорғау аймағы мен жа­ғалауы қоқысқа толы. Тазар­ту, абаттандыру жұмыстары дұрыс жүргізілмейді.

Осыған орай өткен жылдың соңында Жезқазған қаласы қоғам­дық кеңесінің мониторингтік тобы «Су кодексі мен нормативтік актіле­рінің талаптарына сәйкес қала аумағындағы су ресурс­тарын тиімді пайдалану және қорғау жөніндегі жұмыстардың жағдайы туралы» мәселені арнайы талқылап, Кеңгір су қоймасына қатысты түйінді проблемаларды Үкіметке жеткізуге шешім жасаған еді. Бұл мәселеге байланысты Экология, геология және та­биғи ресурстар министрлігінің вице-министрі С.Қожаниязовтан 2021 жылдың 29 желтоқсанында келген жауабында төмендегідей шартты орындаған жағдайда Кең­гір су қой­масын коммуналдық меншіктен рес­публикалық меншікке алуға ми­нистр­­ліктің қарсылық біл­дірмейтіні көр­сетілген. «Ол үшін су қоймасының тех­никалық жә­не иелік құқығын бел­гілейтін құ­жаттар жасалуы керек; Кең­гір су қоймасын пайдалануға, күтіп ұстауға және қайта жаңғыртуға қа­­жет­ті қаржы көзін айқындау керек; Қазіргі таңда министрлік «Қазақмыс Дистрибьюшн» ЖШС-да 2021 жылдың 19 қазанынан 2024 жылдың 1 қазанына дейін жылына 20 935 мың текше метр су пайдалану лимиті бойын­ша су қоймасын арнайы пайдалануға рұқсат рәсімдеді», деп алдаусыратады. Алайда су қоймасы нақты кімнің меншігінде болатынын нақтыламайды. Министрліктің бұл хатында суды пайдаланушы тарапынан қойманы күтіп ұстап, жақсартуда не істелетіндігі туралы да ештеңе айтылмаған. Жалпы, көзін тапса судан түсер пайда көп. Су ша­руашылығының сарапшы мамандары ұсынған құжаттарда егер Кеңгір су қоймасының базасында шаруашылық-есептік жеке кәсіпорын құрылған жағдайда экономикалық-қаржы жағдайы бойынша оның өзін өзі ақтайтынын дәлелдеп беріп отыр. Ал әзірше суды тұтынып, пайдаланудан тү­се­тін қаржының қызығын «Қа­зақ­­мыс» корпорациясының ен­ші­лес кәсіпорны «Қазақмыс Дис­трибьюшн» ЖШС көріп жатыр.

 

Жезді су қоймасы қайта жаңғыртылуы керек

«Қазгидропроект» институтының жобасы бойынша Жезді су қоймасы Жезді өзенін бөгеу арқылы 1969 жылы салынған. Аумағының сыйымдылығы – 76 млн текше метр. Су қоймасының құрамындағы бөгет (плотина), тасқын суды жіберу, су ағызу құрылғылары – негізгі гидротехникалық нысандары. Кезінде бұл жоба қаладан 20 шақырым жердегі Талап ауылы аумағындағы 3 028 гек­тар алқапқа су беру арқылы Жез­қазған мен Сәтбаев қалаларын көк­өніс және сүт-ет өнімдерімен қамтама­сыз ету мақсатында жүзеге асы­рыл­ғаны белгілі. Су қоймасынан су ма­гистралдық канал арқылы бері­ліп, ұзақ жылдар бойы бұл міндет ойда­ғыдай орындалды да. Сонымен қатар саяжайлар мен еңбеккерлердің ұжымдық бақшасына су беру де оңтайлы шешілген-тін. Тәуелсіздік жылдарындағы нарықтық экономи­ка­ның келуімен халық осы игіліктен айырылып қалды.

