Қысқы спорт • 14 Ақпан, 2022

Абзалға қарға адым жер жетпеді!

201 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қытайда өтіп жатқан XXIV Қысқы Олим­пиадада жексенбі күні спорттың бес түрі бойынша жеті жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Соның бесеуінде Қазақстанның спортшылары өнер көрсетуге тиіс еді. Олар – Захар Кучин (тау шаңғысы, слалом), Жанбота Алдабергенова мен Ақмаржан Қалмұрзаева (фристайл-акробатика), Галина Вишневская-Шепоренко (биатлон, 10 шақырым), Александр Мухин (биатлон, 12,5 шақырым), Екатерина Айдова (коньки, 500 метр), Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша және Әділ Ғалиахметов (шорт-трек, 500 метр).

 

Абзалға  қарға адым жер жетпеді!

Олимпия ойындарының бас­талғанына 10 тәулік өтсе де, Қазақстан құрама командасының қоржыны әлі бос. Сол себепті жанкүйерлер әр бәсекені тағатсыздана күтіп, күн сайын жарысқа шығатын жер­лестеріміздің жолына үлкен үміт­пен қарауда. Бұл жолы біз шорт-трек шеберлеріне ерекше үмітпен қарадық. Әлем кубогының кезеңдік сайыстарында табысты өнер көр­сеткен спортшыларымыз төрт жыл­дықтың басты додасында бір жарқ етіп көрінсе деп армандадық. Ширек финалға жолдама алған үш жігітіміздің екеуі жартылай финалға өтті. Олар – Денис Никиша мен Абзал Әжіғалиев. Әділ Ғалиахметов бесінші орында қалып қойып, жарыс­ты аяқтады. Дәл осы 500 метрлік межеде Пхенчхан Олимпиадасының жеңімпазы, әлемнің екі дүркін чемпионы және бес дүркін жүлдегері, Еуропа біріншілігінде 13 мәрте (3 алтын+8 күміс+2 қола) жеңіс тұғырына көтерілген Мажарстанның әйгілі спортшысы Шаолинь Шандор Лю де сүрінді.

Жартылай финалда Абзал өз тобында екінші орынды иеленіп, финалға шықса, Денис төртінші орында қалып қойды. В тобында өнер көрсеткен Никиша қорытынды есепте сегізінші сатыға табан тіреді. Ал қандасымыз жеңіс тұғырына сынық-сүйем ғана жетпей, төртінші орынға тұрақтады. Шешуші тұста Әжіғалиевке сәл ғана сәттілік жетіс­педі. Оның үстіне, Пьетро Сигел дәл Абзалдың алдына келіп жығылды. Италиялық спортшыны айналып өт­кен қазақтың өрені сол сәтте аса құн­ды секундтарын жоғалтты. Әйт­пе­генде, Әжіғалиевтің жеңіс тұғы­рына көтерілуі бек мүмкін еді. Бір­ақ Абзалға Бейжіңде ондай бақ бұйыр­мады.

Десек те, бұл жолы қазақстандық шорт-трекшілер Олимпия ойын­дарындағы өздерінің ең ірі табысына қол жеткізгенін айта кетуге тиіспіз. Бұған дейін осы спорт түрін серік еткен отандастарымыздың ешбірі аталған додада үздік төрт­тікке енген емес. Сондықтан да жеңіске жету үшін жанын салып айқасқан Абзал Әжіғалиевке және аз ғана уақыт аралығында өте мық­ты команда жасақтай білген Мәді­ғали Қарсыбековке мың да бір алғыс айтқымыз келеді. Ал бұл жарыс­та бас жүлдені Пхенчхан Олим­пиадасының жеңімпазы, ма­жар­стандық Лю Шандор олжалады. Ресейлік Константин Ивлиев күміс және канадалық Стивен Дюбуа қола медальды иеленді.

Бәсекелер аяқталған бетте БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында А. Әжіғалиев: «Олимпиаданың іріктеу сынынан сүрінбей өтудің өзі өте қиын болды. Себебі оның алдындағы маусымда денсаулығым сыр берген еді. Соның салдарынан біраз уақыт бабыма келе алмадым. Менің көптен бергі арманым – елімізде шорт-тректі дамытуға сүбелі үлес қосу. Қазақ балалары қысқы спорт түрлеріне бейім емес деген таптау­рынды бұзғым келді. Біздің де коньки теуіп, сырғанай алатынымызды көрсетуге тырыстым. Жалпы, жанкүйерлер жазғы спорт түрлерінде өнер көрсетіп жүрген атлеттерді бірден таниды. Ал қысқы спортта қанша жүлде алсақ та, тасада қалып қойып жүрміз. Шорт-трек еліміздегі ең жас спорт түрлерінің бірі екеніне қарамастан, жерлестеріміз Әлем кубогы кезеңдерінде үнемі жүлде алып жүр. Осы жеңісті дәстүрдің алдағы уақытта да жалғасатынына сенімдімін. Ал бүгін қазақ халқын қуанту үшін барымды салдым. Финалға дейін екі бірдей Олим­пиада чемпионының жарыс жолынан шығып қалуының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Осындай бәсекелестік белең алып тұрған са­йыс­тың шешуші сынына дейін алқынбай жеткеніме қуаныштымын. Бірақ маған Олимпиада медалі бұ­йыр­мады. Әрине, бұл өкінішті», деп ағынан жарылды.

