Қазақстан • 15 Ақпан, 2022

Қақтығыс аймағында болғандар әлеуметтік мәртебе сұрайды

1226 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде «Ардагерлер туралы» Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенде одан құпия майдан жауынгерлері тыс қалды.

Қақтығыс аймағында болғандар әлеуметтік мәртебе сұрайды

Өткен ғасырдың сек­се­нінші жылдары Парсы шыға­на­ғында «Танкерлер соғысы» деген атпен тарихқа енген шайқас туралы мәлімет көп айтылмайтын-ды. Дін­дес елдер ара­сындағы шайқасқа КСРО-ның қа­тысы да жария етіле бермейтін құ­пия болатын. Соғыстың басында Иран мен Иракқа қатысты «қа­таң бейтараптық» саясатын ұс­тан­ған Кеңес Одағы әскерінің са­пын­­дағы жүздеген қандасымыз әске­ри қақтығыстар аймағында болды. Со­лардың бірі – қызылордалық Бақытжан Жаханов. Ол 1986 жылы КСРО Әскери-теңіз флоты қата­ры­на ша­қырылып, Тынық мұхит фло­тының сүңгуір қайыққа қарсы «Мар­шал Шапошников» кемесінде әскери қыз­метін бастайды.

– КСРО Әскери-теңіз флотының 8-жедел эскадрилиясы құрамында Кеңес Одағының азаматтық кеме­ле­ріне конвойлық қызмет көрсет­тік. Құр­лық­­тағыдай емес, теңіздегі соғыс­тың өз ерекшелігі бар. Жерде жасалған ша­буылға бірден тойтарыс бере ал­ма­ған жағдайда бекініп, қарсылық көрсетуге болады ғой. Ал су бетінде мұндай мүмкіндік жоқ. Бес айға дейін жер көрмеген кезіміз бар. Ал­ғашқыда бір-бірімен аңдысып тұр­ған қос тарап кемелерінің жанынан өтуге жүрексінгенімізбен кейін үйреніп кеттік, – дейді кейіпкеріміз.

Еліміз бойынша әскери борышын Парсы шығанағында өтегендер саны жүз қаралы. Осылармен қатар Анголадағы соғыс сарбаздарының да әлеуметтік мәртебесі айқындалмай келеді. Соңғы жылдар бедерінде тиісті министрліктерге хат жолдап келе жатқан Бақытжан Жаханов жаңа заң бойынша ардагерлер санатына енгізілгендерден бұлар­дың еңбегі бір мысқал да кем еместігін айтады. Бұлар да бұрынғы КСРО-ның үкiметтік орган­дары шешiмдерiне сәйкес басқа мемлекеттердiң аума­ғын­дағы ұрыс қимылдарына қатыс­ты.

– Мен жаңа заң бойынша ардагерлер қатарына кіріп отырған­дар­да «Алты аласым, бес бересім» жоқ. Заң талқыланып жатқан тұста азаматтық борышын Парсы шыға­на­ғында өте­ген Шығыс Қазақстан, Алматы об­лы­сындағы жігіттермен ақыл­да­сып, Қорғаныс, Еңбек және ха­лықты әлеу­мет­тік қорғау министр­­­ліктеріне, Сенат, Мәжіліс депутаттарына хат жаздық. Кілең бір-бірін қайталаған жауап шар­шатты. Тек бір мәрте Қорғаныс ми­нистрлігінен «талқыланып жатқан жо­баға енгі­з­іледі» деген мазмұнда хат келіп, үмітіміз оянып, қуанып қалған едік. Кейін «жаңа заңға ТМД-дағы мем­лек­етаралық келісімді орындап, Тәжік-Ауған шекарасында болғандар, Чехословакиядағы қақ­­ты­­ғысты реттеуге қатысқандар, бі­тім­герлер қатарында Ирак пен Таулы Қарабақта болған Қазақстан Республикасының әскери күштері қызметкерлері енгізілді» деген жауап әлгі қуанышымызды су сеп­­кен­дей басты. Тіпті жоғарыда отырған мамандардың кейбірінің Парсы шығанағындағы соғыстан бейхабарлығы таңғалдырды. Тиісті орындардың бұл мәселенің Ресейде қалай шешіліп жатқанын білгісі келетіні тіпті қызық. Оу, біз 30 жылдан бері тәуелсіз мемлекет емеспіз бе? Өзгелерге неге жалтақтай бере­міз? – дейді Бақытжан Темірбекұлы.

Қақтығыс аймағында болып, басын қа­терге тіккен жауынгердің ай­туын­ша, еліміз бойынша әскери-те­ңіз флоты теңізшілерінің қоғамдық ұйымы құрылмаған. Жағдайларын біліп, мерекелер мен атаулы күндер қар­саңында елеп-ескеріп жатқан тағы ешкім жоқ. Бұлар да кезінде бастарын қатерге тігіп, жауынгерлік мін­дет­терін адал орындады. «Ең­бе­­гі­мізді міндет қылғанымыз емес, бірақ жат жерде жанымызды шүберекке түйіп жүрген сол қатерлі күндердің өтеуі қайтса, тарихи әділеттілік қалпына келер еді» деседі «Танкерлер соғысын» бастан кешкен әскери-теңіз сарбаздары.

 

ҚЫЗЫЛОРДА