Қазақстан • 15 Ақпан, 2022

Барлық партиялық ресурсты жұмылдыру қажет

329 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Nur Otan партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов бейнеконференция байланысы арқылы партияның барлық өңірлік филиалымен кеңес өткізіп, таяу кезеңдегі жұмыстың басымдықтарын белгіледі.

Барлық партиялық ресурсты жұмылдыру қажет

Асхат Ораловтың айтуынша, партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев­тың Жаңа Қазақстанды құру бойынша алға қойған міндеттерін сапалы әрі уақтылы орындау үшін барлық партиялық ресурсты жұмылдыру қажет.

«Біз Мемлекет басшысы бел­гілеген реформаларды іске асыру мақсатында топтасуымыз қажет. Еліміз үшін осы күрделі кезеңде ауызбіршілік танытып, Президент жақтастарының негізі бола білуіміз керек деп санаймын. Nur Otan партиясы – мемлекеттілігіміздің инсти­ту­ционалдық тірегі. Біз қо­ғам­дағы барлық конструктивті күш­тің топтасуын қамтамасыз етіп, бар ресурстарды жұмылдыра оты­рып, қоғамдағы тұрақтылықты сақ­тауға үлкен үлес қоса аламыз. Елдің дамуы үшін ең ма­ңыз­дысы – саяси тұрақтылық пен қоғам­дағы келісім», деді Асхат Оралов.

Ол Nur Otan, ең алдымен, қара­па­йым мүше­­лер­дің, яғни мұға­лімдер­дің, медицина қызметкер­лерінің, өнер­кәсіптік кәсіп­орындар жұмыс­шы­лары­ның және қарапайым партияластардың мүддесін қорғауға тиіс екенін атап өтті.

Nur Otan партиясының бас­ты мақ­саты – халықпен жұмыс жүр­гізу, проб­лемаларын білу және оларды шешу үшін жағдай жасау, билік пен халық­тың арасында конструктивті қарым-қатынасты қамтамасыз ету.

«Бүгінде Nur Otan-ға үлкен жауап­кершілік жүктеліп отыр. Сондықтан біз өз жұмысымызды қайта қарауымыз керек. Барлық партиялық органның, пар­тия­лық фракцияның, қоғамдық кеңестің, бастауыш партия ұйымының жұмыс тиімділігін арттыру қажет. Партияның бас­та­малары орта­лықта ғана емес, барлық жергілікті жерде көрініс табуы үшін партиялық құры­лымдардың бүкіл мүмкіндігін жұмылдырған жөн. Әсіресе бастауыш партия ұйымдарына басымдық беру керек. Біздің 4,5 мыңнан астам бас­тауыш партиялық ұйымымыз бар. Бұл – кез келген саяси партияның негізгі өзегі, оның нақты күші. Nur Otan-ға деген сенім дәл осы бастауыш ұйымдардан бастау алады. «Бастауыш ұйымдар» партиялықтардың пікір алысу, нақты проблемаларды шешу орнына айналуға тиіс. Белсенді емес, тиімсіз басшылардың орнына ашық жиналыс­тарда нақты беделі бар көшбасшылар сайлануға тиіс», деді Nur Otan-ның Атқарушы хатшысы.

Сонымен қатар Асхат Оралов Jas Otan жастар қанатының алдына бірқатар нақты міндет қойды. Оның айтуынша, жастарды партия айналасына біріктіру, нақты жұмыс істейтін «әлеуметтік лифтілер» құру маңызды.

«Бұл ретте Jas Otan-ға ерекше міндет жүктеледі. Ол формальды іс-шара­лардан бас тартып, жастардың барлық санатымен жұмысты жаңа форматта жүргізуі қажет. Jas Otan бел­сенді жастар мен үкіметтік емес ұйым­дарды жұмылдыру орталығына айна­луға тиіс. Бұл ұйымдаспаған және ауыл жастарына баса назар аудара отырып, күн сайынғы жүйелі ат­қа­­ры­латын жұмыс болуға тиіс. Осы ба­­ғыттағы жұмыстарға 500-ден астам адам­нан тұратын Жас депутаттар кор­­пу­сын тарту қа­жет», деп атап өтті А.Оралов.

Сондай-ақ ол филиалдардағы жұ­­мысқа азаматтық ұстанымы бар бел­сенді адамдар, ең алдымен Президент­тік жастар кадрлық резервінің, прай­ме­риздің, облыстардың, қалалар мен аудандардың резервтік пар­тиялық тізімдерінің қаты­су­шы­лары тартылуға тиіс екенін атап өтті.

«Сайлау алдындағы барлық мін­деттеме толық көлемде орын­далуға тиіс. Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде: «Партияның одан әрі өміршеңдігі сайлауалды уәде­лердің қаншалықты орындалатынына байланысты екенін түсіну керек», деді. Әрбір елді мекен бойынша 2021 жылғы өңірлік сайлауалды бағдарламалардың іске асырылуына талдау жасап, орындалу сапасына ерекше назар аудара отырып, нәтижелерін барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракциялар отырыс­тарында қарау керек», деді А.Оралов.

Сонымен қатар ол азамат­тардың өзекті мәселелеріне уақ­тылы ден қою, оларды тікелей эфирде талқылау тәжірибесін енгізу қажеттігіне назар аударды.

Оның пікірінше, мәсли­хат­тардағы партия фракцияларының отырыстары азаматтармен күн тәртібін алдын ала талқылай отырып, ашық өткізілуге тиіс.

Атқарушы хатшы тағы бір міндет ретінде мәслихат депу­таттарының сайлаушылармен есеп беру кездесулерін өткізуді тәжі­рибеге енгізуді және өзек­ті проб­лемалар бойынша, оның ішінде шалғай елді мекендер­де көш­пелі отырыстар ұйымдас­тыруды атады.

«Келесі аптадан бастап Мәжі­ліс депутаттары халықпен кездесу үшін өңір­лерге шығады. Ең алдымен, кез­десу­лердің ашықтығына баса назар аударған жөн, формализм бол­мауы қажет. Қабылдауға халық қа­лаулыларымен кездес­кісі келетін­дердің барлығын жазу керек. Жалпы, партияның қоғам­­дық қабылдау бөл­мелерінің жұмы­­сын күшейту қажет. Өңір­лер мен Респуб­ликалық қоғам­дық қабылдау бөлмесі сервистік модель аясында азамат­тардан келіп түскеннен бастап түпкі­лікті шешім шыққанға дейінгі өтініш­­терге мониторинг жүргізуі керек», деді Атқарушы хатшы.