Тау шаңғысынан өткен слалом сайысында Захар Кучиннің жігерсіздігіне күйіндік. Бірінші мүмкіндігінде өрескел қателікке бой алдырған ол жарыс жолынан шығып қалды. Бұл тартыста жастар арасындағы әлемнің алты дүркін чемпионы, Әлем кубогы кезеңдік бәсекелерінің 10 дүркін жеңімпазы 24 жастағы швейцариялық Марко Одерматт теңдессіз деп танылды. «Ер кезегі үшке дейін» демекші, осыған дейін екі бірдей Олимпиададан олжасыз оралған словениялық Жан Краньецтің Бейжіңде бағы жанып, күміс медальды кеудесінде жарқыратты. Әлем чемпионатында үш рет топ жарған франциялық Матье Феврге қола медаль бұйырды.

Фристайл-акробатикадан өтетін жарыста қазақтың қос сұлуы – Жан­бота Алдабергенова мен Ақ­мар­жан Қалмұрзаева өз өнерлерін ортаға салуға тиіс еді. Бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты бұл бәсекелер кейінге шегерілді. Келесі күнгі бәсекеде екі спорт­шымыз іріктеу жарыс­та­рына қатысып, финалға шығу үшін бар өнерлерін ортаға салды. Ақ­маржан Қалмұрзаева екінші ірік­теуде 98.68 ұпай жинап, бірінші орынмен жарыстың бірінші финалына жолдама алды. Бірінші іріктеуде ол небәрі 70.86 ұпай топтаған еді.

Өкінішке қарай, Жанбота Алда­бергенова финалға жолдама ала алмады. 80.56 ұпайға ие болған ол жетінші орынға табан тіреп, финалға жолдама беретін үздік алтылықтың қатарынан тыс қалды.

Биатлоншылардың бәсекесінде Галина Вишневская-Шепоренко мен Александр Мухинге жанкүйер болдық. Әу баста жастар буыны ара­сындағы жарыстарда жасын­дай жарқылдаған 28 жастағы Виш­невская-Шепоренко уақыт оза Азия ойындарының төрт дүркін чемпио­ны атанып, Азия біріншілігі мен Дүниежүзілік Универсиаданы екі реттен ұтты. Бірақ төрткүл дүниенің дүлдүлдері жиналған жарысқа ол даярлықсыз келген екен. Бәсеке барысында нысананы төрт мәрте дәл көздей алмай, жеңімпаздан жеті минут­тан аса уақыт қалып қой­­ған Галина 52-орынды қанағат тұт­ты. Алтын алқаны мойнына ілген нор­вегиялық Марта Олсбю-Рейселанд 10 шақырымды 33 минут 18 секундта жүріп өтті. Нысана көз­деуде бір рет қана мүлт кетті. Осы­­лайша, ол Бейжіңде дара талантымен үшінші мәрте оқшауланды. Одан бөлек Олсбю-Рейселандтың 11 дүркін әлем чемпионы деген дардай атағы тағы бар. Мартаның отандасы Тириль Экхофф қолаға қол созса, швециялық Эльвира Эберг күміспен күптелді.

Осы қашықтықтағы басты фа­вориттердің бірі Ингрид Тандревольд еді. 25 жастағы норвегиялық биатлон­шы әлем чемпионатында 3 алтын, 2 күміс және 1 қоланы олжалаған. Олимпиадаға да жақсы даярлықпен келді. Бірақ дәл жарыс кезінде Ингридтің денсаулығы сыр беріп, ол өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Мәре сызығын қиып өткен бетте Тандревольд есінен танып құлады. Дәрігерлер оны зембілге салып әкетіп, ауруханада қажетті ем-дом жасады. «Ақ халаттылардың» айтуынша, Ингридтің денсаулығы бірте-бірте дұрысталып келеді.

Биатлоннан ерлер бәсекесінде бақ сынаған Мухиннің өнері тіптен сүреңсіз болды. 12,5 шақырымдық қашықтықта жүгірген ол 58 спорт­шының тек біреуінен ғана озып, 57-орынға тұрақтады. Бұл жарыста Кенин Фийон-Майе жеңімпаз атанса, одан кейінгі орындарды нор­вегиялық Тарьей Бё мен ресейлік Эдуард Латыпов иемденді.

Конькишілер сайысында Екате­рина Айдова күш сынасты. Бұл оның төртінші Олимпиадасы еді. Ванкувер, Сочи және Пхенчханнан отандасымыз құралақан оралды. Осы Олимпия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстанның туын ұстап шыққан 30 жастағы спортшымыз Бейжіңде жеңіс тұғырына көтерілетін шығар деп үміттендік. Бірақ ол үміт ақталмады. Айдова 20-орынды иеленді. Бұл тартыста америкалық Эрин Джонсонның алдына ешкім түсе алмады. Күміс және қола медальдарды жапо­ния­лық Михо Такаги мен Ангелина Голикова өзара бөлісті.

Шаңғышылардың 4х10 шақы­рымыдық эстафетасында құрамында Алексей Червоткин, Александр Большунов, Денис Спицов және Сергей Устюгов бар Ресей құрамасы ша­шасына шаң жұқтырмады. Же­ңім­паз команданың көрсеткіші – 1 сағат 54 минут 50,7 секунд. Екін­ші орынды норвегиялықтар ен­шіледі. Скандинавиялықтар бас­ты қарсыластарынан 1.07,2 секунд қалып қойды. Үшінші сатыға Фран­цияның өкілдері жайғасты.

Жалпыкомандалық есепте Норвегия құрамасы басты қарсы­ласы – Германиядан озып, жеке-дара көш бастады. Олардың қоржынында 21 (9+5+7) жүлде бар. Немістер (8+5+1) – екінші орын­да. Үшінші сатыға АҚШ-тың (6+5+1) спортшылары жайғасты. Сондай-ақ Нидерланд (6+4+2), Швеция (5+3+3), Аустрия (4+6+4), Ресей (4+5+8), Қытай (4+3+2), Швейцария (3+0+5) және Италия (2+6+2) құрамалары үздік ондықтың қатарында.