Алматыдағы №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасында ұйымдастырылған семинарға «Орфандық жүйке-бұлшықет кеселі бар пациенттерге желдетіп (вентиляциялық) көмек беру» тақырыбы арқау болды. Семинар тек оқыту, емдеуге ғана емес, сонымен қатар науқастарды оңалтуға да арналды.
Сирек кездесетін кеселді сапалы емдеу мәселелері талқыланған семинарды өткізуге Денсаулық сақтау министрлігі, Жүйке-бұлшықет ауруларының көпсалалы құзыреттілік орталығы, Астана медицина университеті, Қазақстан-Ресей медициналық университеті, №2 қалалық балалар клиникалық ауруханасы, «Өмірге сен» қоғамдық қоры және «Балалар неврологтері, нейрофизиологтер, психиатрлер мен психотерапевттер» қоғамы атсалысты.
Ресейдің Морозов атындағы балалар клиникалық ауруханасының анестезиология және реанимация жөніндегі бас дәрігерінің орынбасары, медицина ғылымдарының кандидаты Александр Николишин Қазақстан және Ресей дәрігерлері медицинаның жоғары технологиялар мен заманауи көмек көрсету әдістеріне қол жеткізуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын атап өтті.
Тұқым қуалайтын жүйке-бұлшықет аурулары (ТҚЖБА) генетикалық аурулардың үлкен тобы екенін атап өткен жөн. Бұл дерттің асқынып кету қаупі жоғары, ондай жағдайда науқастардың жағдайы нашарлап, өмірі қысқарып, тіпті оның салдары қайғылы жағдайларға жеткізеді.
Сондықтан мұндай пациенттерді басқарудың ең тиімді әдісі мультидисциплинарлық қолдау. Тыныс алуды қамтамасыз ету – ТҚЖБА бар науқастарды емдеу мен оңалтудың негізгі бағыттарының бірі.
Семинар барысында отандық мамандар, пульмонологтер теориялық білім мен тәжірибелік дағдыларға ие болды. Әрбір сессия пікірталас және талқылаумен өтті. Ең бастысы, дәрігерлер жұлын бұлшық етінің атрофиясы бар пациенттің мысалында тыныс алуды қолдау және қосалқы желдету аппаратын қолданды.
АЛМАТЫ