Бөгет пайдалануға берілген кезден бастап Жезқазған облыстық су шаруашылығының балансында болды. Ал Жезқазған облысы та­ратылғаннан соң «Қазводхоз» РМК Қа­рағанды филиалының құзырына берілді. Алайда су қоймасының жағ­дайы бүгінде аянышты жағдайда қалып отыр. Тозығы жеткен шлюздер, бекітуші тетіктері мен металл құ­рылғылары тоттанып, өзгеріске ұшы­раған. «Қарағандыводхоз» тара­пы­нан гидротехникалық нысанға тиісті бақылау болмауы салдарынан 2019 жылдың көктемінде күтпеген апат орын алып, су сыртқа ағып кет­кен. Жергілікті тұрғындардың ай­туын­ша, қоймадағы су 3-3,5 есе азайып, 19 млн текше метр ға­на су қал­ған. Өткен жылғы көк­темгі су тас­қы­нында 13 млн тек­ше метрдей сумен толықты. Жез­ді қоймасындағы су көлемінің төмендеп қалуы оның сапасына да кері әсерін тигізуде. Оның үстіне «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік қалдықтарын сүзгіден өткізген техникалық суы мен Сәт­баев қаласы кәріз жүйелерінің жет­кі­лікті тазаланбаған ағынды­лары­ның Жезді өзеніне келіп құйы­луы су сапасын мүлдем нашар­латып, ауыл шаруашылығы дақылдарын суаруға жарамсыз жағдайға жеткізді. Осындай зиянды қалдықтармен лас­танған қойма суы Сарысу өзеніне де құйылады. Сарысу бойында көптеген қыстақ пен жүзге жуық шаруа қожалығы орналасқанын ескерсек, ластанған судың қаншалықты көлемде залал тигі­зіп отырғанын жете сезінуге болады.

Бұл жағдайдың барлығы Су ре­сурстары жөніндегі комитетке, Нұра-Сарысу су-бассейні инспекция­сына белгілі. Бірақ олардың тарапынан Жезді су қоймасының ласта­нуының себептеріне тексеріс жасалмаған. Сон­дай-ақ қоймаға жауапты тұлғаларды бекітіп, негізгі бағыттарын айқындауға мән берілмеуде. Республикалық орталық органдар мен «Қазводхоздың» жұртшылық көтеріп жүрген осы мәсе­лелерге жеткілікті көңіл бөл­меуі ке­леңсіз жағдайға әкеліп соғу­да. Су қоймасы бүгінде жарам­сыз болу­мен қатар иесіздікке ұшы­­рап бос­қа қалатын қаупі бар. Мә­селен, Үкі­меттің Жезқазған, Сәт­баев қалалары мен Ұлытау ауданын әлеуметтік-эконо­микалық дамы­тудың кешенді жоспары туралы 2011 жылғы 3 қарашадағы №1283 және 2019 жылғы 13 маусы­мындағы №400 қаулыларында Жезді су қоймасына Талап суармалы жүйесінің магистралдық каналымен бірге қайта жаңарту жүргізу көзделген болатын. Өкінішке қарай, өңір үшін өзекті бұл жоба тек қағаз жүзінде қа­лып қойды. Егер Жезді су қоймасы қайта жаң­ғыртылып, дұрыс негізде пайда­ланылса, Талаптың 3 мың гектар алқа­бына картоп пен көкөніс егу арқылы қанаттас қос қаланың азық-түлік мәселесін оңынан шешуге болар еді.

Ендігі жерде өңір жұртшылығы Жез­қазған қаласының қалыпты ты­ныс-тіршілігін қамтамасыз етуде ма­ңыз­ды орын алатын Кеңгір және Жезді су қоймаларына қатысты бұл жағ­­дайлардың алдағы уақытта Су кодек­сінің та­лаптарына сай болуына Үкімет тара­пынан дұрыс көңіл бөлінсе деп үміттенеді.

 

Сағындық ҚОЖАМСЕЙІТОВ,

Жезқазған қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы,

Қарағанды облысының        құрметті азаматы,

 

Амандық РАХҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі